Сыбайлас жемқорлық – қоғамды тежейтін қатер

Жаңалықтар
view 34
news

Фото: opennews.kz

Сыбайлас жемқорлық – кез келген мемлекеттің дамуына тікелей қауіп төндіретін ең күрделі әлеуметтік құбылыстардың бірі. Ол экономиканың әлсіреуіне, мемлекеттік шешімдердің әділдігіне деген сенімнің жоғалуына, қоғам ішіндегі теңсіздіктің тереңдеуіне әкеледі. Қазақстан үшін де бұл мәселе өзектілігін жойған емес, сондықтан да жемқорлықпен күрес – мемлекет саясатының стратегиялық бағыты, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігінің тілшісі.

Жемқорлықтың негізгі себебі жүйедегі ашықтықтың жеткіліксіздігі, бақылау институттарының әлсіздігі және лауазымдық өкілеттіктерді жеке мүддеге пайдалануда жатқан секілді. Дегенмен соңғы жылдары Мемлекет басшысының бастамасымен мұндай тәуекелдерді азайту мақсатында мемлекеттік аппаратта бірқатар реформа жасалды: цифрландыру тереңдетілді, мемлекеттік сатып алулардың ашықтығы артты, қызмет көрсету процестері автоматтандырылып, адами фактор азайтылды. Бұл өзгерістер мемлекеттік органдардың жұмысына қоғам тарапынан бақылауды күшейтуге мүмкіндік берді.

Антикоррупциялық саясаттың маңызды бағыты – жауапкершілікті қатаңдату және жазаның бұлтартпас принципін енгізу. Соңғы жылдары жоғары лауазымды тұлғалардың жауапқа тартылуы мемлекеттік қызметшілерге нақты сигнал бергендей болды. Заңнан ешкім биік емес екенін түсіндіргендей болды. Сондай-ақ сот жүйесінің тәуелсіздігін арттыру, прокурорлық қадағалауды күшейту және тергеудің ашықтығы жемқорлықтың алдын алудың басты шарттарына айналды.

Жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру ұзақ мерзімді нәтижеге әкелетін тетік болса керек. Азаматтар құқықтық сауатты, жастар адалдық құндылықтарын бойына сіңірген кезде ғана жүйелі өзгеріс болады деп ойлаймыз. Мектептер мен жоғары оқу орындарындағы адалдық сағаттары, қоғамдық ұйымдардың бастамалары, ашық мониторинг алаңдарының жұмысы да осы бағыттағы маңызды қадамдарға жатады.

Оның үстіне экономикалық тұрғыдан алғанда да жемқорлық елеулі зиян келтіреді. Инвесторлар тұрақты әрі ашық нарыққа ғана қызығушылық танытады. Сондықтан бизнес пен мемлекет арасындағы сенімді арттыру, цифрлық бақылауды күшейту, рұқсат беру рәсімдерін қысқарту – таза экономикалық орта қалыптастыруға бағытталған шешімдер.

Қысқа қайырсақ, сыбайлас жемқорлықпен күрес – тек заңмен шектеу емес, қоғамның барлық мүшелерінің ортақ міндеті деп есептейміз. Әр азаматтың белсенді ұстанымы, мемлекеттік органдардың ашықтығы және әділдікке негізделген саясат қана Қазақстанды дамыған, әділ және сенімді мемлекетке айналдырады.

Лайым солай болғай.

Ғани АТЫМТАЙ

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *