"TANYM-KIDS" балалардың зейінін ашады

Жаңалықтар
view 93
news

Әлеуметтік кәсіпкер Айнұр Аяшева жуырда Қосшы қаласында «Tanym kids» балаларды дамыту орталығын ашты. «Жанға жайлы кәсіп – рахатқа бөлеп, табыс әкеледі» деп түсінетін іскер келіншек бүгінде өзі түпкілікті сезінетін, анық-қанығын білетін істің шырайын келтіріп отыр.

Айнұр Әшімқызы алғашқы «Tanym kids» балаларды дамыту орталығын осыдан екі жыл бұрын «Лесная полянадан» шағын ауданынан ашқан. Ал бұл орталықтың филиал ретінде ашылып, жұмыс істеп жатқанына небәрі бір ай болған. Әйтсе де екі қабаттан тұратын білім мекемесінің 6 тобында бала саны жеткілікті, жұмыс қайнап тұр. Игілікті бастаманы іске асырған құрылтайшыны әңгімеге тартқан едік.

– Айнұр Әшімқызы, «Tanym kids» балаларды дамыту орталығын ашуға не түрткі болды?

– Ілімді толық меңгеруге, орталық ашуға бір жағдай әсер ететіні бесенеден белгілі. «Tanym kids» балаларды дамыту орталығының дүниеге келуіне ең бірінші себеп – ол менің қызым болды. Біз «Лесная полянаға» көшіп келгенде, қызым 3 жаста еді. Баламның сөйлеуі жас ерекшелігіне сай еместігін аңғарған сәттен бірден себеп-салдарын зерттеуге кірістім. Ұялы телефон мен интернетті шамадан тыс көп қолданудың әсерінен екенін анықтадым. Ол, әрине қазіргі қоғамның үлкен-кішісіне де дерт болып жабысқан смартфонның зияны. Содан бірден білікті логопед, дефектолог мамандарды, балалардың тіл мүкістігімен жұмыс істейтін орталықты іздей бастадым. Өкінішке қарай, қала бойынша балалардың тіл мүкістігімен жұмыс істейтін орталық таппадым. Мен өзімнің мамандығым ағылшын тілі пәнінің мұғалімі. Өз салам бойынша балабақша, дамыту орталықтарында 16 жыл жұмыс істедім. Сондықтан неге балаларды дамыту, түзету орталығын өзім ашпасқа деген ой келді. Бұдан бөлек, педагогика саласында жинақтаған тәжірибелерім маған үлкен септігін тигізді. Нәтижесінде «Tanym kids» балаларды дамыту, білім беру және түзету орталығы дүниеге келді.

- «Tanym kids» дамыту орталығына ата-аналардың сұранысы көп пе?

– Балаларды дамыту орталығын 2021 жылдың қыркүйек айында «Лесная полянадан» аштым. Ол кезде небәрі 20 шаршы метрді құрайтын аядай кабинетті жалға алып, бастадым. Ата аналардың сұранысы көптігінен балалар саны толып, бір айдан кейін кабинетке сыймайтын халге жетті, сосын екінші кабинет қостым. Біртіндеп орталыққа келуші балалар саны бұрынғыдан да арта бастады. Таңнан кешке дейінгі үзіліссіз сабақ кестесі. Енді қалыптасқан шығармашылық ұжым ретінде ғимаратты кеңейту қажеттігін түсіндік. Екі-үш айдың ішінде сұраныстың арқасында 2021 жылдың желтоқсан айында 140 шаршы метрді құрайтын орталықты аштым. Біз сапаға жұмыс жасадық. Осының арқасында және Қосшыда тұратын ата-аналардың сұранысы бойынша 400 шаршы метрді құрайты екі қабатты «Tanym kids» дамыту орталығының екінші филиалын аштым.

– Өзіңіз басқарып отырған орталық жайында кеңінен ақпарат беріп өтсеңіз. Жалпы, қазіргі таңда орталықта неше бала білім алуда?

– «Tanym kids» – білім мен әлеуметтік ортаға бейімделудің алғашқы сатысы. Мұнда бала өзіндік әлеуетін байқап, өзінің күш-жігеріне сеніп, баланың жан жақты дамуына ықпал жасайды. Дамыту және түзету орталықтың екі филиалында 120 бала білім алуда. Балалардың жас ерекшелігіне сай үлкен, орта және кіші 12 топтан құралған. 10 қызметкер бар, маман кадрлармен толық қамтылған, жоғары санаттағы бір мұғалім жұмыс істейді. Бүгінде орталықтағы дамыту топтарында «Ұсақ моторика», «Сурет салу», «Жапсыру және мүсіндеу», «Математикалық ұғымды қалыптастыру», «Ағылшын тілі», «Тіл дамыту», «Шешендік өнер», «Дене шынықтыру», «Хореография» сабақтары жас ерекшелігіне сай оқытылады. Сондай-ақ «Аспаздық күн» және «Эксперимент жасау» айын бір рет өтеді. Ең бастысы, тілінде мүкістігі бар балаларды топтық және жекелей оқытатын логопеддефектолог маманымыз жұмыс істейді. Сонымен қатар ата-ана мен балаларға арналған арт-терапия, тұзды бөлме бар. Тұзды бөлменің баланың денсаулығын, иммунитетін нығайтудағы рөлі ерекше.

– Алдағы жоспарыңызбен бөлісе аласыз ба?

– Біз ата-анамен тікелей жұмыс істеген соң, бірінші кезекте сол кісілердің талап-тілектерін ескереміз. Сұраныс бойынша дамыту орталығын балабақша ретінде үлкен ғимаратта ашсам деген мақсат арманым бар. Ол үлкен ғимарат заманауи үлгіде жабдықталған, балалардың жан-жақты шығармашылық дамуына, денсаулығын нығайтуға қолайлы болу тиіс. Онда спорттық секция, бассейн секілді барлық қажеттіліктер қамтылуы тиіс.

– Айнұр Әшімқызы, сұхбатыңызға көп рақмет, Еңбегіңіздің жемісін көріңіз!

Сөз соңы. Мектепке дейінгі шақ адам өміріндегі ең маңызды кезең болып келеді. Өйткені осы кезде баланың бойындағы табиғи дарындылық жан-жақты дами бастайды. Осы шақта балалармен анағұрлым етене араласып, жүйелі жұмыс жүргізілсе, жас өскіндердің дамуы соғұрылым нәтижелі болады дейді. Құрметті ата-ана, «Tanym kids» балаларды дамыту орталығына балаңызды бергіңіз келсе, 8775 667 6119 байланыс нөміріне хабарласыңыз.

Салтанат ЕСЕНҚҰЛОВА

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *