«Сәйгүлік» қойылымы - тарихи жад пен сахналық өнердің тоғысқан тұсы

Жаңалықтар
view 48
news

Фотосурет: автордікі

Қазақ театры сахнасында тарихи-әлеуметтік тақырыпты жаңаша интерпретациялау үрдісі соңғы жылдары белең алып келеді. Соның айқын дәлелі 2025 жылдың 14 қыркүйегінде көрсетілген «Сәйгүлік» спектаклі. Бұл қойылым тек Табылды Досымовтың шығармашылық болмысын ғана емес, тұтас бір ұрпақтың рухани ізденісін сахнаға шығаруға талпынған еңбек ретінде ерекшеленді.

Табылды Досымов қазақ бардтық поэзиясының алғашқы өкілдерінің бірі, өзіндік стилімен ұрпақ жүрегін баураған тұлға. Оның әндері жалаң эмоция емес, поэзия мен философияның тоғысы. Сондықтан сахнаға оның өмірін шығару тек деректі әңгімелеу емес, рухани феноменді ашу міндетін жүктейді. «Сәйгүлік» осы тұрғыдан ізденістің жаңа белесін көрсетті.

Алғашқы сахнадан бастап Табылды (Амантай А.) мен Гүлайым (Жеңісова Г.) арасындағы нәзік байланыс көрерменді сезімге жетеледі. Олардың қарым-қатынасы жеке тағдырдың ғана емес, тұтас буынның арман-мұратының символына айналғандай әсер қалдырды.

Мансұр (Аханов Е.) бейнесі сахнаның ішкі драматургиялық өзегін күшейтті. Оның образында тек жеке қайшылық емес, сол дәуірдің адамдық пен құндылықтар арасындағы күресі айқын сезілді. Қазақ тарихында әрқашан ел мүддесін қорғағандар да, өз пайдасы үшін халықтың рухына қарсы шыққандар да болғаны жасырын емес. Режиссер Бидахмет Ә. Мансұр арқылы сол «ішкі сатқындықтың» трагедиясын сахнаға әкелгендей. Кейіпкердің таңдаулары жастардың азаттыққа ұмтылысына қарама-қарсы қойылып, халық сенімін шайқаған тарихи құбылыстарды еске түсіреді.

Арман (Жұмабек Е.) мен Боряның (Рахмашев Ш.) сахнаға енгізген жеңіл ырғақтары трагедия мен драманың арасында нәзік теңгерім орнатты. Арманның білімпаз болмысы мен уақыт өте келе ашылатын мінездік қырлары, сондай-ақ Боряның ойнақы қалжыңы мен сахналық серпіні көрерменді бірде ойлантып, бірде езу тартқызды. Бұл екі бейне достықтың шынайы келбетін көрсетіп қана қоймай, күрделі тарихи оқиғалар ортасында да өмірдің жарық бояулары жоғалмайтынын еске салғандай болды.

Қойылымның костюмдік шешімі де назардан тыс қалмады. Киім суретшісі Теміртас А. әр кейіпкердің образын даралап, олардың мінездік қырларын ашуға қызмет ететін шешімдер ұсына білді. Қара мен қоңыр-қызыл түстердің үйлесімі сахналық кеңістікті тереңдете түссе, студенттік өмірді бейнелейтін образдардағы қарапайымдылық пен ретро мәнер сол дәуірдің рухын айқындады. Әсіресе әрбір костюмнің қайталанбас стилі көрерменге әр кейіпкерді бөлекше есте сақтатты.

Спектакльдің хореографиясы жалпы ырғақтық тұтастығын күшейтті. Хореограф Жиренбаева Д. жетекшілігімен жасалған би қимылдары тек сахналық әсемдік қана емес, оқиғаның эмоционалдық қуатын арттыратын шешімге айналды. Актерлердің синхронды қозғалысы, кей тұстағы акробатикалық элементтер студенттік жастықтың сергектігін, еркіндікке ұмтылған рухын бейнеледі. Әсіресе топтық билер сахна кеңістігін толықтырып, көрерменге бір мезетте әрі музыкалық, әрі пластикалық экспрессияны сездірді.

Спектакльдің шарықтау шегі Желтоқсан оқиғасына арналған сахна. Бұл жерде студент жастардың алаңға шығуы, әділет пен бостандық іздеуі театр тілі арқылы ықшам да әсерлі бейнеленген. Режиссер сахналық кеңістікті барынша минималистік шешімдермен қолдана отырып, көңіл-күйді толық жеткізе алды: алаңдағы қалың үн, жүрек дүрсілі мен қарсылық рухы көрерменді сол бір тарихи мезетке жетелегендей. Жұмабаева А. орындаған вокалдық партия сахнаның эмоциялық арқауына айналды. Әннің жоғары регистріндегі таза интонациясы мен белтинг (belting) техникасына тән күшті дыбыстау көріністің драмалық қуатын арттыра түсті. Динамикалық өрлеу арқылы ол көрерменді біртіндеп шарықтау сәтіне жеткізіп, финалда жоғары ноталарды сенімді алып шықты. Бұл сахналық шешім арқылы спектакль тек тарихи оқиғаны көрсетіп қана қойған жоқ, сол дәуірдің рухани атмосферасын да толық сезіндіре білді.

Қойылым финалы символикалық шешімге құрылған. Қартайған Гүлайымның (Шакиржанова А.) және қызы Ханшайымның (Жұмабаева А.) диалогы - өткеннің бүгінге жалғасқан үні іспетті. Мұнда ұрпақтар арасындағы рухани сабақтастық терең сезілді: бүгінгі жастар Табылды есімін ұмытпай, оның шығармашылығын жүректерінде сақтап қалғандай әсер қалдырды. «Сәйгүлік» осы тұрғыдан алғанда жеке тағдырдан кеңірек, халықтың тарихи жадын сахналық тілде қайта жаңғыртқан қойылым болды.

Қорытындылай келгенде, «Сәйгүлік» қойылымы - тарихи жад пен сахналық өнердің тоғысқан тұсы. Режиссер Бидахмет Ә.-нің режиссерлік қолтаңбасы ұлттық тарихты сахнада жаңаша танытып, өткеннің үнін бүгінгі көрерменге жеткізе білді. Актерлік ойын, музыкалық-сахналық үйлесім, пластика мен бейнелік шешімдердің барлығы да бір мақсатқа қызмет етті: ұмытылғанды ұмыттырмау, рухты ұрпаққа аманаттау. Табылды Досымовтың шығармашылығы арқылы театр көрерменге тек эстетикалық әсер ғана емес, рухани жауапкершілікті де сезіндірді. «Сәйгүлік» — мәдени жадтың сахналық реконструкциясы, бүгінгі буынға жолданған үндеу ретінде бағаланады.

Нұрсая ҚАЙРАТ,

Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің 3-курс студенті, театртанушы

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *