Қосшы қаласының бас жоспары талқыланды

Жаңалықтар
view 300
news

2038 жылы қалада 150 мың адам тұрады деп топшыланып отыр. 13 ақпан күні Қосшы қаласы мәслихатының хатшысы Әлихан Қуатбековтің төрағалығымен тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысы өтті. Оны қалалық мәслихаттың депутаты Ерғали Ділдәбек жүргізіп отырды. Аталмыш жиында өңір дамуы мен тұрмыс-тіршілігіне қатысты бірқатар көкейтесті мәселелер қаралды. Абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалауға бөлінген бюджет қаражатын тиімді пайдалану жөнінде баяндаған қала әкімінің орынбасары Әсет Мұқанов 2023 жылы қалада балалар алаңын орнату үшін жалпы сомасы 184 891,9 мың теңге жұмсалғанын, ол бойынша 9 ашық мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізілгенін мәлімдеді. Соның нәтижесінде «Лесная поляна» тұрғын алабының № 2, 9, 10, 11, 12, 13, 13/1, 17, 22 үй аумақтарында ойын алаңдары орнатылған. Бұл жұмыстар 2004 жылы да жалғасын тауып, биыл облыстық бюджеттің қаржыландыруымен шағын ауданның № 4, 15 және 19 үйлерінде балалар алаңдарын орнату жоспарланған. Әсет Днесламұлы, сондай-ақ, су тасқынына қарсы ұйымдастырылып жатқан іс-шаралар туралы да есеп берді.

 – Жыл сайын Қосшы қаласының аумағында жеке тұрғын үйлер мен шаруашылық объектілерін көктемгі су басу қаупі бар күрделі жағдай қалыптасады. Қала орташа тәуекел дәрежесіне жатады. Азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің маңызды міндеттерінің бірі – халыққа төтенше жағдайлар қаупі немесе туындаған жағдайлары туралы атқарылған іс-шаралар барысын орталықтандырылған автоматтандырылған жүйе арқылы хабардар етіп отыру. Әйтсе де хабарлау жүйелерінің жетіспеушілігі тұрғындарды эвакуациялау мәселесіне кері әсерін тигізеді, – деді әкім орынбасары.

Оның айтуынша, сол себепті Астана қаласына іргелес елді мекендерді әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2025 жылға дейінгі Кешенді жоспарына сәйкес Қосшы қаласында халықты хабардар ету жүйесін құру көзделген. Осыған байланысты, қазіргі уақытта облыстық төтенше жағдайлар департаменті Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына 15.5 млн теңге сомасына өтінім берді. Бұл сома мақұлданған жағдайда бір қалалық басқару пульті мен бір сөйлеу құрылғысын сатып алу жоспарланған. Әрі қарай, 2025 жылы 2-3 сөйлеу құрылғыларын кезең-кезеңімен сатып алу көзделген. Алдын ала есептеулерге сәйкес, қала аумағына 8-10 бірлік көлемінде сандық форматтағы сөйлеу құрылғыларын орнату қажет. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдай іс-шараларына 2023 жылы жергілікті бюджеттен 48.4 млн теңге бөлінді. Былтыр 6 млн теңгеге жарақ-жабдық, сондай-ақ жанар-жағармай сатып алынды. 2024 жылы бұл мақсатқа шамамен 84 млн теңге бөлінеді. 63 адам және 35 бірлік техниканы құрайтын қаланың азаматтық қорғау қызметтерінің күштері мен құралдары құрылды. Сонымен қатар бизнестің корпоративтік әлеуметтік жауапкершілігі аясында «Александрит-ИВ» ЖШС-мен 600 тонна қайталама егіс және 300 тонна қиыршық тас беру, «РАХАТ» жеке кәсіпкермен ауыр техниканы тасымалдау үшін тралды және траншеяларды төсеу үшін аспалы «бар» техникасын беру, «Асқар Мұнай» ЖШС-мен жанар-жағармай беру туралы меморандумдар жасалған. Уақытша тосқауылдарды орналастыру үшін 270 тонна инертті материал бар. Одан бөлек, 2024 жылғы 12 қаңтарда төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссияның отырысында қала әкімі Гайдар Қабдоллаұлы лауазымды тұлғаларға жанар-жағармай материалдарын сатып алу немесе меморандумдар жасасу жолымен инертті материалдардың көлемін қосымша 5 тоннаға дейін ұлғайтуға тапсырма бергендігін айтып өту қажет. Сондай-ақ 5 дана мотопомпаны, мотопомпаларға арналған жеңдерді, 20 000 дана қапшықты сатып алуға, «шұғыл жұмыстарға арналған резерв» бағдарламасы бойынша қаржыландыру көлемін ұлғайтуға тапсырма берілді. 2022 жылы «Лесная поляна» шағынауданында еріген су жиналуын бұру үшін нөсерлі кәріз құрылғысы салынды, осылайша қауіп жойылды. Қазіргі күні қала аумағында 2 қауіпті учаске бар:1) су қабылдау станциясының ауданы; 2) Тайтөбе ауылындағы 3 шағын аудан.

 – Жергілікті халық пен тұрғылықты аумақтарды Нұра өзенінің тасқын суларынан қорғау мақсатында 2015 жылы станция учаскесінде шаруашылық тәсілмен қорғаныш жер білігі тұрғызылған. Ғимарат жобалау-сметалық құжаттамасыз, тиісті есептеулерсіз салынды. Енді бұл нысан иесіз қалып, қаланы су тасқынынан қорғайтын негізгі құрылыстың қазір қандай техникалық күйде екенін ешкім білмейді. Осындай жағдай Тайтөбеде де бар, ауылдың шетінде 2019 жылы ұзындығы 700 метр қорғаныш жер білігі тұрғызылды. Былтыр оған бюджеттен қаражат бөлінбесе де өз күшімен бұл үйін 500 метрге ұзартылды. Қазіргі уақытта жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлей отырып, қорғаныс бөгеттерінің күрделі құрылысын қарастыру қажеттілігі туындайды. Осыған байланысты жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу үшін жазбаша өтініш «Ақмола облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына» жолданды, – деді Әсет Мұқанов.

Қала аумағын су басу қаупінің алдын алу мақсатында қарды уақтылы шығару үлкен рөл атқарды. Қыс түскелі қала аумағынан 40 000 м3 қар тасымалданды, ал Тайтөбе ауылында бұл жұмыс ақпанның бірінші онкүндігінен басталмақ. Бұдан басқа, халық арасында су тасқыны кезінде қабылданып жатқан шаралар туралы парақшалар мен жадынамалар таратылып, үгіт - профилактикалық жұмыстар жүргізілетін болады.

 – Баяндамамның соңында су тасқынына қарсы жасалып жатқан барлық іс-шаралар адамның өмірі мен денсаулығын сақтауға, сондай-ақ төтенше жағдайлар кезінде халыққа келтірілетін материалдық шығындарды барынша азайтуға мүмкіндік беретінін атап өткім келеді, – деді қала әкімінің орынбасары Әсет Днесламұлы.

Қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау туралы Кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Еділ Қабыкенов әңгімелеп берді. 2023 жылы Ақмола облысының ветеринария басқармасы өткізген мемлекеттік сатып алуы нәтижесінде Қосшы қаласында қаңғыбас хайуандарды аулау, зарарсыздандыру және қараусыздарын бірегейлендіру жұмыстарын «Қазшосқұрылыс» ЖШС жүргізетін болып бекітілді. Бүгінгі күні қала әкімдігі мен серіктестік арасында 4 бағдарлама бойынша шарт жасалған: 034 бағдарлама – қараусыз хайуандарды вакцинациялау және зарарсыздандыру; 033 бағдарлама – қараусыз және қаңғыбас хайуандарды сәйкестендіру; 032 бағдарлама – қараусыз және қаңғыбас хайуандарды уақытша оқшауда ұстау; 010 бағдарлама – қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және зарарсыздандыру. Бұл шарт 2023 жылдың 1 ақпанынан бастап күшіне енді.

– Кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің мамандары былтыр наурыз-сәуір айларында қала тұрғындары арасында үй хайуандарын асырағанда жауапкершілікпен қарау керектігі туралы хабарланды. Ит пен мысықты күтіп ұстау және серуендету талаптарын бұзатын іс-әрекеттерге жол бермеу бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді,– дейді Еділ Қабыкенов.

Оның айтуынша, 2023 жылдың 12 айында 450 қаңғыбас ит ұсталған. Иттерді аулау жұмысы сала мамандарының тұрақты бақылауына алынған. 2024 жылы «Ақмола облысының ветеринария басқармасы» ММ қараусыз иттерді аулау бойынша бюджеттік бағдарламалардың бірыңғай әкімшісі болып анықталды. Қазіргі кезде 4 бағдарлама бойынша мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оның қорытындысы шығарылып, шарт жасалғаннан кейін конкурстың жеңімпазы анықталады. Ақмола облысының ветеринария басқармасы жанындағы «Целиноград аудандық ветеринария станциясы» ШЖҚ МКК хатына сәйкес, 2024 жылы қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау бойынша аумақта «Әлып» жеке кәсіпкерлігі қызмет көрсететін болды. Оның кеңсесі Целиноград ауданының Қоянды ауылында орналасқан. Қазір аталмыш кәсіпкерлікпен келіссөздер жүргізіліп жақан көрінеді. «Қосшы қаласының жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімі» ММ басшысы Асылан Таймасов жиынға қатысушыларды шаһардың бас жоспары жобасымен таныстырды. Ол жобаны әзірлеу барысында әкімдік мамандарымен және қала тұрғындарымен бірнеше рет кездесулер өткізілгенін атап өтті. Ол: – Бас жоспар жобасының негізгі мақсаты – қаланың әлеуметтік-экономикалық және аумақтық дамуының ұзақ мерзімді перспективаларын айқындау, оның жоспарлау құрылымын, функционалдық қала құрылысын аймақтарға бөлуді, қолайлы өмір сүру ортасын құруды қамтамасыз ететін инженерлік және көлік инфрақұрылымдарының қағидаттық шешімдерін қалыптастыру болып табылады,– дей келе, аталмыш құжатта келесідей жобалық кезеңдер қабылданғанын жеткізді: жобаның бастапқы әзірлігі 2023 жылдың 1 қаңтарында жасалып, құрылыстың алғашқы кезегі 2030 жылға жоспарланған, ал толықтай жүзеге асырылу мерзімі 2038 жылға есептелген. Қосшы қаласының халқы 2023 жылдың 1 қаңтарындағы есеп бойынша 52 мың адамды құрады. Бас жоспарда халықтың алдын ала жобалық саны айқындалған, ол бойынша: бірінші кезекте –107 мың адам; есептік мерзімде 150 мың адам тұрады деп шамаланған. Шаһардың бас жоспарының жобасында селитебті, рекреациялық және өндірістік-қойма аймақтарын одан әрі дамытуға арналған жаңа аумақтар көзделген. Жеке тұрғын үй құрылысы аумақтарын дамыту үшін қаланың оңтүстік және батыс бөлігінде, сондай-ақ шығысында жалпы ауданы 996 га алаңдар қарастырылған. Көп пәтерлі (2-3 қабатты) тұрғын үй кешендері қаланың қазіргі бөлігінің сыртқы жақтарында және солтүстік-батыс, оңтүстік-батыс бөліктерінде (реконструкциялау және тығыздау жолымен) жалпы алғанда 121 га ауданды қамтиды. 4-5 қабатты тұрғын үй кешендері қаланың солтүстік және батыс бөлігінде жалпы алғанда 178 га аумақта орналаспақ. 4-9 қабатты тұрғын үй кешендері үшін қаланың солтүстік бөлігі мен Абай және Республика қиылысында жалпы алғанда 66 га аумақ қарастырылған.  Бас жоспарда өндірістік және коммуналдық кәсіпорындарға арналған алаңдар, сондай-ақ қаланың солтүстік-батыс бөлігінде индустральды аймақ құру ойластырылған.

 – 2038 жылға дейінгі кезеңде қаланың селитебті аймағын дамыту үшін қазіргі кезде елді мекеннің орталық және батыс бөліктеріндегі бос аумақтарды игеру керек. Халықтың 150 мың адам санына сәйкес мәдени-тұрмыстық қызмет көрсету, білім беру және денсаулық сақтау объектілерінің қажетті көлемі және әртүрлі бизнес объектілері үшін аумақтар қарастырылған. Осыған орай 18 жаңа балабақша, 7 жалпы білім беретін мектеп, жалпы көлемі 20 га құрайтын денсаулық сақтау мекемелері қаланың барлық жерлеріне орналастырылған, – деді Асылан Исағалиұлы.

Сондай-ақ Қосшы қаласының бас жоспарында рекреациялық аймақтарды дамыту, қолданыстағы саябақтар мен жаяу жүргіншілер желекжолдарын абаттандыру, ал кіреберіс бөлігінде балалардың ойын және спорт объектілері бар демалыс ойын-сауық саябағын қалыптастыру көзделген. Жалпы көлемі 132 га құрайтын рекреациялық алаңдар жобаланған. Атап айтқанда, шаруашылық-ауызсумен жабдықтау жүйесі (жаңа су тазарту құрылғылары мен су құбырларын салу); су бұру жүйесі (жаңа кәріздік тазарту құрылыстары мен коллекторлар салу); электрмен жабдықтау жүйесі (жаңа қосалқы электр станциясы мен ЭБЖ құрылысы); жылумен жабдықтау жүйесі (перспективада жаңа қалалық қазандық пен жылу магистралін салу); газбен жабдықтау жүйесі (газбен жабдықтаудың қажетті инфрақұрылымын салу); аумақты тігінен жоспарлау және инженерлік дайындық жүйесі (нөсер және еріген қар суларын бұруды қамтамасыз ету және жасыл екпелерді суару). Қосшы қаласының бас жоспарының жобасында инженерлік инфрақұрылымды схемалар көрсетілген: - ауыз сумен жабдықтау жүйесі; - су бұру жүйесін дамыту; -электрмен жабдықтау жүйесі; -жылумен жабдықтау жүйесі; -газбен жабдықтау жүйесі; - аумақты тігінен жоспарлау және инженерлік дайындық. Бастапқы жылы Қосшы қаласындағы көшелердің жалпы нақты ұзындығы 101 км құрады. Бірінші кезекте көше-жол желісінің ұзындығы артып, 302 км жетеді. Жобалық кезеңде көше-жол желісінің ауқымы ұзындығы 417 шамалайды деп топшыланған. Мұнан басқа, Қосшы қаласы мәслихаты тұрақты комиссияларының бірлескен отырысында сондай-ақ өкілетті органның бұған дейінгі жылдары қабылдаған бірқатар шешімдеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп, әкімдік жанынан құрылған жер комиссиясының құрамы бекітілді.

Дәулет АСАУ

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *