Төрт жылдың төрінде: Қосшы қаласы мерекесін қалай қарсы алады?

Қосшы жаңалықтары
view 127
news

Фотосурет janabastau.kz

Қосшы қаласы биыл өзінің төртінші туған күнін атап өтпек. Әр күні есеппен 1461 күнге татитын осы төрт жылда шағын қала талай тағдырды табыстырып, мыңдаған арманға мекен болып үлгерді. Елорданың іргесінде еркін тыныстаған Қосшы бүгінде жаңа дәуірдің жас көшбасшысына айналды, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі. 

Қала күні мерекесіне орай ұйымдастырылған мәдени, рухани, спорттық шаралар қаланың көркі мен рухын тағы бір мәрте айшықтай түспек.

Қылқалам мен әуен – мерекенің кіріспесі

21 шілдеде сағат 16:00-де Лесная поляна аллеясында «Сүйікті қалам, Қосшы!» атты суретшілер көрме-жәрмеңкесі ашылмақ. Қала табиғаты мен тұрғындарының тынысы кенеп бетіне көшіп, көпшілік назарына ұсынылады.

Ал кешкісін, сағат 19:00-де Қоғамдық мәдени-спорт кешенінің дала театрында ашық аспан астында концерт өтеді. Бұл кеш Қосшының алғашқы музыкалық үні, шаттық пен шынайы көңілдің мерекелік бастамасы болмақ.

Біріктіруші ой – TEDxQosshy

22 шілдеде сағат 16:00-де «1461 тәулік біргеміз!» атты TEDxQosshy конференциясы қала тұрғындарын ортақ ой алаңына жинамақ. Қаланың қалыптасу жолында тер төккен белсенді азаматтар мен түрлі саланың көшбасшылары болашаққа көз жүгіртіп, Қосшының ертеңін талқылайды.

Кешкі сағат 18:00-де сол алаңда «QOSSHY» ойын-сауық театрының және қаланың құрылуына арналған арнайы спектакль көрерменге жол тартады. Шағын сахнада үлкен қала тарихының сәттері қайта тіріліп, көрермен жүрегіне жол табады.

Ән кеші мен таңғы жүгіру

23 шілдеде сағат 19:30-да Қоғамдық мәдени-спорт кешенінің концерт залында дарынды әнші, халықтың сүйіктісі Асқар Мұқияттың «Сарыарқа» шығармашылық ән кеші өтеді.

24 шілде таңғы 7:00-де қала тұрғындары мен қонақтары «Alan» спорт кешенінің алдында жиналады. «KROSS – Салауатты өмір салты – 2025» марафонында төрт шақырым бойы Қосшының ауасын кеудеге тартып, салауатты өмірдің маңызын ұғынады.

Осы күні сағат 14:00-де «Түйе палуан» қазақ күресінен ашық турнир өтеді. Бұл – күш пен намыстың бәйгесі.

Кешкі 18:00-де қала орталығында «Кешкі жәрмеңке» ашылады. Қолөнер шеберлерінің туындылары мен жергілікті кәсіпкерлердің еңбегі көрмеге қойылып, қала көркіне көрік қосады.

Шәмші әнімен би билейтін Қосшы

25 шілде – Қосшы тарихында ерекше күн болмақ. Сағат 19:00-де Шәмші Қалдаяқовтың 95 жылдығы мен Қосшының төрт жылдығына орай қала тұрғындары Гиннестің рекордтар кітабына ену мақсатында Шәмші әндерінен 300 жұптық вальс билейді. Мектеп-гимназия алаңы вальс әуенімен тербеліп, Қосшының мыңдаған жүрегі бір ырғақпен соғады.

Күлкі мен әннің алаңы

26 шілде күні Республика көшесінде «Туған күніңмен, ҚОСШЫ!» атты республикалық жайдарман ойыны өтеді. Күлкі мен тапқыр сөздің шеруі қала мерекесінің шаттық шырайын арттырмақ.

27 шілдеде сағат 19:00-де «Туған күніңмен, Қосшым!» атты Open AIR концерт өтеді. Қала өнерпаздары мен танымал эстрада жұлдыздары бір сахнада бас қосып, мерекенің соңғы нүктесін шаттыққа бөлеп қояды.

Қосшының үні – тұрғындардың үміті

Қосшы тұрғындары да мерекеге байланысты ой-пікірлерін жасырмайды. Жас кәсіпкер Айжан Мақсатқызы қаланың төрт жылдағы қарқынын мақтан тұтады. Ардагер ұстаз Ермек Төлеуұлы Шәмші әніне мыңдаған адамның бірдей би билеуін елдің рухын өсіретін бастама деп біледі.

Қосшы әкімдігі қала мерекесі күндері тұрғындарды бірлік пен мәдениетті сақтауға шақырады. Өйткені Қосшы – әр жүректің ортақ үміті.

Қосшы – жаңа бастамалардың қаласы

Қала күні – тек мереке емес. Ол – өткенге салауат айтып, келешекке үміт тілеу. Қосшы төрт жылда бой түзеді, енді ой түзейді. Ендеше, Қосшының әр күні – жаңа бастау! 

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *