Суицидке апаратын ең үлкен қателік – баланың сезімін жоққа шығару - психолог

Жаңалықтар
view 28
news

Фотосурет: Getty Images

Интернет қарқынды дамыған заманда балалар мен жасөспірімдердің санасы дағдарысқа ұшырап, өмірден ерте түңілуге бейім болып барады. Сәл қиындық көрсе, өз-өзіне қол жұмсай салудан тайынбайтын буын пайда болды. Қит етсе, жүйкесі тез сыр береді. Неге олай? Осы мәселені шешу жолдары қандай? Балалар психологы Жанар Мұратқызының жауабын оқып көріңіздер, деп жазады JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.

– Жанар Мұратқызы, соңғы жылдары балалар мен жасөспірімдер арасындағы өз-өзіне қол жұмсау әрекеттерінің қоғамды қатты алаңдатып отырғаны мәлім. Бұл мәселенің түп-тамыры неде деп ойлайсыз?

Иә, бұл өте өзекті әрі ауыр тақырып. Жасөспірімдер психикасы әлі қалыптасу үстінде болғандықтан, олар эмоциялық тұрғыда өте осал келеді. Суицидтік ойға әкелетін негізгі факторлар отбасындағы түсінбеушілік, мектептегі буллинг, құрдастар қысымы, жоғары талаптар, жалғыздық сезімі, интернеттегі теріс ықпал және психикалық денсаулық проблемалары. Көп жағдайда бала жеке мәселесін сырт көзге білдіртпей, іштей күресіп жүреді.

Әдетте ата-аналар баланың қандай мінез-құлқын байқағанда дабыл қағуы керек?

Суицидтік қауіптің бірнеше белгісі бар. Мысалы, бала кенет тұйықталса, бұрынғы қызығушылықтарынан бас тартса, ұйқысы мен тәбеті бұзылса, «ешкімге керек емеспін», «өмірдің мәні жоқ» деген сөздерді жиі айтса, бұл елеусіз қалдыруға болмайтын маңызды белгілер. Сондай-ақ интернеттен өз-өзіне қол жұмсау туралы ақпараттарды жиі іздеу, қауіпті суреттер салу, заттарды «бөліп беру» әрекеті де назар аударуды талап етеді.

– Ондайда алдын алудың ең тиімді жолдары қандай?

– Ашық қарым-қатынас. Үйде бала өзін қауіпсіз сезінуі керек. Ата-ана тыңдай білсе, бағаласа, эмоциялық қолдау көрсетсе, суицидтің алдын алудың ең маңызды тетігі – сол. Мектеп психологтарының жұмысы да маңызды рөл атқарады. Олар ерте скрининг жүргізіп, тәуекел топтарын анықтауы қажет. Үшіншіден, буллингке нөлдік төзімділік, психологиялық көмек орталықтарының қолжетімділігі, ақпараттық сауаттылықты арттыру сияқты қоғам деңгейіндегі шаралар жиі жүргізілуі керек. Сонымен қатар балаларға эмоцияларды басқару, стрестік жағдайда шешім қабылдау, көмек сұрау мәдениетін үйрету маңызды.

– Интернет пен әлеуметтік желілердің әсері туралы жиі айтылады. Бұл фактор шынымен соншалықты қауіпті ме?

Иә, цифрлық кеңістіктің ықпалы өте үлкен. Әсіресе жасөспірімдер арасында. Теріс ақпарат, қауіпті «челлендждер», аноним чаттар, деструктивті топтар баланың психикасына қысым жасайды. Сондықтан ата-аналар баласының интернеттегі әрекетін тотальды бақыламай, бірақ қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруы қажет. Контент сүзгілері, уақыт шектеулері, ашық әңгіме – негізгі құралдар.

Жасөспірімнің дағдарыс кезеңінде ата-ананың қандай қателіктерден сақтанғаны жөн?

Ең үлкен қателік баланың сезімін жоққа шығару. «Сенің мәселең түк емес», «басқаларда да қиындық бар» сияқты сөздер жағдайды ушықтырады. Екіншісі жазалау немесе ұрысу. Дәл дағдарыс кезінде балаға қолдау, сенім және түсіністік керек. Қажет болса, міндетті түрде психолог немесе психотерапевтке жүгінген жөн.

Сөз соңында оқырманға қандай кеңес берер едіңіз?

Балаларымыздың бойында эмоционалды тұрақтылық пен өмірлік дағдыларды дамыту біздің ортақ міндетіміз. Ешқандай бала «әлсіз» болғандықтан мұндай ойға келмейді. Ол жай ғана жалғыз қалғандықтан немесе көмекті қалай сұрауды білмегендіктен осындай тәуекелге барады. Сондықтан әр балаға қолдау мен жылулық қажет. Қиындықты бірге шешуге болатынын түсіндіру басты құндылық.

– Әңгімеңізге рақмет! 

Сұхбаттасқан Ерік ЕЛЕУСІЗ

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *