Жастарға заң мен тәртіптің маңызы түсіндірілді
Фото: Ресми дереккөзден
Ақмола облысында жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған түсіндіру жұмыстары жалғасуда, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Осы бағытта Ақмола облысы ішкі саясат басқармасының «Жастар-ресурстық орталығы» МКМ ұйымдастыруымен А. Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің алғашқы курс студенттерімен «Заң және тәртіп» қағидаты аясында кездесу өтті.
Кездесудің негізгі мақсаты – жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру, заң талаптарын сақтау қажеттілігін түсіндіру және қауіпсіз қоғам құрудағы әр азаматтың жауапкершілігін арттыру.
Іс-шараға құқық қорғау және бақылау органдарының өкілдері қатысып, студенттерге күнделікті өмірде кездесуі мүмкін құқықтық мәселелер бойынша маңызды ақпарат берді.
Кездесу барысында Ақмола облысы ПД Есірткіге қарсы басқармасының жедел аға уәкілі, полиция подполковнигі Разия Талгатовна Курсанова есірткі қылмысының алдын алу және есірткінің заңсыз айналымына байланысты жауапкершілік мәселелеріне тоқталды.
ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің бөлім аға прокуроры Ақерке Сайлауқызы Мұқанова құқықтық статистика және азаматтардың құқықтық сауаттылығына қатысты түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Ал Көкшетау қаласы ПБ Қоғамдық қауіпсіздік бөлімі ювеналды полиция бөлімшесінің аға инспекторы, полиция майоры Ботагоз Болатхановна Садвакасова жастар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, кәмелетке толмағандардың құқықтық жауапкершілігі және қауіпсіз мінез-құлық мәселелері жөнінде айтып өтті.
Ақмола облысы Экономикалық тергеу департаменті Талдау және тәуекелдер басқармасының аға уәкілі Мадина Даулетқызы Алиева экономикалық және қаржылық құқық бұзушылықтардың алдын алу, заңсыз қаржылық әрекеттерден сақтану қажеттігіне назар аударды.
Спикерлер жастарға заңды білу тек құқықтық жауапкершіліктен сақтану үшін ғана емес, өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін де маңызды екенін атап өтті.
Кездесу еркін форматта өтіп, студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойды. Мамандар жастардың сұрақтарына нақты жауап беріп, құқықтық мәселелер бойынша практикалық кеңестерін бөлісті.
Мұндай кездесулер жастардың құқықтық сауатын арттырып қана қоймай, қоғамдағы қауіпсіздік пен заңдылықты қамтамасыз етуге деген жауапкершілігін қалыптастыруға ықпал етеді. Заңды білу және оны құрметтеу – құқықтық мәдениеті жоғары, қауіпсіз қоғам қалыптастырудың маңызды негіздерінің бірі.
Пікірлер (0)