Шерзат сотында бес күдіктіден жауап алынды

Жаңалықтар
view 70
news

Сурет: Ашық дереккөзден

Талдықорғанда Шерзат Полат ісі бойынша өтіп жатқан сотта бүгін 9 күдіктінің бесеуі жауап берді. Олар оқиға орнына қалай барғанын және кімнің қандай әрекет жасағанын баяндады. Бұл туралы Janabastau.kz хабарлайды Orda.kz-ке сілтеме жасап.

Азамат Тоқтаубаев

Прокурор сотталушы Азамат Тоқтаубаевтың бұрынғы істері мен айғақтарына байланысты сұрақтар қойды.

Сотта белгілі болғандай, Тоқтаубаев бұған дейін төрт рет істі болған. Оның айтуынша, соңғы ісі бойынша (2024 жылы) ол үйқамақта отырған. Бірақ денсаулығына байланысты дәріханаға бару үшін сыртқа шыққанын айтып, заң бұзғанын мойындады.

«Пробацияда емес, үйқамақта болдым. Дәріханаға баруға мәжбүр болдым. Бұл үшін өкінемін», – деді ол сотта.

Ол уақытша ұстау изоляторында отырған кезде 7 жылға сотталғаны белгілі болды. Бұған дейін 2017–2018, 2022 және 2024 жылдары түрлі баптар бойынша жауапқа тартылған.

 Сонымен қатар, Азамат Тоқтаубаевтан неліктен тергеу кезіндегі жауаптарынан бас тартқанын сұрады. Ол бастапқыда дүкен маңында болғанын, бірақ төбелеске қатыспағанын айтты.

Алайда айыпталушы тергеу кезінде өзінмен бірге қамауға алынған Дархан Әскентайға қатысты жалған айғақ бергенін мойындады.

«Дархан жайлы қарама-қайшы жалған айғақ бердім. Себебі ол кезде Дарханға ашулы едім. Бізбен бірге жазаға тартылсын деп өзіммен бірге ала кеткім келді. Дарханның қатысы жоқ. Ол ешкімді ұрмады, қолында пышақ болған жоқ. Мен өтірік айттым, қазір қатты өкінемін», – деді Тоқтаубаев.

Думан Ысқақ

Іс бойынша бүгін сотта кәмелеттік жасқа толмаған сотталушы Думан Ысқақ жауап берді. Оның айтуынша, өзі төбелеске қатыспаған, тек ішімдік ішкен Нұрбол Тоқтаубаевты үйіне жеткізіп салу үшін көлікті айдап жүрген.

«4 қазан күні Нұрбол Тоқтаубаев хабарласып, ішіп алғанын айтты. Көлігін үйге жеткізіп салуымды сұрады. Біз «Эйфория» мейрамханасының алдында тұрғанымызда, Тоқтаубаевтың Әскентайды ұрып кеткенін естідік. Содан кейін дүкен жаққа бардық», – деді Думан Ысқақ.

Думан Ысқақтың айтуынша, дүкеннің алдында болған әңгімеде марқұмның әкесі Қаржаубаймен ақша туралы сөйлескен. Ол кезде Қаржаубай ақша Светлана деген әйелден түскенін айтқан.

«Сол жерде сөйлесіп, көлікке қайта отырдым. Төбелеске қатысқан жоқпын. Шерзаттың қайтыс болғанын ертесіне естідім. Маған тағылған ‘ауыр қылмысты хабарламады’ деген айыпты мойындамаймын», – деді сотталушы.

Оның айтуынша, полиция қызметкерлері оны жауап алуға 7 қазанда ғана шақырған. 

«Сондай-ақ, төбелес аяқталғаннан кейін Абзал Шынасылдың көлік маңында пышақты сүлгімен сүртіп жатқанын көрдім», – деді ол.

Еске сала кетейік, кәмелетке толмаған сотталушыға марқұмның әкесі Қаржаубай Нұрымов кешірім беретіндігін айтқан. Қазіргі кезде оған қылмысты хабарламағаны үшін айып тағылып отыр.

Нұрқияс Ілиясов

Бесінші сотталушы Дидар Қалиахмет бүгін жауап беруге дайын емес екенін айтты. Оның орнына алтыншы сотталушы Нұрқияс Ілиясов жауап берді.

Ілиясов сотта Ғайыпбаевтың мылтықты атып, қайта оқтап жатқанын көргенін айтты. Еске сала кетейік, бұған дейінгі төбелеске қатысты бейнежазбада Шерзат пышақталған соң Ғайыпбаев оны қорғауға тырысып жатқанда, белгісіз біреу мылтықтың сабымен ұрған сәт бейнеленген еді. Бүгін сол адам — Нұрқияс Ілиясов екенін өзі сотта мойындады.

«Біз жігіттермен дүкен алдында тұрған кезде біреу қоңырау шалды. Сол сәтте “Нұрбол Тоқтаубаевты біреу ұрыпты” дегенді естідім. Ал Дархан Әскентайды танымаймын. Дүкен алдына мән-жайды білу үшін барғанымда, Шерзат мені ұрып жіберді. Артынша Қаржаубай пышақ алып шықты. Сол кезде төбелес басталды. Біз оқ дауысын естідік. Мылтықты Ғайыпбаев Нұрғанат атты. Ол ‘Атамын! Өлтіретін боламын!’ деп айқайлады. Содан соң мен мылтықты оның қолынан тартып алып, мылтықтың сабымен ұрдым. Өйткені ол бірінші оқты ауаға, екінші оқты біз жаққа атты, ал үшінші оқты көз алдымда мылтыққа қайта салды», – деді Ілиясов.

Сот барысында адвокат Мейірман Шекеев сотталушының әлеуметтік желідегі парақшасында «Калашниковпен» түскен «Хутор» сипаттамасындағы суретке қатысты сұрақ қойған кезде, Ілиясов жауап беруден бірден бас тартты.

 

Шыңғыс Белғожаев

Шыңғыс Белғожаев мылтық атқан Нұрғанат Ғайыпбаевты ұру үшін барғанын, алайда шатасып Шерзатты ұрғанын мойындады, деп хабарлайды Orda.kz.

Күдікті Шыңғыс Белғожаев жауап бере бастады. Ол өзінде бәкі болғанын мойындады. Сонымен қатар, Белғожаев өз жауабында Қаржаубайдың қолынан пышақ көргенін айтты.

«Мен негізінен сол жерде мылтық атқан Ғайыпбаевты ұрамын деп барғанмын. Бірақ артынан бейнежазбада көрсетілгендей, шатастырып Шерзатты ұрып жібердім. Мылтықты төбелестен көлікке мініп кеткен соң, алыс жаққа лақтырып жібердім», — деп айтты Шыңғыс Белғожаев.

Сонымен қатар, Белғожаев көліктегі пышақты қорғану мақсатында қалтасына салып алғанын мойындады.

«Абзал пышақтап жібердім деп айтты. Бірақ кімді, қанша рет пышақтағанын білмеймін», — деді Шыңғыс Белғожаев.

Шыңғыс Белғожаев өзінің бұған дейін берген жауабымен толық келіспейтінін, тергеу кезінде қысым көргенін айтты. Үстіне жарақат түспегенін, өзін тергеушілер пакетпен тұншықтырғанын мәлімдеді. Оның бұған дейін қысым жайлы мүлде айтпағаны белгілі болды.

«Нұрбол маған өзін ұрып жібергенін, пышақпен адамдар жүргенін айтқан соң бәкімді салып шықтым. Нақты сөйлесу үшін бардық. Нұрболды салып алып, қайту болды мақсатымыз», — деді Шыңғыс Белғожаев.

Прокурордың пышақты тағы кімнің қолынан көрді деп сұрағанда Шыңғыс Белғожаев білмейтінін айтты. Шерзаттың кімнен қашқанын сұрағанда да, білмеймін деп жауап берді. Ал пышақ жарақатын алып, жерде отырған марқұм Шерзат Полатты неліктен ұрғанын сұрағанда:

«Мен шатастырып ұрдым. Мен сақалды, мылтық атқанды ұрайын деп барғанмын. Кейін бейнежазбадан көргенде Шерзатты ұрғанымды білдім», — деді Шыңғыс Белғожаев.

Кейін бейнежазба қойылды. Шыңғыс Белғожаев сол түні отырған Шерзатты тепкенін мойындады. Прокурор шатастырып алуы мүмкін емес екенін, Шерзаттың қызыл киімде, ал Нұрғанаттың басқа киімде екенін айтты. Анасының көзінше неге бұлай қатыгездік істегенін сұрағанда:

«Мен анасын байқамадым. Қараңғы болды. Иә, бейнежазбада барамын, тебемін. Ағасын ұрамын деп шатастырып, Шерзатты ұрдым», — деді Шыңғыс Белғожаев.

Шыңғыс Белғожаев Ғайыпбаевты ұрмағанын айтты.

«Олар мылтықпен, пышақпен шықпағанда мұндай төбелес болмайтын еді», — деді Шыңғыс Белғожаев.

Шыңғыс Белғожаев «Нұрқияс одан тартып алған мылтықпен басынан ұрып, талдырып тастады» деп бұрын жауап берген болатын. Прокурор сол жауабын оқыған соң, Шыңғыс Нұрқиястың екі рет мылтықтың сабымен Нұрғанаттың желке тұсынан ұрғанын нақтылады.

Шыңғыс Белғожаев бұған дейінгі жауабында бәкінің сабымен Шерзатты ұрғанын айтқан еді, осы жолы сот отырысында бәкімен ұрғанын мойындамайтынын айтты. Сотта Шыңғыс Белғожаевтың бұған дейін Шерзат Полатты бәкімен ұрғанын мойындаған бейнежазбасы көрсетілді.

Прокурор «Сізді достарыңыз Чика деп атай ма? Сондай лақап аты бар достарыңыз бар ма?» деген сұрағына: «Жоқ» деп жауап берді. Еске сала кетейік, кеше Нұрболат Тоқтаубаев Шыңғыс Белғожаевқа Чина деп хабарласқаны айтқан еді.

Адвокатқа жедел жәрдем

Осы отырыста жәбірленушілердің адвокаты Мейірман Шекеевтің жағдайы күрт нашарлап кетті. Сот ғимаратына жедел жәрдем келді  Адвокаттың қан қысымы көтеріліп кеткен көрінеді. Қазір жағдайы бір қалыпқа келді. Кейін адвокат сот отырысы қатысуын жалғастырды.

Равиль Сакиев

Айыпталушылардың бірі Равиль Сакиев оқиға түніндегі жайттарды баяндады. Сакиевтің сөзінше, сол түні ол досы Нұркияс Ілиясовпен бірге кафеде отырған. Сол жерде Азамат Тоқтаубаевқа видеоқоңырау шалып, оларды да шақырған. Кафеден шыққан соң дүкен алдына барған сәтте көпшілік жиналғанын көреді.

«Дархан жараланған еді, көп адам жиналып қалған. Біз сөйлесіп тұрған кезде төбелес басталып кетті. Нұрғанат сол жаққа кетті, мен де соңынан ердім. Біз барған кезде Шыңғыстың есікті тепкенін көрдім. Сол кезде Эльмира мені ұстап алып, басқа жаққа тартып әкетті», – деді Сакиев.

Сотта айтылғандай, Сакиев Нұрғанат Ғайыпбаевпен 2017 жылдан бері таныс болған. Тек амандасып жүретін таныстар болғанымен, сол түні Ғайыпбаев онымен сөйлескісі келіп, қолынан тартып әкеткен. Сөйтіп тұрған кезде жағдай ушыққан.

Сакиев атыс кезінде болған оқиғаларды да баяндады:

«Біреу мылтық атты. Оқ жерге тиді. Мен біреуге тиген шығар деп ойлап, сол жаққа бардым. Жүгіріп барсам, Нұрғанат мылтықты қайта оқтап жатқан екен. Ол тағы бір рет атты. Мен бөтелке лақтырдым, бірақ тимеді», – деді ол.

Оның айтуынша, ешкімнің қолында мылтық болмаған. Алайда кейін Нұрғанаттың қолында мылтық болып, қайта атқан. Сакиев мылтықты тартып алмақ болып жүгіріп, құлап түскен. Сол сәтте жанында Нұркияс болған.

«Тұрғанымда 15–20 метр жерде біреу жатқанын көрдім. Біреу "жедел жәрдем шақырыңдар!" деп айқайлап жатты. Нұрқияс мылтықпен ұрып жатты. Мен жақындап барып, Нұрғанатты тептім. Сол кезде Шерзаттың анасы айқайлап шықты. Мен оның үйден шыққанын түсіндім де, кетіп қалдым», – деді Сакиев.

Сакиевтің айтуынша, кейін "Мерседес" көлігіне отырып кеткен. Азамат пен Абзал көлікте болған, мылтық солардың жанында болған. Жолда Абзал біреуді пышақтап қойғанын айтқан. Артынша Сакиевтің анасы оған қоңырау шалып, өзін іздеп жатқанын естіп, полиция бөлімшесіне бармақ болған. Бірақ жолда полиция оларды тоқтатып, бір баланың қайтыс болғанын хабарлап, алып кеткен.

Сотта адвокат Мейірман Шекеев: «Ғайыпбаевқа пышақты кім салды деп ойлайсыз?» – деп сұрағанда, Сакиев: «Абзал, басқа кім?» – деп жауап берді.

Еске салайық, прокурор Равиль Сакиевке Нұрғанат Ғайыпбаевты пышақтады деген айып тағып отыр. Алайда Сакиев бұл айыпты жоққа шығарып, ешкімді пышақтамағанын, тек Нұрғанатқа соққы жасағанын айтты.

Соңғы екі күнде сотта тоғыз сотталушының алтауы жауап берді: Нұрбол мен Азамат Тоқтаубаевтар, кәмелетке толмаған Ысқақ Думан, Нұрқияс Ілиясов, Шыңғыс Белғожаев және Равиль Сәкиев. Ал Дидар Қалиахмет әзірге жауап беруге дайын емес екенін айтты.

Келесі сот отырыстары 21, 22 және 23 мамырға жоспарланған. Сот Равиль Сакиевтің жауабын тыңдауды жалғастырады, сондай-ақ Абзал Шынасыл мен Дидар Қалиахметтің жауаптары алынады.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *