Торғайда балықтың жаппай қырылуы: мамандар дабыл қақты (ВИДЕО)

Жаңалықтар
view 208
news

Фотосурет: qaz-media.kz

Қазір әлеуметтік желілерде Қостанай облысының Жанкелдин ауданына қарасты Қарғалы елді мекенінен елді алаңдатар видеолар тарап жатыр. Кадрлардан өзен толы өлі балықтың жайрап жатқанын көруге болады. Әзірге нақты қанша балықтың қырылғаны белгісіз. Бұл жөнінде ресми қорытынды мен толық сандық есеп әлі жарияланған жоқ. Ал мамандардың айтуынша, экологиялық тұрғыдан бұл өте қауіпті әрі елді алаңдатуға тиіс хабар, деп жазды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.

Елдегі гидрология және су ресурстары саласы, өзен ағысының өзгеруі, су жүйелерін басқару және оларды климаттың өзгермелі жағдайларына бейімдеу мәселелерін зерттеп, оны шешуге зор үлес қосып жүрген инженер-гидролог Марат Молдахметов Торғайдағы бұл құбылыстың жақсылықтың нышаны емес екенін жеткізді. Оның айтуынша, балықтың жаппай қырылуы – табиғатта сирек кездесетін, негізінен өзен суы сапасының күрт өзгергенін, экожүйедегі табиғи тепе-теңдіктің бұзылғанын білдіретін үнсіз дабыл.

Радонды су – көзге көрінбейтін, бірақ қауіпті фактор. Алдын ала болжамдар мен жергілікті жағдайды талдау нәтижесі бойынша, балықтың қырылуына радонға бай жерасты суларының өзенге қосылып кетуі себеп болуы мүмкін деген күдік бар. Мұндай су көздері бұрын қауіптің алдын алу мақсатында бетонмен бекітілген. Алайда уақыт өте келе минералдануы жоғары, химиялық тұрғыдан агрессивті жерасты сулары бетон құрылымын әлсіретіп, жарықшақтар пайда болған. Соның салдарынан бұрын оқшауланған су жылғалар арқылы қайтадан өзенге қосылған болуы ықтимал. Бұл – көзге бірден байқалмайтын, бірақ салдары ауыр экологиялық процесс, - дейді маман.

Еске сала кетсек, радон – иіссіз, түссіз радиоактивті газ. Бірақ оның зияны тек радиациялық әсермен шектелмейді. Радон көбіне терең, оттегі аз, газға және тұздарға қаныққан жерасты суларының көрсеткіші саналады.

Радонға бай жерасты суы өзен суымен араласқанда, бірқатар қауіпті физика-химиялық процесс іске қосылады:

- суда еріген оттегінің мөлшері күрт төмендейді;

- көмірқышқыл газы, кей жағдайда күкіртсутек (H₂S) бөлінеді;

- судағы химиялық тепе-теңдік бұзылады, pH өзгереді;

- аммоний улы аммиакқа (NH₃) айнала бастайды;

- темір мен басқа элементтер тотығып, тұнба түзіп, балықтың желбезегін бітейді.

Осының бәрі өзенде «газдық және химиялық шок» тудырып, тірі ағзалар үшін қолайсыз орта қалыптастырады, - дейді Марат Молдахметов.

Осы орайда ол радонды судың балық популяциясына тигізетін зиянына да тоқталды. Айтуынша, балық – су экожүйесінің ең сезімтал индикаторы, сондықтан алғашқы соққыны дәл осы тіршілік иелері алады. Сондай-ақ ластанған судың мал-жанға да қаупі орасан.

Радонды және газға қаныққан су қосылған жағдайда:

- алдымен уылдырық пен шабақтар жойылады;

- өзен түбіне жақын тіршілік ететін, баяу қозғалатын балықтар қырылады;

- тірі қалған балықта стресс, көбею қабілетінің төмендеуі, ауруға бейімділік артады.

Бұл – бір маусымға ғана созылатын шығын емес, популяцияның бірнеше жылға артқа шегінуі, өзеннің биологиялық әлсіреуі. Мал мен адам үшін қауіп. Өзен суы – ауылдық жердегі мал үшін негізгі су көзі. Радонды су араласқан өзеннен су ішкен малда асқазан-ішек жолдарының бұзылуы, созылмалы улану белгілері, иммунитеттің әлсіреуі байқалуы мүмкін. Адам үшін радонның ең қауіпті жолы – булану арқылы тыныс жолына түсуі. Өзен жағасында жиі болатын адамдар, балықшылар, балалар үшін ұзақ мерзімді әсер: тыныс алу жүйесіне салмақ түсіреді, онкологиялық тәуекелдің артуына әкелуі мүмкін. Бұл бүгін емес, ертең көрінетін қауіп, – деп ескертті ғалым.

Демек, мұндай дабылды жағдайда Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар шұғыл әрекет ету режиміне көшуге тиіс. Экология, су ресурстары, санитарлық қызмет, балық шаруашылығы және төтенше жағдайлар органдары бірлескен штаб аясында жұмыс істеуі қажет. Маманның айтуынша, алғашқы кезеңде қауіпті су көздерін уақытша оқшаулау, өзенде аэрация жүргізу, халыққа су пайдалануға қатысты ескерту жасау міндетті.

Журналистер мен блогерлер де бейжай қалмауы керек. Олар дүрбелең қылмай, жауапкершілік талап ететін қоғам үнін қалыптастыруға тиіс. Көп жағдайда, дәл осындай қоғамдық бақылау арқылы экологиялық апаттардың алдын алуған болады. Жедел қауіп тоқтатылғаннан кейін гидрохимиялық, радиологиялық, гидрогеологиялық зерттеулер жүргізілуге тиіс. Бұл жұмыстар асықпай, бірақ жүйелі түрде, тәуелсіз мамандарды тарта отырып орындалуы қажет. Зерттеу нәтижесіне сүйене отырып, қауіпті жерасты су көздері қайта герметизацияланады, агрессивті ортаға төзімді материалдар қолданылады, дегазация және аэрация жүйелері орнатылады, тұрақты экологиялық мониторинг енгізіледі. Тек содан кейін ғана балық популяциясын қалпына келтіру шаралары жүзеге асырылады, – дейді Марат Молдахметов.

Оның айтуынша, Торғай өзен алабындағы жағдай – бір ауылдың ғана мәселесі емес, тұтас далалық өзендердің антропогендік әсердің алдындағы осалдығын көрсететін табиғи ескерту. Бүгін балық үнсіз қырылып жатса, ертең бұл үнсіздік малға, адамға жетпеуі үшін шұғыл әрекет ету – мемлекеттің де, қоғамның да ортақ міндеті.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *