ТМД миссиясы: Қазақстанда сайлауалды үгіт-насихат жүргізуге тең жағдай жасалған
Фото: Ашық дереккөзден
Барлық жеті партия үгіт-насихатты еркін жүргізуде – ТМД миссиясының аралық есебі
ТМД миссиясы сайлауалды науқанның өтуіне жасалған жағдайға оң баға берді
ТМД байқаушылары үгіт-насихат жұмыстарының тыныш әрі ұйымдасқан түрде өтіп жатқанын атап өтті
ТМД атынан келген халықаралық байқаушылар миссиясы Құрылтай депутаттарын сайлау бойынша сайлауалды науқанның тыныш әрі ұйымдасқан түрде өтіп жатқанын атап өтті. Миссияның аралық есебінде саяси партияларға жасалған жағдай мен үгіт-насихат жүргізу мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылған. Халықаралық байқаушылардың негізгі қорытындыларының бірі – сайлау науқанына қатысушыларға тең мүмкіндік берілуі.
«Миссияның пікірінше, партияларға кең мүмкіндіктер ұсынылып, үгіт-насихатты еркін жүргізу үшін тең жағдай жасалған», – делінген құжатта.
Байқаушылар саяси партиялардың заңнамада көзделген үгіт-насихат түрлерін еш кедергісіз пайдаланып отырғанын атап өтті. Сайлауалды науқанның едәуір бөлігі цифрлық ортаға ауысқан. Партиялар әлеуметтік желілерді, жеке интернет-сайттарын және басқа да онлайн платформаларды белсенді пайдаланып, сайлаушылармен тікелей байланыс орнату мүмкіндіктерін кеңейтуде. Телевизиялық формат та белсенді қолданылуда. Республикалық телеарналарда саяси партия өкілдерінің қатысуымен пікірсайыстар ұйымдастырылуда. Партиялардың халықпен тікелей жұмыс істеуі үшін де ауқымды инфрақұрылым қалыптастырылған. Жергілікті атқарушы органдар аумақтық сайлау комиссияларымен бірлесіп, жария сайлауалды іс-шаралар мен азаматтармен жеке кездесулер өткізуге 4 301 орын ұсынған. Сонымен қатар еліміздің барлық өңірінде баспа үгіт материалдарын орналастыруға арналған 8 153 орын белгіленіп, жабдықталған.
Сайлауға қатысушылардың өздерінің ахуалға берген бағасы да назар аударуға тұрарлық. Есепте саяси партиялардың сайлауалды штаб өкілдері ТМД байқаушыларына мемлекеттік органдар тарапынан үгіт-насихат жұмыстарына кедергі келтіру жағдайларына тап болмағандарын хабарлағаны айтылған. Медиасаланың да сайлау науқанына белсенді қатысып отырғаны байқалады. Сайлауалды науқанды ақпараттық тұрғыда жариялауға 442 баспа және электронды БАҚ, 350 интернет-басылым және онлайн платформалардың 101 пайдаланушысы ниет білдірген. Сонымен қатар заңнамаға сәйкес, саяси партияларға эфир уақытын және баспа алаңдарын тең шарттар негізінде ұсыну қарастырылған. Осылайша, ТМД миссиясының аралық есебінде қазіргі сайлауалды науқанның бірнеше маңызды ерекшелігі көрсетілген. Атап айтқанда, барлық тіркелген саяси партиялардың қатысуы, партия штабтары тарапынан үгіт-насихат жүргізуге кедергі келтіру фактілерінің тіркелмеуі, азаматтармен кездесулер өткізуге қажетті инфрақұрылымның болуы, сондай-ақ дәстүрлі және цифрлық коммуникация арналарының кеңінен қолданылуы атап өтілген.
ТМД миссиясы сайлаудың қорытынды бағасын 23 тамызда өтетін дауыс беруден кейін ұсынатын болады.
Пікірлер (0)