Тайтөбе ауылында мәдениет үйі ашылды

Жаңалықтар
view 203
news

Бүгін Ақмола облысының орталығынан шалғай орналасқан Тайтөбе ауылында Мәдениет үйі ашылды. Бұл туралы Janabastau.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды. Жаңа нысанның ашылу салтанатына Қосшы қаласының әкімі Гайдар Қасенов қатысып, тұрғындарды қуаныштарымен құттықтады.

– Бүгін Тайтөбе ауылы жаңа мәдени нысанмен толығып отыр. Енді ауыл тұрғындары ұлттық құндылығымыз бен мәдениетімізді насихаттайтын игі шаралардың куәсі болады деген сенімдемін, - деді әкім.

Жергілікті тұрғындар атынан Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Асылхан Бәйкенов сөз сөйлеп, ауыл тұрмысының жылдан-жылға жақсарып келе жатқанын айтып, алғысын жеткізді. Аталмыш шарада Қосшы қаласы Мәдениет үйінің қызметкерлері ән мен биден шашу шашып, өз өнерлерін көрсетті. Тайтөбе ауылдық мектебінің оқушылары мен ұстаздарының қолынан шыққан халықтық-қолданбалы өнер көрмесі ұйымдастырылды. Мәдениет үйінің ғимараты заман талабына сай жабдықталған, 150-ден аса орынды қамтиды. Мұнда балаларға домбыра, ән-би және қолөнер бағытындағы үйірмелер тегін қызмет көрсетеді. Сонымен қатар кітапхана, ауылдық полиция пункті, ветеринарлық мекеме жұмыс істейтін болады. Бұған дейін әкімнің халықпен кездесуінде бұл мәселе бірнеше рет көтеріліп, тұрғындар ауылда мәдениет ошағы болса деген өтініштерін айтқан еді. Бүгін міне, ауыл тұрғындарының сол талап-тілектері орындалып отыр.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *