Жаназаның ережесі өзгерді
Сурет: Ашық дереккөзден
Қазақстанда жаназа және ас беру рәсімдерін қарапайым әрі қаражат жағынан қолжетімді етуге шақырды. Бұл ұсынысты Астанада өткен VI Республикалық имамдар форумында елдің рухани жетекшілері көтерді. Жиында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы басты назарды рәсімнің рухани мәніне аударуға шақырды. Оның айтуынша, ас беру – молшылықты немесе байлықты көрсету емес, марқұмның рухына дұға бағыштау, жақындарына рухани қолдау көрсету, деп хабарлайды janabastau.kz
Форумда арнайы құжат қабылданды, онда жаназа және ас беру рәсімдерінің қарапайым болуына назар аударылды. Қатысушылар ас мәзірін алты қарапайым тағаммен шектеуді ұсынды: шай, бауырсақ, ет немесе палау, сары май, тары немесе талқан, кәмпит пен қант. Сонымен қатар уақыт шектеуі де белгіленді – ас беру рәсімі бір жарым сағаттан аспауы тиіс.
– Мұндай шаралар отбасыларға қаржылық ауыртпалық түсірмеу үшін қажет. Ас беру – рухани сауапқа бөленудің, марқұмның рухына дұға етудің және жақындарына қолдау көрсетудің амалы. Бұл отбасын қаржылық қиындыққа ұшыратпауы керек, – деді Бас мүфти.
Сонымен қатар, Діни басқарма ас беру рәсімдерін өткізу үшін несие алуға қатаң қарсылық білдірді. Мұндай қадамның рухани мәнді жоғалтатынын, оның орнына жанұяларды қарызға батыратынын ескертті. Айта кету керек, бұл ұсыныстар міндетті емес, тек ұсынымдық сипатқа ие. Әркім өзінің жағдайына қарай шешім қабылдай алады. Бірақ рухани көшбасшылар қарапайымдық пен шынайылықтың рухани шараның негізгі мәні екенін еске салды.
Пікірлер (0)