Ұлттық қауіпсіздік: қауіп-қатерлер және қоғамдық тұрақтылықты қорғау тетіктері

Жаңалықтар
view 50
news

Фото: gov.kz

Қазақстан үшін ұлттық қауіпсіздік ұғымы тек шекараны күзетумен шектелмейді. Бұл – мемлекеттің тұрақтылығы, азаматтардың амандығы, экономиканың берік іргесі және қоғамның ішкі бірлігі. Қауіп-қатерлер күннен күнге күрделене түскен заманда ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету ел дамуының негізгі шарты болса керек, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігінің тілшісі.

Бүгінде қауіпсіздік саласындағы басты сын-қатерлердің қатарында геосаяси тұрақсыздық, ақпараттық кеңістіктегі гибридті шабуылдар, киберқауіптер, экономикалық тәуелділіктер және ішкі әлеуметтік теңсіздіктер бар. Әсіресе, ақпараттық қауіпсіздік – мемлекет үшін ең сезімтал бағыт. Өйткені жалған ақпарат қоғамды адастырып, сенім дағдарысын тудырады, әлеуметтік толқуларға да себепкер болуы мүмкін. Сол себепті сапалы ақпараттық саясат, медиа сауаттылық және ашық мемлекеттік коммуникация – ұлттық қауіпсіздіктің маңызды элементтерінің бірі.

Экономикалық тұрақтылық та қауіпсіздікпен тікелей байланысты. Өйткені әлемдік нарықтағы құбылмалы жағдай, шикізатқа тәуелділік және сыртқы экономикалық қысым елдің әл-ауқатына әсер етеді. Осы ретте өндірісті әртараптандыру, технологиялық даму және инвестициялық тәуелсіздік елдің стратегиялық қорғаныс қабілетін күшейтетін бағыттар.

Киберқауіпсіздік мәселесі де күн тәртібінен түспейді. Қазақтанның мемлекеттік базалары мен қаржы секторына жасалатын хакерлік шабуылдар көбейген сайын, цифрлық инфрақұрылымды қорғау тетіктері күшейтіліп келеді. Заманауи қорғаныс жүйелерін енгізуге, халықаралық серіктестік және отандық ІТ-мамандарды даярлау ісіне басымдық беру қажет деп білеміз.

Ұлттық қауіпсіздіктің тағы бір негізі – қоғамдағы бірлік пен тұрақтылық. Әлеуметтік саясаттың әділдігі, жастарды қолдау, қоғамдық диалогтың дамуы мемлекеттің ішкі беріктігін арттырады. Қоғам сенімі бар жерде сыртқы қауіп те әлсіз болады.

Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету стратегиялық басымдық болып қала береді әрбір адам және тұтастай қоғам үшін іргелі құндылық. Біздің қоғам заң мен тәртіп қағидаттарына негізделуі тиіс. Тек осылай ғана біз әділ, таза және қауіпсіз Қазақстанды біздің ортақ үйімізді құра аламыз, деген болатын Президент өз Жолдауында.

Қорыта айтқанда, ұлттық қауіпсіздікті тек арнайы органдарға жүктеп қоя салуға болмайды. Бұл мемлекеттің, қоғамның және әр азаматтың ортақ жауапкершілігі болса керек. Қауіп-қатерлер өзгерген сайын, қауіпсіздік жүйесі де үнемі жаңарып, күшейіп отыруы тиіс. Тұрақты мемлекет қауіпсіз қоғамнан басталатынын ұмытпасақ игі.

 Ғани АТЫМТАЙ

 

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *