Ерлан Карин балаларды суицидке жетелейтін кітаптардың қала дүкендерінде сатылғанын айтты
Сурет: Ашық дереккөзден
Мемлекеттік кеңесші суицидтің алдын алу шараларына тоқталды. Ол Алматыда болған оқушылардың өлімін зерттей келе, трагедияның себебі тереңде болғанын айтты, деп хабарлайды janabastau.kz Todayinfo-ға сілтеме жасап.
Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин «Нартай Аралбайұлы» You Tube арнасына берген сұхбатында балалар арасындағы суицидтің бетін қайтару үшін жасалып жатқан шаруаларға тоқталды.

«Өкінішке қарай, өткен жылдың қыркүйек айында Алматыда қайғылы оқиға болып, екі бірдей оқушы, қыз бала өздеріне қол жұмсады. Өкінішке қарай, тергеу кезінде бұл балалар әлеуметтік желіде ықпалға түскені анықталды. Сол контентті әлеуметтік желіде басқа да балалар қолданып отырғаны белгілі болды. Содан кейін, әрине, қауіп туды. Бұл тек сол оқиғамен ғана шектелмей, басқа да оқиғаларға ұласып кету қаупі пайда болған. Бір жағынан мұны құқық қорғау органдары тергей бастады, біз өз тарапымыздан қабылдануға тиіс жедел шешімдерді ақылдаса бастадық. Сөйтіп Президент әкімшілігінің деңгейінде қарап, талқылап, шұғыл шаралардың жоспарын бекітіп, бір уақытта бүкіл ата-аналар комитетінің жиналысын өткіздік. Сол жиналыстарда осындай қосымшалар, аккаунттар бар екенін, балалар қолданатын гаджетте осындай контенттің бар-жоғын анықтап, сақ болу керектігін ескерттік. Тіпті екінші сыныпта оқып жүрген балаладың өздерінің планшеттерінен осыған ұқсас қауіпті қосымшалар табылды, — дейді Ерлан Қарин.
Ерлан Кариннің сөзінше, балалардың көбі қауіпті қосымшаларға заманауи кітаптар арқылы кірген. Олардың барлығы балаларды ойын арқылы баулап, кейін қатерге баруға итермелейтін болып шыққан. Оқушылардың өлімі шұғыл шешімдер қабылдап, ауқымды зерттеу жұмыстарын жүргізуге мәжбүрлеген.

«Кейбір қосымшалардың атауының өзі ағылшын тілінен аударғанда «ата-анадан қашып кету керек» деп жазылған. Бала оны ойын сияқты қабылдайды. Басында ойын деңгейінде баланы баурап, кейін балаларды ата-аналарына қарсы қояды. Жаңағы жағдайды зерттей келіп, өзіне қол жұмсаған балалар белгілі бір әдебиетті оқығаны анықталды. Біз сол кітапты іздестіріп, қаладағы кітап дүкендерінен осыған ұқсайтын тағы он шақты кітапты таптық. Мұқабасына, мазмұнына қарасаң, ешқандай қауіп жоқ секілді – махаббат туралы, жастардың арасындағы қарым-қатынас туралы сияқты көрінеді. Бірақ балалар осы кітаптарды оқып, басқа бір ойларға беріліп, ең соңында сол кітаптардың кейіпкерлеріне арналған қосымшаларына кіріп, ең соңында өздеріне қол жұмсағаны анықталды. Біз кітап дүкендерінен сол және мазмұны осыған ұқса кітаптарды айналымнан шығардық. Осылайша осындай әлеуметтік желі арқылы балаларымызға бағытталған астыртын әрекеттің жолын кесіп, эпидемияға айналуына жол бермедік, — деді Мемлекеттік кеңесші депутатқа берген сұхбатында.
Сондай-ақ, ол оқушылар көп жүретін орындарға орнатылған QR-кодтар көп мәселенің бетін ашқан. Кейбір балаларын өздерінің басындағы мәселені осы QR-кодтар арқылы хабарлаған. Мемлекеттік кеңесшінің сөзінше, бұрынғыдай 1000 балаға бір психолог емес, қазір 500 балаға бір психолог жауапты.

«Мәселе диагностикаға келіп тірелді. Осындай ойда жүрген балаларды анықтау үшін екі негізгі әдістемеге құрылған сауалнама жүргізіледі. Тура немесе жалпылама сұрақтар қою арқылы анықталады. Ойлана отырып, оқушылар жүретін орындарда арнайы психологиялық орталыққа қосатын QR-код орнату туралы шешім қабылдадық. Оның алдында бір жыл бұрын «111» байланыс телефоны қолданысқа енгізілген болатын. Ол кез келген жәбірленушіге арналған. 2023 жылдың қараша айынан 2024 жылдың қараша айына дейін сол нөмірге балалар 10 мың қоңырау шалған екен. Ал біз қойған QR- кодқа бір аптада 10 мың хабарлама түсті. Әрине, оның 80-90 пайызы әуестікпен жіберілген. Бірақ қалған 1000 қоңыраудың ішінде де шын қиын жағдайға түскен балалардан хабарлама алдық. Біз дереу сол балалармен хабарластық. Осындай шаралардың нәтижесінде өткен жылы алдыңғы жылдармен салыстырғанда балалар арасында өзіне қол жұмсау оқиғалары 17 пайыз төмендеді. Ол кезде елдегі 7 мың мектептің 2-3 мыңын қамтып үлгерген шығармыз. Биыл 7 мың мектептің бәрін түгел қамтып жатырмыз. Биылдың өзінде сол QR-кодтардың арқасында қиын жағдайда болған. Шешім қабылдаудың алдында тұрған 28 баладан хабарлама түсіп, 28 баланы құтқарып қалдық, — дейді Ерлан Қарин.
Ол ата-аналар балалардың тәрбиесін мемлекетке жүктеп қойғанын қынжыла айтты. Тіптен кейбір ата-аналар баларымен мүлдем жұмыс істемейді. Оған мысал ретінде, көрші бөлмеде дәрі ішіп, өмірімен қоштаспақ болған баланың әрекетін әкесі білмей, телефон шұқылап отырған.

«Жаңағы QR-кодқа бір бала қиын жағдайда тұрғанын, дәрі қолданғанын жазды. Ал көрші бөлмеде отырған әкесі оны білмеген. Инспектор бір минутқа кешіккенде, бәрі кеш болар еді. Әке-шешесі аң-таң болды. Көрші бөлмеде отырып, баласының осындай әрекетке дайындалып жатқанын білмеген. Барша баланың қасына бір-бір инспектор қою мүмкін емес. Сондықтан ата-аналар бұл жұмысқа кіріспейінше, тәрбие жұмысымен айналыспайынша, бұл проблеманы толықтай жеңу, шешу мүмкін емес. Мемлекет араласып, қабылдайтын мәселелердің шегі болады, — деді Карин.
Сонымен қатар, Мемлекеттік кеңесші депутатқа берген сұхбатында өзге елдің қаражатына бола өз Отанын жамандайтын топтардың барына да тоқталды.
Пікірлер (0)