Зеленский Қырым мен Донбасс туралы: Өз жерімізді ешкімге бере алмаймыз
Владимир Зеленский. Видеодан кадр: t.me/OP_UA
Украина президенті Владимир Зеленский Le Parisien француз газетінің оқырмандары қойған сауалдарға жауап берді. Бұл туралы janabastau.kz тілшісі BBC Орыс қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Оқырмандар украин президентінен соғысты аяқтау үшін "Қырым немесе Донбассты уақытша болса да беруге әзірсіз бе?" деп сұрады. Зеленский соғысты халықаралық көмекпен ғана аяқтау мүмкін екенін айтты.
"Біз өз жерімізді бере алмаймыз. Украина Конституциясы бізге мұндай әрекетке баруға тыйым салады. Іс жүзінде ол аумақтарға қазір ресейліктер бақылау орнатқан. Бізде оларды қайтарып алуға күш жоқ. Біз Путинді келіссөздер үстеліне отыруға мәжбүрлеу үшін халықаралық қауымдастық тарапынан дипломатиялық қысымға ғана иек арта аламыз", - дейді Украина президенті.
Зеленский газет оқырмандары сауалдарына жауап беру барысында қандай қолдауға зәру екенін баяндады.
"Бізді қолдайтын Батыс неге сонша баяу қимылдайтынына таңғалам. Неге бізді соғыс басталған уақытта қарумен қамтамасыз етпеді? Аса қатты айтқан шығармын. Бірақ маған бәрі Ресейден, Путиннен қорқатын сияқты көрінеді. Ол жауапсыздықты пайдаланып отыр. Бізге соғысты тоқтатып, Путинге қысым көрсету үшін қуатты Америка мен Еуропа керек", - деп есептейді украин президенті.
Зеленский "Путинмен келіссөздер үстеліне отыруға дайынсыз ба?" деген сауалға былай деп жауап берді:
"Қарсы алдыңда кім отырғаны маңызды емес. Келіссөздер жүргізген уақытта сенің ұстанымың қандай екені маңызды. Біздің ұстанымыз әлсіз деп айта алмаймын, бірақ күшті деуге де болмайды. Біз НАТО-ның бір бөлігіне айналамыз ба? Білмейміз. Еуроодаққа қосыламыз ба? Иә, болашақта қосылармыз, бірақ қашан? Путинмен осындай шаттармен үстел басына отыру – оған біздің тағдырымызды шешу құқығын беру дегенді білдіреді".
Зеленскийдің пікірінше, әуелі әрекет жоспарын дайындап алу қажет, содан кейін ғана оны Ресей президентіне көрсету керек.
"Бірақ мен мына ұстанымнан таймаймын: әлемнің бір де бір көшбасшысы Путинмен келіссөзді Украинаның қатысуынсыз жүргізуге құқығы жоқ. Біз ешқашан мұндай мандатты ешкімге бермейміз. Біз – жәбірленушіміз. Елдің қалай өмір сүру керек екені біздің қатысуымызсыз шешілгені әділетсіз болар еді. Француздар Францияда, италиялықтар Италияда немесе америкалықтар АҚШ-та өзіне не керектігін жақсы біледі. Украиналықтар да біледі", - деп мәлімдеді Зеленский Le Parisien газеті оқырмандарымен онлайн-әңгімеде.
Пікірлер (0)