Танк әскерлері күні

Жаңалықтар
view 19
news

Фото: Ресми дереккөзден

Қазақстан Қарулы күштерінде экипаждардың даярлығы заманауи ұрыс жағдайларына сай жетілдірілуде.

Бүгін, 15 қыркүйекте, Қазақстан Қарулы күштерінде танк әскерлері күні аталып өтуде. Бұл – қызметі бронды-танк техникасымен байланысты әскери қызметшілер мен ардагерлердің кәсіби мерекесі, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі

ҚР Қорғаныс министрлігі.
Атаулы күн тарихи оқиғамен байланысты. 1942 жылғы 15 қыркүйекте Шымкент теміржолының жас еңбекшілері майданға «Қазақстан комсомолдары» деген жазуы бар 46 Т-34 танкін тапсырған. Танк колоннасын жасақтауға арналған қаражат жинауға республика жастарының барлығы атсалысты.

Бүгінде танктер жалпыәскери ұрыстың маңызды элементтерінің бірі болып қала береді. Сонымен қатар ұшқышсыз ұшу аппараттарының, жоғары дәлдіктегі қарудың және заманауи барлау құралдарының кеңінен қолданылуы бронды техниканы пайдалануға деген тәсілдерді өзгертті. Оның тиімділігі көбіне жалпыәскери топ құрамындағы барлау, атыс және маневрлік құралдармен өзара іс-қимылға байланысты.

Қазақстан Қарулы күштерінің бронды техникасына техникалық қызмет көрсету және күрделі жөндеу жұмыстарын «Семей инжиниринг» АҚ жүзеге асырады. Орталық Азиядағы осы бағыттағы жалғыз кәсіпорын армия қару-жарағындағы бронды техниканың барлық түріне күрделі жөндеу жүргізудің толық техникалық және технологиялық циклін қамтамасыз етеді.

Қарулы күштерде танкистерді даярлауға ерекше көңіл бөлінеді. Экипаждың үйлесімді іс-қимылы, жауынгерлік машинаны кәсіби басқару және қойылған міндеттерді дәл орындау дағдылары сабақтар, оқу-жаттығулар мен әскери маневрлер барысында пысықталады.

Танк бөлімшелеріне офицерлер даярлауды Алматыдағы Құрлық әскерлерінің әскери институты жүзеге асырады. Ал кіші мамандар Гарнизонның оқу орталығында даярлықтан өтіп, қажетті кәсіби білім мен практикалық дағдыларды меңгереді.

 Танкистердің қазіргі заманғы даярлығы алдыңғы буындардың тәжірибесін жаңа тактикалық тәсілдермен және бронды техниканы қолдану әдістерімен ұштастырады. Әскери қызметшілер заманауи ұрыс алаңының талаптарын ескере отырып, атыс жүргізу, жауынгерлік машиналарды басқару және бөлімше құрамында іс-қимыл жасау дағдыларын жетілдіруде.

Дереккөз: ortcom.kz

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *