Сыбайлас жемқорлықпен күрес енді ҰҚК-нің қолында
Сурет: eGov.kz
Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүйесінде түбегейлі өзгеріс болды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған жаңа жарлыққа сәйкес, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі (Antikor) таратылып, оның базасында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құрылымында жаңа қызмет құрылады. Бұл туралы Janabastau.kz хабарлайды.
Мемлекет басшысы 2025 жылғы 30 маусымда қол қойған жарлықта бұл қадам «мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыру» мақсатында жасалып отырғаны айтылған.
Жарлыққа сәйкес:
- Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік ҰҚК-ге қосылады;
- Оның орнында ҰҚК-нің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі атты жаңа ведомство құрылады;
- Ал агенттіктің саясат қалыптастыру және алдын алу бағытындағы бірқатар өкілеттігі Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне беріледі.
Сонымен қатар, Antikor Президентке тікелей бағынышты мемлекеттік орган болудан қалады – бұл мәртебе ресми түрде алынып тасталды.

«Қайта ұйымдастырылған агенттіктің алдын алу, мәдениет қалыптастыру сияқты бірқатар өкілеттігі Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне беріледі», – делінген жарлықта.
ҰҚК мен Мемлекеттік қызмет істері агенттігі енді бір ай ішінде қайта ұйымдастыруға байланысты барлық ұсыныстар мен жаңа құрылымның ережелерін Президенттің қарауына енгізуі тиіс.
Сондай-ақ Үкімет 2025 жылғы 1 қыркүйекке дейін заң жобасын әзірлеп, Мәжіліске ұсынуға міндеттелді.
Пікірлер (0)