Төтенше жағдайлардың алдын алу – ортақ жауапкершілік мәдениеті

Жаңалықтар
view 2
news

Фото: El.kz

Қазіргі таңда төтенше жағдайлардың алдын алу мәселесі тек құзырлы органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндетіне айналып отыр. Табиғи апаттар, өрт оқиғалары, су тасқыны мен техногендік қауіптер – барлығы да адам өмірі мен денсаулығына тікелей әсер етеді. Сондықтан қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру – уақыт талабы, деп жазады JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.

Қазақстанда бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр, әрине. Әсіресе, көктемгі су тасқыны кезеңінде алдын алу шаралары күшейтіледі. Өзен арналары тазартылып, қорғаныс бөгеттері нығайтылады, қауіпті аймақтар тұрақты бақылауға алынады. Сонымен қатар тұрғындарға дер кезінде ескерту жасалып, эвакуациялау жоспарлары әзірленеді.

Алайда кез келген қауіптің алдын алуда халықтың өзі де белсенді болуы тиіс. Қауіпсіздік мәдениеті дегеніміз – тек ережелерді білу емес, оны күнделікті өмірде қолдану ғой. Мысалы, өзіміз ұсақ дүние ретінде қарайтын: қарапайым өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау, электр құралдарын дұрыс пайдалану, балаларды қараусыз қалдырмау – үлкен қауіптің алдын алатын негізгі әрекеттер.

Мектептер мен оқу орындарында қауіпсіздік сабақтарын күшейту де маңызды болса керек. Балаларға төтенше жағдайда өзін қалай ұстау керектігін үйрету болашақтағы қауіптің деңгейін азайтудың тиімді жолы деп ойлаймыз. Ал бұл ретте ата-аналардың да жауапкершілігі зор болмақ.

Сарапшылардың айтуынша, дамыған елдерде қауіпсіздік мәдениеті жоғары деңгейде қалыптасқан. Онда әр азамат төтенше жағдай кезінде не істеу керектігін нақты біледі. Бізде де осы бағытта ілгерілеу бар, бірақ әлі де жүйелі түсіндіру жұмыстары жетіспейтіндей.

Иә, төтенше жағдайлардың алдын алу тек мемлекеттік бағдарламалармен шектелмейді. Бұл – әр азаматтың өмір салтына айналуы тиіс қағида. Қауіпсіздікке бейжай қарамау – өз өміріңді ғана емес, айналаңдағы адамдарды да қорғау деген сөз. Ендеше, әркім өзін тәрбиелесе, қоғамға да, мемлекетке де үлкен пайда болар еді.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *