Зерттеуші "жеті шелпек - исламда жоқ, ширк" дегендерге жауап берді
Сурет: economcook.ru
Белгілі мәдениеттанушы, қазақ мифологиясын зерттеуші Зира Наурызбай жеті шелпек ұғымына қатысты сұраққа жауап берді, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ.
ОҚЫРМАН СҰРАҒЫ
Зира Наурызбайға оқырманы “Жеті шелпек исламға қарсы ма?” деген сұрақ жолдаған.
ЖАУАП
Зира Наурызбай қазақ этнографиясында XIX ғасырдағы, XX ғасырдың басындағы әдебиет, ауыз әдебиеті, этнография туралы еңбектерде “жеті шелпек” туралы бірде-бір сөз жоғын айтады.

- Сонда “жеті шелпек қайдан шықты?” деп тарихшы Джулия Гани сұрақ қойған. Негізі қазақтарда бұрыннан “иіс шығару” деген ырым болды. Жеті тілім құйрық майын қызған табаға тастайды. Құйрық майдан жеті шырақ жағады. Бұл әулиелі жерде немесе үйде жасалатын. Бірақ Джулия Ганидің сөзінше, ашаршылық жылдары, содан кейін қазақтар отырышылық өмір салтына көшкеннен кейін, ұн үйге көбірек әкелінетін кезде құйрық майды ысырап қылмау үшін жеті шелпек ұғымы шыққан болуы мүмкін. Себебі ашаршылық жылдары жеті шелпек пісіріп тарату садақа болған, дейді зерттеуші.
ЖЕТІ ШЕЛПЕКТІҢ “ИДЕЯСЫ”
Оның сөзінше, негізгі идея – әруақтардың иіс сезуі болған.

- Ал әруақтар сол иіспен қоректенеді. Жалпы бүкіл халықта иіс пен рух деген сөздер бір-бірімен байланысты. Мысалы “иісі қазақ” дейміз. Орыстар “русский дух, русью пахнет” дейді. Кейін бұл ғұрып өзгеріп кетті. Әруақтарға бағыштап құран оқылады. Сонымен қатар, назар аударып қарасақ жеті шелпек – жеті дөңгелек нан, ол аспан, күнмен байланысты. Пішіні ұқсас, соның нышаны сияқты. Сондықтан жеті шелпекті – жеті қат аспан ретінде түсінуге болады. Ал жеті қат аспан деген сөз исламда, құранда бар сөз, дейді маман.
ЖЕТІ ШЕЛПЕК ПЕН ИСЛАМ
Зира Наурызбайдың сөзінше, қазіргі таңда “шелпек исламға жатпайды, мынау ширк” деген сөздер тараған.

- Ислам әр елде әртүрлі болды. Қазақта басқа, Малайзияда басқа, Индонезияда басқа дегендей. Себебі әр елде жаңа дінді қабылдау үшін бұрынғы дәстүрдің өкілдері мен жаңа дін таратушылар синтез жасаған. Осылайша қазақы ислам шықты. Ал қазір соның бәрін жоққа шығарып, арабтарда қалай айтылса сол жолмен жүру үлкен қате, дейді зерттеуші.
Зира Наурызбайдың сөзінше, ол бұл тақырыпта 25 жыл бұрын көлемді зерттеу жұмысын жазған.
Пікірлер (0)