Алматыдағы 3 адамның өмірін қиған жол апаты: тергеуде жаңа деректер белгілі болды

Жаңалықтар
view 20
news

Фото: zakon.kz, t.me / kris_p_almaty_kz

Алматы қаласының прокуратурасы әл-Фараби даңғылында адам өлімімен аяқталған ірі жол-көлік оқиғасына қатысты тергеудің жаңа мәліметтерін жариялады, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.

 

Қадағалаушы органның мәліметінше, үш адамның өмірін қиған апат бойынша қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің 345-1-бабы 4-бөлігімен қаралуда. Бұл бап көлік құралын алкогольдік мас күйде басқарып, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан жағдайларға қатысты. Аталған бап бойынша 7 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы, сондай-ақ өмір бойына белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру қарастырылған.

Сонымен қатар оқиғаға байланысты полиция қызметкерінің әрекетсіздігіне қатысты тағы бір қылмыстық іс тіркелді. Бұл іс Қылмыстық кодекстің 370-бабы 4-бөлігі 1-тармағы бойынша (ауыр зардаптарға әкелген қызметтегі әрекетсіздік) тергелуде. Аталған бап бойынша 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе шектеу жазасы, мүлкін тәркілеу және өмір бойына белгілі бір лауазымдарды атқаруға тыйым салу көзделген.

Прокуратураның хабарлауынша, қазіргі уақытта барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп, сараптамалар тағайындалған. Сонымен қатар бірқатар лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылған.

Тергеу жалғасып жатыр.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *