Тұрғындарды мазалайтын мәселе көп

Жаңалықтар
view 63
news

Қосшы қаласы әкімінің орынбасары Берген Жұмкейұлы тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Басқосуға қоғамдық кеңес мүшелері, мәслихат депутаттары да қатысты. Азаматтарды қабылдауы барысында қаланың тыныс-тіршілігімен байланысты сан түрлі сауалдар қойылып, ұсыныстар ұсынылды. Өтініш, арыз-шағым айта келген адамдар негізінен көп қабатты тұрғын үйді күтіп ұстау, жұмыссыздық, электр жарығы, ауыз су, сондай-ақ жеке кәсіпкерлікке қатысты сұрақтармен жүгінді. Барлық мәселелер мұқият тыңдалып, оларға тыянақты жауап беріліп, назарға алынды. Кездесуде көтерілген түйткілді проблемаларды шешу үшін тиісінше бөлім басшыларына тапсырмалар берілді. Сұрақтардың бірі – қаңғыбас ит-мысыққа қатысты. Бұл мәселе тұрғындарды көптен бері мазалап жүр. 2023 жылы Ақмола облысының ветеринария басқармасы өткізген мемлекеттік сатып алуы нәтижесінде Қосшы қаласында қаңғыбас хайуандарды аулау, зарарсыздандыру және қараусыздарын бірегейлендіру жұмыстарын «Қазшосқұрылыс» ЖШС жүргізетін болып бекітілді. Бүгінгі күні қала әкімдігі мен серіктестік арасында қараусыз хайуандарды вакцинациялауға, зарарсыздандыру, сәйкестендіруге, уақытша оқшауда ұстауға және аулауға қатысты 4 бағдарлама бойынша шарт жасалған. Бұл шарт 2023 жылдың 1 ақпанынан бастап күшіне енді. Одан бөлек, Кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің мамандары былтыр наурыз-сәуір айларында қала тұрғындары арасында үй хайуандарын асырауға жауапкершілікпен қарау, ит пен мысықты күтіп ұстау және серуендету талаптарын сақтау жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізгенін де еске сала кеткен жөн. Айта кетейік, Қосшы қаласында 2023 жылдың 12 айында 450 қаңғыбас ит ұсталған. Иттерді аулау жұмысы сала мамандарының тұрақты бақылауына алынған. 2024 жылы «Ақмола облысының ветеринария басқармасы» ММ қараусыз иттерді аулау бойынша бюджеттік бағдарламалардың бірыңғай әкімшісі болып анықталды. Қазіргі кезде 4 бағдарлама бойынша мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оның қорытындысы шығарылып, шарт жасалғаннан кейін конкурс жеңімпазы анықталады. Ақмола облысының ветеринария басқармасы жанындағы «Целиноград аудандық ветеринария станциясы» ШЖҚ МКК хатына сәйкес, Қосшы қаласында 2024 жылы қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау бойынша «Әлып» жеке кәсіпкерлігі қызмет көрсететін болды. Тұрғындар тарапынан шағымдардың көбеюіне байланысты белгіленген жеке кәсіпкерлік өкілдері құзырлы орган өкілдерімен бірлесе отырып, қаламызда қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулауды бастап кетті.

 Дәулет АСАУ

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *