Сәкен серінің сырлы әңгімелері сахналанды

Жаңалықтар
view 170
news

Қазақстанның халық жазушысы Сәкен Жүнісовтің 90 жылдық мерейтойына орай қаладағы мектеп-гимназияда «Сәкеннің сырлы әңгімелері» атты көркемсөз оқу шеберлерінің байқауы өтті. Оған Қосшы қаласы мен Тайтөбе ауылының 5-8 сынып оқушылары қатысты. Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, Қазақстанның халық жазушысы, прозаик, балалар жазушы сы, драматург, әдебиет сыншысы, қоғам қайраткері Сәкен Жүнісовтің туғанына торқалы тоқсан жыл толды. Сан қырлы талант иесі Сәкен Нұрмақұлы Жүнісов 1934 жылы 1 ақпанда қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Уәлиханов ауданы орталығы Кішкенекөлде, ұстаздар отбасында дүниеге келді. Ол – ел-жұртына кеңінен танылған, халықтың сері азаматы, қадірменді ұлы, шын мәніндегі халық жазушысы. Оның қаламынан шыққан әрбір еңбегі үнемі халықтың жүрегіне жол тауып, рухани асыл қазынасына айналып отыр. Ол әдебиет пен өнер шеберлерінің ішіндегі аса дарындыларының бірі екені сөзсіз. Байқауда бақ сынасқандар үшін әділ бағасын қойып, сыны мен сапасын таразылар қазылар алқасы тағайындалды. Олардың қатарында жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Толымбек Әбдірайым, Қосшы қаласы Тілдерді оқыту орталығының басшысы Әлия Қуатжанқызы және ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Серікбай Әбілмәжін сынды елге еңбегі сіңген азаматтар болды. Сахна төрінде өнер көрсеткен Қосшы қаласының мектеп оқушылары бірінен бірі өткен дарынды еді. Бірі әртістік қабілетімен ерекшеленсе, енді бірі дикция, мәнерімен озық көрінді. Ұлттық нақыштағы киімдері мен әшекейлері олардың сахналық образын, тіпті аша түскендей. Сәкен Жүнісовтің «Сақау бәтеңке», «Кімнің мекені жақсы», «Менмен балапан», «Сонарда», «Ақырғы бәйге» әңгімелерін оқушылар мазмұнын меңгеріп, жақсы жеткізді. Ал топтық сахналауда әңгіме диалогпен өрбіп, тіпті қызықты бола түсті. Әңгімені нақышына жеткізіп оқу бәйгесінен оза шапқандарды марапаттау үшін сахна төріне көтерілген жазушы Толымбек Әбдірайым: «Биыл 90 жасқа толып отырған Қазақстанның халық жазушысы,мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, көркемсөз шебері, замандастары «Сәкен сері» деп атап кеткен жазушы Сәкен Жүнісовтің құрметіне арналған бүгінгі шараның маңызы зор. Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады демекші, бүгінгі жиында балалардың әдебиетке деген қызығушылығы мен талаптарын аңғардық. Бұл тек балалардың ғана емес, жетекшілерінің де еңбегі. Балалардың талпынысы өте жақсы. Әдебиеті мықты елдің өзі де мықты болып қалыптасарына талас жоқ. Кейінгі жылдары әдебиетке, руханиятқа жақсы көңіл бөлініп жатыр. Бұл – көңіл көншітетін жайт. Сәкен ағаның көзі тірісінде араласқан едім. Жүрегі нәзік, талантты жан еді» деп жазушы туралы естеліктерімен бөлісіп, қатарынан оза шапқан мықтыларды марапаттады. 7-8 сынып оқушыларының арасынан талантымен дараланған Әжімгүл Орынбасар 3-орынды қанағат тұтса, Айдина Өтеғұлова 2-орынға лайықты деп танылды, ал 1-орынды Дильяра Қабдыбекова иеленді. 5-6 сынып оқушылары арасынан Ұланбек Байтолла 3-орын тұғырынан көрінсе, 2-орын дипломын Камила Иса алды, ал 1-орын А лина Жақсылыққа бұйырды. Топтық сахналық қойылымдар арасында ІТ мектеп лицейінен жасақталған екі команда 1 және 3 орынды жеңіп алса, 2-орынға «Сауран клаб» білім беру орталығының талантты оқушылары тұрақтады. «Толымбек ағаны Сәкен Жүнісовтің көзін көрген азамат ретінде Қосшы қаласына шақырған едік. Алтын уақытыңызды бөліп, қаламызға келгеніңіз үшін алғысымызды білдіреміз. Сіздің жазушы туралы айтқан естелігіңіздің біз үшін маңызы зор. Сіздер арқылы өскелең ұрпаққа қазақ әдебиетінің мықтыларын насихаттай жүруіміз керек деп білеміз» деп байқауға қонақ болып келген Толымбек Әбдірайым мырзаға Қосшы қаласы кітапханасының директоры Сымбат Бауыржанқызы алғысын айтты. Жарты ғасырға таяу шығармашылық өмірінде қазақ әдебиетінің өркендеп, өрлей түсінуіне өлшеусіз үлес қосқан Сәкен Жүнісовтің «Ақан сері» диологиясы, «Жапандағы жалғыз үй» «Заманай мен Аманай» романдары қалың оқырманынан да, әдебиет төрінен де биік бағасын алған. Оның қаншама шығармасы театр сахнасында қойылып, көрермен көзайымына айналды. Ал бүгін оқушылардың сүйсіне жаттап, нақышына келтіре оқыған әңгімелерінің бала бойында өр мінез, адамгершілік пен төзімділік, даналық пен батылдық сияқты асыл қасеиттерді қалыптастыруына тигізер үлесі мол. Гүлназ БИСЕН

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *