Зеренді ауданында су тасқынына қарсы қандай шаралар жүргізілуде

Жаңалықтар
view 61
news

Фотосурет: Aikyn.kz

Алдағы көктемгі су тасқыны кезеңінде елді мекендердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету – Зеренді ауданы әкімдігі үшін басты міндеттердің бірі. Бұл туралы брифинг барысында аудан әкімінің орынбасары Серік Исаханов мәлімдеді. 

Биыл аудан бойынша бес елді мекен ерекше бақылауға алынған. Олар – Айдабол, Алексеевка, Ивановка, Троицкое және Шағалалы ауылдары. Негізгі назар тұрғын үйлерге түсетін су жүктемесін азайтуға бағытталған инженерлік жобаларды жүзеге асыруға аударылған.

2025–2026 жылдарға арналған кешенді жоспар аясында Шағалалы өзенінде 3,6 шақырым аумақта арнаны тереңдету және түзеу жұмыстары жүргізілді.

Сонымен қатар жағалау аймағы абаттандырылды. Зеренді ауылында Ж. Мусин көшесі бойындағы тұрғын үйлерді қорғау үшін ұзындығы 1300 метр болатын қорғаныс білігі салынды. Бұдан бөлек, жағалау маңына 100 мың текше метр инертті материал төгілді. Серік Исахановтың айтуынша, ауданда қауіпсіздік мәселесіне жүйелі түрде қаралады. Зеренді ауылында екі сорғы станциясынан тұратын дренаж жүйесі орнатылып, нөсерлік кәріз желісі тартылған.

Сондай-ақ қауіпті аймақтарда тұрған тұрғындарды көшіру жұмыстары жүргізілуде. Осы мақсатта 75 пәтерлі тұрғын үй салынып, қауіпті аумақтағы 12 отбасы жаңа баспанаға қоныстанған. Гидротехникалық нысандар да тұрақты бақылауда. Айдабол, Алексеевка, Ивановка және Подлесное ауылдарындағы төрт бөгеттің жағдайы қадағаланып отыр.

Олардың қауіпсіздігін арттыру үшін қосымша су өткізу жүйелері мен айналма арналар салу жоспарланған.

Сонымен қатар Шағалалы, Приречное, Игилик және Жамантуз ауылдарында төрт көпір жөндеуден өткен. Қазіргі уақытта инфрақұрылымды тазарту жұмыстары күнделікті жүргізілуде. 12 мың текше метрге жуық қар шығарылып, 4 шақырым канал мен 2 шақырымнан астам арық тазартылған. 2000 тонна инертті материал және қажетті қап қоры дайындалды. Жедел әрекет ету үшін арнайы техника, мотопомпалар, генераторлар және жүзу құралдары бар топ құрылған. Су тасқыны жағдайы дрондар арқылы да бақыланады.

Халық үшін аудан мектептері базасында 22 эвакуациялық пункт әзірленген. Брифинг соңында Серік Исаханов су айдындарында мұз кептелісінің алдын алу мақсатында жарылыс жұмыстарын жүргізу бойынша келісімшарт жасалғанын атап өтті.

Барлық дайындық жұмыстары белгіленген кестеге сай жүргізіліп, аудан басшылығының жеке бақылауында тұр.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *