Көкшетау полицейлері қала тұрғындарына қоқыс тастау мен қоғамдық орындарда ішімдік ішу үшін жауапкершілік барын ескертті

Жаңалықтар
view 28
news

Фотосурет: дереккөз

Көкшетау қаласындағы Жедел басқару орталығының бейнебақылау камералары күн сайын қоғамдық тәртіпті бұзу деректерін тіркеп отыр, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ.

Әсіресе рұқсат етілмеген орындарға қоқыс тастау және қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдік ішу фактілері жиі анықталуда. Көп жағдайда құқық бұзушылар өз әрекеттерінің салдары туралы да, олардың камера бақылауына түсіп жатқанын да ескере бермейді.

Полиция қызметкерлері облыс орталығы көшелеріндегі жағдайды тәулік бойы сыртқы бақылау жүйелері арқылы қадағалайды. Анықталған құқық бұзушылықтар туралы ақпарат дереу патрульдік полиция жасақтарына жолданып, тәртіп бұзған азаматтар қолданыстағы заңнамаға сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

Жыл басынан бері Көкшетауда рұқсат етілмеген орындарға қоқыс тастаудың 150-ден астам фактісі анықталды. Сонымен қатар қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдік ішкені үшін 2 мыңға жуық азамат жауапқа тартылған.

Полицейлердің айтуынша, қоқысты белгіленбеген жерлерге тастау қаланың санитарлық жағдайына кері әсер етіп, аулалар, саябақтар мен көшелердің көркін бұзады. Бұл тұрғындардың орынды наразылығын туындатады.

Ал қоғамдық орындарда алкоголь ішу деректері жанжалдарға, қоғамдық тәртіптің бұзылуына, төбелес пен өзге де құқық бұзушылықтарға себеп болып жатады.

Құқық қорғау органдары тұрғындарды тазалық сақтауға, айналасындағыларға құрметпен қарауға және бейнебақылау камераларының тәулік бойы жұмыс істейтінін естен шығармауға шақырады. Кез келген құқық бұзушылық әкімшілік жауапкершілікке әкелуі мүмкін.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *