Тәлкекке түскен тағдырлар

Жаңалықтар
view 216
news

Кеңес әскерінің ауғанстан жерінен шығарылғанына 35 жыл. КСРО Компартиясы саяси бюросының шешімімен Кеңестер әскері 1979 жылы Ауғанстан Демократиялық Республикасы аумағына басып кіріп, жергілікті халық өкілдерінен құралған жасақтармен он жыл бойы соғысты. Әскери іс-қимылдарға 620 000 адам қатысты. Оның 15 000-ы қаза тауып, 417 адам ізім-қайым жоғалды немесе тұтқынына түсті. 53 753 адам ауыр жарақаттанды. 10 751 адам әртүрлі топтағы мүгедек болып қалды. 86 адам Кеңес Одағының Батыры атағын иеленді. Қазақстаннан Ауғанстан соғысына 22 269 адам барған. Олардың 924-і қаза тауып, 21 жауынгер хабарсыз кетті. 1988 жылы Женева келісімі негізінде Кеңес Одағы әскерін елге қайтара бастады. Ең соңғы кеңес жауынгері Ауғанстаннан 1989 жылдың 15 ақпанында шықты. Қазақ халқының қасіретті тарихының бір парағы ретінде бұл күн 2019 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен мерекелік және атаулы даталар тізбесіне енгізілді. Биыл Кеңес әскерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 35 жыл толды. Осыған орай Мәдениет үйінде салтанатты жиын өтті. Ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабділбар Көпжасарұлы Ауған соғысы ардагерлерін төл мерекесімен құттықтады.

Ол: «Соғыс ешқашан қарапайым халық үшін оңай соқпаған. Оның зияны мен зардабы көп. Қаншама жас қыршын кетті, қанша ана баласын жоқтап, зар илеп қалды. Соғыс алаңында ерен еңбек жасап, ерліктеріңізді көрсетіп, елге аман-есен жеткендеріңіз үшін қуаныштымыз. Бұл Отан алдындағы қасиетті борыштарыңызды қалтқысыз орындағандарыңыздың көрінісі. Сіздердің ерліктеріңіз кейінгі жастар үшін үлгі, өнеге. Әрдайым мақтан етіп, қаһарман, батыр деп құрмет тұтса екен»,- деп ізгі тілегін жеткізді.

Бұдан кейін «Кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 35 жыл» төсбелгісімен шараға қонақ болып келген Ауған соғысының ардагерлері Мұхтар Нұрхатұлы, Миржан Жаппарұлы мен Оралбай Лесұлын марапаттады. Өз кезегінде ардагерлер есте қалған естеліктерімен бөлісті.

Миржан Әлжанов: «1985 жылы әскери медицина факультетін бітіріп, әскери дәрігер мамандығын меңгеріп жүргенімде Сергей атты досым екеуіміз соғысқа сұранып, рапорт жаздық. Сол кезде кеудемізді патриоттық сезім кернеген болуы керек. «Жассыңдар» деп бетімізді қайтарғанымен, қайтпас қайсарлығымыздың арқасында бір ай дайындықтан өтіп, соғыс алаңына келдік. Минадан жарақат алушылар көп болды, қанды алаңның иісі әлі де мұрнымда. Еске алу өте ауыр. Қатарымызда жүрген қанша сарбаздан айырылдық. Сұм соғыс ешқашан болмасын деп тілеймін. Құрмет көрсетіп, шақырып отырғандарыңызға көп рақмет!», деп алғысын айтты.

Соғыс алаңына оқ-дәрі жеткізу қызметінде болған Оралбай Ентаевтың да айтар естелігі мол. «Әскери комиссариат арқылы жүргізуші куәлігіне оқыған едім. Оқуды бітіргеннен кейін бірден әскер қатарына алындым. Әскерде үш ай бойы бізді Ауғанстан соғысына дайындады. Оқ-дәрі, снарядтарды шекарадан Ауғанстанға жеткізіп отырдым. 1988 жылы қызметімізді толық орындап, елге оралдым. Үлкен құрмет көрсетіп, қонақ етіп жатқандарыңыз үшін алғыс айтамын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Туымыз көкте желбіреп, бейбітшілік заман болсын!», деп өткен күндерден естелігімен бөлісіп, елде тыныштық болуын тіледі. Кеш барысында Ардагерлер кеңесінің мүшелері, жергілікті өнерпаздар ән шырқап, күмбірлеген күйлерімен тәнті етті. Амангелді Ыдырысов өзінің төл туындысы «Луна, красавица, луна» әнін тарту етсе, Жаңбыршы Қожағұлов «Жігіттердің төресі» әнімен батырларды рухтандырып қойды. Ал Өміртай Айтжанов Нұрғиса Тілендиевтің «Әке туралы жыр» әнін шебер шырқап, Таңат Ереубай «Есіңе мені алғайсың» әнімен өткен күндерге саяхат жасағандай әсер қалдырды. Ризабек Кемеңгеровтің домбырамен шырқаған попурри әндері қазақтың ән өнерін биікке жеткізгендей. Қосшы қаласы Мәдениет үйінің өнерпазы ғасырлық тарихы бар барбыт музыкалық аспабымен күмбірлетіп, күй орындап бергенде, келген қонақтар таңғалысын жасыра алмады. Кездесу соңында «Бейбіт күн тілегі» әнін «Есіл-Нұра» тобы бір деммен орындап, әдемі әсер қалдырды. Тыныш заман үшін соғыс алаңында қан кешіп, тәуекел еткен азаматтар ел есінде мәңгілік. Көзбен көріп, көкірегімен сезінген ардагерлер соғысты еске алғысы келмейді. Оның зардабы көп, мұңы ауыр. Жойылсын жалғыз сөз «соғыс» деген, тек бейбіт күннің берекесі арта берсін.

Гүлназ БИСЕН

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *