Тіл – ұлттың рухани тірегі
Фото: Жеке мұрағаттан
Тіл – ұлттың жаны, халықтың тарихи жады мен рухани болмысының айнасы. Ана тілімізді ардақтау, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру және тіл үйренуге қолайлы орта қалыптастыру – баршамызға ортақ міндет.
Бүгінде тіл білу – заман талабы ғана емес, жаңа мүмкіндіктерге бастайтын маңызды құрал. Бірнеше тілді меңгеру арқылы адам өзге мәдениеттерді танып, дүниетанымын кеңейтеді, кәсіби және тұлғалық дамуына жол ашады. Ал мемлекеттік тілді құрметтеу – елге деген құрметтің, азаматтық жауапкершіліктің айқын көрінісі.
Тілдерді оқыту орталығы осы бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жүзеге асырып, тұрғындарға тіл үйренуге, білімін жетілдіруге және өзара мәдени байланысты нығайтуға мүмкіндік беріп келеді. Орталықтың әрбір бастамасы – тілге деген құрметті арттыруға және қоғамдағы тіл мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.
Осы орайда баршаңызды тіл үйренуге, ана тілімізді қадірлеуге және мемлекеттік тілдің дамуына өз үлестеріңізді қосуға шақырамын. Тілге деген сүйіспеншілік сөзбен ғана емес, оны күнделікті өмірде қолдану арқылы да көрініс табады.
Тіліміз тұғырлы, елдігіміз еңселі, бірлігіміз бекем болсын! Әр шаңырақта береке мен тыныштық орнап, еліміздің болашағы жарқын болғай!
Айнұр Оразханқызы Телқожаева
Тілдерді оқыту орталығы басшысы
Қосшы қаласы
Пікірлер (0)