Қосшы қаласында «Түйе палуан» ашық турнирі өтеді
Фотосурет Қосшы қаласы әкімдігінен алынды
Қосшы қаласының 4 жылдық мерейтойына орай ұлттық спорт түрі — қазақша күресті дәріптеу мақсатында ерлер арасында «Түйе палуан» ашық турнирі ұйымдастырылады, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Іс-шара 24 шілде күні сағат 15:00-де Қоғамдық мәдени-спорт кешенінің жазғы алаңында (Республика көшесі, 11) өтеді. Турнир жеңімпаздарына арналған жүлде қоры — 600 000 теңге.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, турнирге 18 жастан асқан, салмағы 74 келіден жоғары палуандар қатыса алады. Қатысушыларға қазақша күреске арналған арнайы кимононың болуы міндетті талаптардың бірі болып отыр.
Айта кетейік, «Түйе палуан» — қазақ күресіндегі ең ірі, ең ауыр салмақтағы балуанға берілетін ежелгі атау. Түйе — көшпелі жұрт үшін төзімділік пен қайраттың символы саналады. Сондықтан ауыр салмақта белдескен алып палуандарды халық «түйе палуан» деп құрметтеген. Бүгінгі таңда да бұл атау салмақ дәрежесі шектеусіз немесе жоғары салмақ санатындағы палуандардың мәртебесін айқындайды.
Ұлттық спортты кеңінен насихаттау және қала тұрғындарына мерекелік көңіл-күй сыйлау — турнирдің басты мақсаты. Сондай-ақ шара барысында заң мен тәртіп қағидатының сақталуына ерекше назар аударылады.
Турнирге тіркелу және қосымша ақпарат алу үшін +7 747 767 83 94 нөміріне хабарласуға немесе Instagram желісіндегі @alan_qosshyqalasy парақшасына жазуға болады.
Оқи отырыңыз


Пікірлер (0)