Жаңа оқу жылы қарсаңында балалар қауіпсіздігі күшейтілді
Фото: Ашық дереккөзден
Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күндер қалды. Осыған байланысты елімізде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы шаралар күшейтілуде. Қазіргі уақытта республика бойынша «Назар аударыңыз, балалар!» республикалық акциясы басталды. Оның басты мақсаты – балалардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жолдағы қауіпсіздікті күшейту және балалар үшін қауіпсіз орта қалыптастыру, хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Акция аясында оқу жылы басталар алдында мектептер мен өзге де білім беру ұйымдарының маңындағы бақылау күшейтіледі. Полиция қызметкерлері жаяу жүргіншілер өткелдерінің, жол белгілері мен жол таңбаларының жай-күйін тексеріп, жол инфрақұрылымындағы кемшіліктерді анықтау жұмыстарын жүргізуде. Сонымен қатар мектеп автобустарының және балаларды тасымалдайтын көліктердің қауіпсіздігіне ерекше назар аударылуда. Тексеру нәтижесінде білім беру ұйымдарына жақын орналасқан жол инфрақұрылымын ретке келтіруге қатысты 548 нұсқама берілді.
Ішкі істер министрлігі жүргізушілерді жаңа оқу жылы қарсаңында жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, жылдамдықты асырмауға және көлік жүргізу кезінде барынша мұқият болуға шақырады. Әсіресе мектептер мен балалар көп жүретін аумақтарда сақтық шараларын күшейту маңызды. Бұл жұмыстар «Заң және тәртіп» қағидаты аясында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және балалар үшін қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған. Заң талаптарын сақтау мен жол қозғалысы ережелеріне жауапкершілікпен қарау – әрбір азаматтың ортақ міндеті. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету тек полиция қызметкерлерінің міндеті емес. Бұл ретте ата-аналардың да жауапкершілігі зор. Балаларға жолда, көшеде, қоғамдық көлікте, мектепте және интернет кеңістігінде қауіпсіздік талаптарын сақтауды күн сайын еске салып отыру қажет.
Балалардың қауіпсіздігі – баршаға ортақ жауапкершілік. Заң мен тәртіп сақталған жерде ғана қауіпсіз қоғам қалыптасады.
Пікірлер (0)