Сарапшы Мақсат Жақау Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайдың маңызына тоқталды

Жаңалықтар
view 37
news

Фотосурет: дереккөз

Сарапшы Мақсат Жақау Қызылорда қаласында өткен Ұлттық Құрылтайдың бесінші отырысына қатысты пікір білдіріп, жиынның тарихи әрі саяси мәні ерекше болғанын атап өтті, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.

Оның айтуынша, билік эшалоны мен қоғам белсенділері тарихы сырға тұнған Сыр елінің астанасында бас қосып, ел тағдырына қатысты маңызды мәселелерді талқылаған.

Бүгін билік эшалоны, қоғам белсенділері Ұлттық Құрылтайдың бесінші отырысын тарихы сырға тұнған Сыр елінің астанасы Қызылордада бас қосты. Елдің тағдырына өлшеусіз із қалдырған қасиетті мекенде өткен бұл жиынның жөні бөлек. Себебі ашық форматта өтіп келген Ұлттық Құрылтайдың бұл ақырғы отырысы. Сыр елінде баяғыда Қарақұм құрылтайы өткенде, жоңғардың арынын қайтаруға сеп болған еді, бұл жолы да үлкен саяси бастамаға толы Құрылтайда келешегі нақты хәм түйіткілді қадамдар басталмақ..., - дейді саясаттанушы.

Сарапшы Құрылтай барысында елдің әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштеріне де ерекше назар аударылғанын айтады.

Есепсіз өтпейтін Құрылтайда, кешегі 2025 жылға тоқталды. Экономиканың 6,5 пайызға өскені, ішкі жалпы өнімнің 300 млрд доллардан асқаны, жан басына шаққандағы табыс 15 мың доллар межесінен өткені, ауыз толтырып айтқанға тұздық болды. Расымен, Қазақстан үшін ғана жетістік емес бұл, бүкіл Орталық Азия аймағы бойынша рекордтық нәтиже. Хош делік, - деп жазды ол.

Сонымен қатар, қаржылық тұрақтылықтың нығайғаны айтылды.

Қаржылық тұрақтылықтың нығайғаны, Ұлттық қор валюталық активінің 5 млрд долларға артуы, ал алтын қоры резервісінің 65 млрд доллардан асуы, астықтың рекордтық 27 млн тоннаны құрауы, шағын және орта бизнестің үлесі де 40 пайызға артуы – жылдар бойы ел экономикасының сыртқы сын-қатерлерге төтеп беру қабілетінің күшейгенін көрсетеді. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы, бұл жайлы егжей-тегжейімен қадап айтты. Дұрыс.

Әлеуметтік саладағы көрсеткіштер де оң динамиканы аңғартады.

Әлеуметі қалыпты елдің әлеуеті де орнығады. Халық саны 20,5 млн-ға жуықтаған, орташа өмір сүру ұзақтығы 75,4 жасқа жетсе, өмір сапасының біртіндеп жақсарып келе жатқанын аңғартады, бұл да әлеуметтік саясаттың тұрақтылығының бейнесі, - дейді ол. 

Сарапшының пайымынша, мұның барлығы жүйелі саясат пен дұрыс стратегиялық шешімдердің нәтижесі.

Сөзсіз, дер кезіндегі дұрыс стратегиялық мақсаттардың, жүйелі реформалар мен тұрақты саясаттың нәтижесі бұл. Көрмес тек түйені де көрмейді бұндайда. Бүгінгі Ұлттық Құрылтайдың маңызды месседжі алдағы саяси процестерге бай реформалар. Ал реформалардың барлығы бір ғана мақсатқа – елдің дамуына, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталмақ. Осыны ұмытпағай, - дейді сарапшы. 

Қорытындылай келе, сарапшы Қызылордада өткен Құрылтайдың ел болашағы үшін маңызды шешімдер қабылданатын алаң болғанын атап өтті.

Туған қаламыз Қызылордада өткен Құрылтайдың өзектілігі, тек елдің өткенін саралап қана қоймаған, болашағына айқын елдік шешімдердің басқосуы болғанын көрсетті. Лайым солай болғай, - деп түйіндеді сарапшы.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *