Зеленский Украинаның Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңіске қосқан үлесі туралы мәлімдеме жасады
Сурет: Ашық дереккөзден
8 мамыр, бейсенбі күні Украина президенті Владимир Зеленский нацизмді жеңу және еске алу күніне орай украин халқына үндеу жасады. Киевтің орталығындағы Крещатик көшесінде жазылған сөзінде Зеленский 80 жыл бұрын нацистік Германияны жеңудегі Киевтің рөлін атап өтіп, оны бүгінгі Ресейдің Украинаға қарсы жүргізіп жатқан соғысымен салыстырды, деп хабарлайды janabastau.kz Qazaq.today-ке сілтеме жасап.
«Украинская правданың» мәліметіне сәйкес Зеленский Ресейдің «зұлымдық» екенін айтып, онымен ұрыс алаңында да, дипломатиялық кеңістікте де, экономикалық майданда да күресу керектігін атап өтті. Бұл соғыстың қайталанбауы үшін Ресейге денацификация және демилитаризация қажет болуы мүмкін екенін жеткізді.
Ол үш жыл бұрын Киевтің аспанында қайтадан әуе дабылының сиренасы естіліп, 2022 жылғы 24 ақпанда Украина жеріне қайтадан «зұлымдықтың» келгенін еске салды.
Зеленский Мәскеудегі 9 мамыр парадын «Қызыл алаңдағы қорқыныш парады» деп атады.
«Нацизмді ондаған одақтас мемлекеттер емес, Путиннің жеке өзі жеңгендей, Рейхстагтың төбесіне жеңіс туын өз қолымен тігіп қойғандай көрінеді», — деді Украина президенті.
Оның айтуынша, Украина 80 жыл бұрын нацизммен күрескен ондаған халықтың, соның ішінде нацизмге қарсы шайқаста қаза тапқан 8 миллионнан астам украиндықтың ерлігін ұмытқан жоқ. Қазір де әрбір украин отбасы «жаңа зұлымдықпен» күресіп жатқан немесе күрескен батырларын мақтан етеді.
Украина үшін ерлік – бұл бостандық пен бейбітшілік үшін күресушілердің ісі. Зеленский әрбір украиндық жеңісті аңсайтынын атап өтті.
«Олардың пірі – Қызыл алаңда миллиондаған адамның өмірін қиған көсем, ал біз үшін батырлар – арамыздағы өз адамдарымыз», — деді ол.
Президенттің айтуынша, Украина бейбітшілік үшін күресін жалғастыруда. Әлем зұлымдықты тыныштандыру мүмкін емес екенін түсініп, онымен барлық тәсілдермен күресуі тиіс.
«Біз сол үшін күресіп жатырмыз, әрі ол үшін Ресей түбегейлі өзгеруі керек немесе әлемнің өзі өзгеруге мәжбүр болады», — деді Зеленский.
Киев Мәскеуді бірнеше рет 1945 жылы нацистік Германияны жеңген Кеңес Одағының жеңісін саяси түрде өзіне меншіктеп алды деп, Ресей бұл жеңіске тек өзі ғана жеткендей көрсетеді деп айыптаған болатын.
Өткен аптада АҚШ президенті Дональд Трамп та 8 мамырды АҚШ-та Жеңіс күні деп жариялады. Оның айтуынша, АҚШ Екінші дүниежүзілік соғыста жеңіске жету үшін басқа кез келген елден әлдеқайда көп еңбек сіңірген.
8 мамыр таңертең Украина президенті кеңсесінің басшысы Андрей Ермак та АҚШ-тың Еуропаны Адольф Гитлердің диктатурасынан азат етудегі рөлін атап өтті.
«АҚШ болмаса, Мәскеуде ресурстар болмас еді. Украина болмаса – әскер де болмас еді. Британия болмаса, Гитлер батысқа назар аудармас еді. «КСРО мен Ресейдің жеке дара жеңісі» туралы миф – бұл Мәскеудің соғыстан кейінгі үстемдігін нығайту үшін жасалған саяси конструкция», – деп жазды Ермак өзінің Telegram-арнасында.
Пікірлер (0)