«Сәденов саған айтам, Асылов, сен тыңда!». Тоқаев екі ірі шендіге ескерту жасады
Фотосурет Ақорда
Президент Тоқаев Бас прокуратурада өткен кеңесте елде ірі саяси және конституциялық өзгерістер жасалатынын айтты.
Мемлекет басшысы цифрландыру мен жасанды интеллектіні қоғам өмірінің барлық саласында белсенді қолдану қажеттігіне тоқталды деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Президенттің айтуынша, елімізде заң үстемдігі мен қоғамдық тәртіпті бұлжытпай сақтау аса маңызды.
«Қазіргі әлемдегі күрделі ахуалды ескере отырып, біздің ұстанған бағытымыздың дұрыс екеніне еш күмән жоқ. «Заң және тәртіп» ұстанымы мемлекеттік саясаттың негізгі тірегіне айналуы тиіс. Осы қағиданы Конституцияның жаңа редакциясына енгізу қажет. Оны жүзеге асыруда прокуратура органдарына үлкен жауапкершілік жүктеледі. Прокурорлар заң бұзушылыққа ешқашан бей-жай қарамауы тиіс», – деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы құқық қорғау саласындағы цифрландыру жұмыстары жүйесіз әрі ретсіз жүргізіліп жатқанын сынға алды.
«Әрбір орган цифрлық жобаларды өз бетінше әзірлеп, бюджетті бейберекет жұмсауда. Кейбір мекемелер инновацияны тиімді қолданса, басқалары әлі күнге дейін нақты нәтиже көрсете алмай отыр. Мұны ашық түрде қаражатты талан-таражға салу деуге болады. Үкіметке осыған дейін енгізілген цифрлық жобалардың тиімділігін тексеруді тапсырамын. Барлық күштік құрылымдар үшін ортақ цифрлық экожүйе құрып, бірізді технологиялық стандарт енгізу қажет», – деді Президент.
Жеке деректер ашық-шашық жатыр
Тоқаев азаматтардың жеке деректерін қорғау мәселесіне де ерекше тоқталды.
«Жеке мәліметтердің таралып кету оқиғалары көбейіп барады. Азаматтардың дербес ақпаратын қорғауды тұрақты түрде, жүйелі негізде қамтамасыз ету қажет», – деді ол.
Президент киберқылмыспен күрес әдістерін қайта қарау керектігін айтты. Қазір елімізде онлайн алаяқтық қылмысының әрбір бесіншісі ғана ашылады. Бұл өте төмен көрсеткіш.
«Құқық қорғаушылар киберқылмысқа қарсы күресте алдын ала әрекет етіп, инновациялық тәсілдерді енгізуі қажет. Бұл мәселеде артта қалуға болмайды», – деді мемлекет басшысы.
Президент миграциялық бақылау саласын толық цифрландырудың маңызын атап өтті.
«Әлемде миграциялық қозғалыстар күшейіп келеді. Қазақстан осы жағдайда транзиттік хаб ретінде шетел азаматтары үшін тартымды елге айналып отыр. Сондықтан миграциялық бақылауды жаңғыртып, мониторинг жүйесін тез арада цифрландыруымыз қажет. Үкімет пен Ұлттық қауіпсіздік комитеті осы бағыттағы жұмысты жылдамдатсын», – деп тапсырма берді Президент.
Әлемжелідегі қауіпті контент
Тоқаев әлеуметтік желілерде деструктивті контент таратуға жол бермеу керектігін қадап айтты.
«Кейбір тұлғалар жасанды интеллектіні қолданып, қоғамды арандатып, адамдарды бір-біріне қарсы қоюда. Осындай заңға қайшы әрекеттерге жол беруге болмайды. Мұндай азаматтар тиісті құқықтық жауапкершілікке тартылуы тиіс», – деді ол.
Президент сөз соңында патриотизм туралы ойымен бөлісті.
«Патриотизм жай ғана ұран емес. Бұл ма, бұл қасиетті ұғымды ұлтшылдықпен шатастыруға болмайды. Шынайы патриотизм ел алдындағы жауапкершілік пен жасампаз еңбек. Отанды сүю деген қызметте мансап қуып, ұпай жинау емес, ел игілігі жолында адал еңбек етіп, нақты игі істермен айналысу», – деді Тоқаев.
Кеңес барысында Бас прокурор Берік Асылов, премьер-министрдің орынбасары, Жасанды интеллект министрі Жаслан Мадиев, Президенттің көмекшісі Қуанышбек Есекеев, ішкі істер министрі Ержан Сәденов сөз сөйледі.
Айтқандай, сарапшы Олжас Байділдиновтың пікірінше Қазақстанның үшінші президентін үлкен сынақ күтіп тұр. «Оған қазірден бастап экономика мен әр сала бойынша білікті команданы жасақтау өте маңызды», – деп ескертеді Байділдинов.Тоқаев Бас прокуратурада өткен кеңесте елде ірі саяси және конституциялық өзгерістер жасалатынын айтты.
Пікірлер (0)