Зеленскийдің Лондондағы сапары қалай өтіп жатыр
Peter Nicholls/REUTERS
Украина әскерін қолдау үшін Лондон Киевке 2,74 млрд еуро несие берді. Бұл туралы Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер мен Украина көшбасшысы Владимир Зеленскийдің кездесуінде белгілі болды, деп хабарлайды janabastau.kz BBC-ге сілтеме жасап.
Екі елдің басшылары кездесуде сенімді қауіпсіздік кепілі туралы әңгіме өрбітті. Украина президенті Зеленский бұл келіссөздердің өте маңызды екенін атап өтті.
Келіссөздер барысында біз Украина мен бүкіл Еуропаның алдында тұрған сын-қатерлер, серіктестермен үйлесімді әрекет, Украинаның ұстанымын нығайту және соғысты әділетті әрі бейбіт жолмен аяқтауға бағытталған нақты қадамдар, қауіпсіздіктің сенімді кепілдіктері туралы мәселелерді талқыладық, – деп жазды ол Telegram желісінде.
СТАРМЕР: БІЗ УКРАИНАНЫ ҚОЛДАЙМЫЗ
Сіздерді Ұлыбритания қолдайды. Біз Украинаны қанша қажет болса сонша қолдаймыз. Сізді және Украина халқын қолдаған адамдардың қуанышты дауысын естіген боларсыз, - деді Кир Стармер өзінің резиденциясы алдында Украинаны қолдайтын плакаттармен жиналғандарды нұсқап.
Сонымен қатар Ұлыбритания премьер-министрі Украинаның тәуелсіздігі мен қауіпсіздігіне негізделген тұрақты бейбітшілік Украина үшін ғана емес, Еуропа мен Біріккен корольдіктер үшін де маңызды екенін атады.
Владимир Зеленский қолдау білдірген британ халқына және Стармерге алғыс айтты.
КИЕВКЕ БЕРІЛГЕН КРЕДИТ
Бұл күні Ұлыбритания қазынашылығының канцлері Рейчел Ривз бен Украинаның қаржы министрі Сергей Марченко украин әскерін қолдауға берілген 2,26 млрд фунт стерлинг (2,74 млрд еуро) көлеміндегі несиелік келісімге виртуалды форматта қол қойды. Лондон бұл келісімді «украин халқына көрсетілген тұрақты және бұлжымас қолдаудың» дәлелі деп атады. Кредит тәркіленген ресейлік активтерден түскен табыс есебінен қайтарылуы керек, деп хабарлады AFP агенттігі.
Зеленскийдің айтуынша, мұның бәрі Киевтің қорғаныс қабілетін арттыруға бағытталған шаралар.
Несие қаражаты Украинаның қару-жарақ өндірісіне жұмсалады. Осылай істеу әділетті: соғысты бастағандар төлеу керек (кредиттің ресейлік активтерден түсетін табыс есебінен қайтарылатынын меңзеді – авт.), - деп нақтылады ол.
ЛОНДОНДАҒЫ САММИТ
Бүгін, 2 наурызда Лондонда Украина мәселесін талқылайтын саммит өтеді. Алқалы жиынға Стармер мен Зеленскийден бөлек 10 еуропалық елдің көшбасшысы қатысады. Олардың қатарында Германия канцлері Олаф Шольц, Солтүстік Атлантикалық келісім ұйымының (НАТО) бас хатшысы Марк Рютте, Еурокомиссия басшысы Урсула фон дер Ляйен және Еуропалық кеңес төрағасы Антониу Кошта сынды тұлғалар бар.
Пікірлер (0)