Степногор тау-кен-химия комбинаты 2026 жылы сирек жер металдарын өндіру көлемін 2 есе арттырады

Жаңалықтар
view 42
news

Фотосурет: primeminister.kz

 

Степногор тау-кен-химия комбинаты алдағы жылы өндіріс қуатын ауқымды түрде ұлғайтпақ. Кәсіпорын 2026 жылдан бастап сирек жер және стратегиялық материалдар өндірісін екі есеге арттырып, жылына 4 мың тонна өнім шығаруға шығуды жоспарлап отыр.

Биылғы көрсеткіш – 1916 тонна, ал 2027 жылға қарай өндіріс қуатын 6 мың тоннаға жеткізу көзделген. Бұл туралы Ақмола облысы әкімінің орынбасары Ернар Жаркешев мәлімдеді. Оның айтуынша, басты фактор – «Қазатомпром» тарапынан уран жеткізілімі көлемінің артуы болмақ.Ақмола облысы елдегі тау-кен металлургия өнеркәсібінің көшбасшыларының бірі болып қала береді.

Өңірдің үлесіне өңдеу өнеркәсібіндегі өндірістің шамамен жартысы тиесілі. Оның ішінде алтын құрамды кен мен концентрат өндіру көлемінің 50 пайыздан астамы Ақмола облысына тиесілі. Мәселен, өткен жылы бұл көрсеткіш 57,9% болса, 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында 50,9% құрады. Сала дамуына Altyntau Kokshetau, «Алтыналмас» және RG GOLD сияқты ірі алтын өндіруші компаниялар елеулі үлес қосуда, – деді Ернар Жаркешев.

Статистикалық деректерге сәйкес, 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында республика бойынша өндірілген Доре қоспасының 59,2%, ал өңделмеген алтынның 93%-дан астамы Ақмола облысына тиесілі болған. Бұл көрсеткіштер өңірдің саланың жетекші орталығы екендігін айғақтайды.

Жаркешевтің айтуынша, Ақмола облысында металлургияны дамыту мен жаһандық қосылған құн тізбектеріне ықпалдасу арқылы жоғары қайта өңдеу өнімдері өндірісін ұлғайтуға зор мүмкіндік бар.

Сонымен қатар, саланы одан әрі дамыту үшін геологиялық деректерді цифрландыру және оларды жасанды интеллект көмегімен жаңарту қажет. Бұл инвестициялық тартымдылықты арттырып, жер қойнауын пайдалану саласына жаңа жобаларды тартуға жол ашады, – деп атап өтті ол.

Степногорскідегі сирек жер металдарын өндіру көлемін екі есеге арттыру тек экономикалық нәтиже ғана емес, сонымен қатар Қазақстанның әлемдік нарықтағы стратегиялық орнын күшейтетін маңызды қадам болмақ. Өйткені сирек жер элементтеріне сұраныс жоғары технологиялық салалардың дамуымен бірге жылдан-жылға артып келеді.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *