Ең ұзақ келіссөз: АҚШ пен Ресейдің Эр-Риядтағы кездесуі немен аяқталды
Сурет: Ашық дереккөзден
АҚШ пен Ресейдің Эр-Риядтағы кездесуі 12 сағатқа созылды. АҚШ мемлекеттік департаментінің мәліметінше, Украина мен РФ атысты тоқтату туралы келісімге келуіне аз қалды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
КЕЛІССӨЗДЕР
DW мәліметінше, Эр-Риядта АҚШ делегациясы Украина және Ресей өкілдерімен бөлек, жабық режимде келіссөздер өткізді. 23-24 наурыз күндері өткен кездесулерде үш жылдан астам уақытқа созылған Ресей мен Украина арасындағы соғысты ішінара тоқтату мәселесі қаралған.
АҚШ НЕ ДЕЙДІ
Келіссөздер аяқталар алдында АҚШ мемлекеттік департаментінің баспасөз хатшысы Тэмми Брюс Украина мен Ресей толық атысты тоқтатуға жақындап қалғанын мәлімдеді.

- Біз қазір бұған өте жақынбыз. Бұған дейін ешқашан осыншалықты жақын болған емеспіз, деді ол.
Брюстың айтуынша, қазіргі уақытта Қара теңіз аймағында атысты тоқтату мәселесі талқылануда, содан кейін тараптар басқа тақырыптарға көшеді. Ол сондай-ақ бейбіт келісімге қол жеткізу үшін екі тараптың да ымыраға келуі қажет екенін атап өтті.
ЕШҚАНДАЙ КЕЛІСІМГЕ ҚОЛ ҚОЙЫЛМАДЫ
Ресей делегациясының мүшесі, федерация кеңесінің халықаралық істер жөніндегі комитетінің төрағасы Григорий Карасин АҚШ пен Ресей арасындағы консультациялар 10 сағаттан астам уақытқа созылғанын мәлімдеді.

- Келіссөздер аяқталуға жақын, деп оның сөзін “Интерфакс” агенттігі келтірді.
Кейін ТАСС АҚШ пен Ресей делегацияларының кездесуі аяқталғанын хабарлады. Бүгін, 25 наурызда Эр-Риядтағы келіссөздердің қорытындысы бойынша АҚШ пен Ресейдің бірлескен мәлімдемесі жарияланатыны белгілі болды. Алайда қандай да бір келісімге қол қойылғаны туралы ақпарат жоқ.
ТАСС агенттігінің мәліметінше, келіссөздер кезінде Украина делегациясы АҚШ өкілдерінің босауын күтіп отырған. Бұл ақпаратты AFP және Reuters агенттіктері де растады. Оның алдында АҚШ пен Украина делегациялары арасында келіссөздер өткен болатын.
МӘСКЕУ НЕ ДЕЙДІ
Мәскеу Сауд Арабиясында өткен келіссөздерден Украинадағы соғысты тоқтатуда айтарлықтай серпіліс бола қоймайды деп отыр.

- Бұл – жабық есік жағдайында өтетін келіссөздер. Сондықтан ауыз толтырып айтарлықтай өзгерістер күтуден гөрі, бірнеше бағыт бойынша жұмыс жүріп жатқанын түсіну маңызды, деп мәлімдеді Ресей сыртқы істер министрлігінің өкілі Мария Захарова.
РФ президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков келіссөздер техникалық мәселелердің белгілі бір бөлігіне қатысты өткенін айтты.

- Бейбіт келісімге байланысты әлі де көптеген аспектіні талқылау қажет. Соның ішінде Қара теңіздегі кеме қатынасының қауіпсіздігі мәселесі де бар, деді ол.
КИЕВ
Украина президенті Владимир Зеленский 24 наурызда кешкі уақытта үндеу жасап, Украина делегациясы АҚШ-пен қайта келіссөздер жүргізетінін хабарлады.

- Ресей – бұл соғысты барынша созып, халқымызды және бүкіл әлемді мазақ етіп отырған жалғыз тарап. Оны бейбітшілікке мәжбүрлеу үшін батыл әрекеттер мен күшті қадамдар қажет, деді Зеленский.
БҰҒАН ДЕЙІН
23 наурызда Эр-Риядта АҚШ пен Украина делегацияларының келіссөздері өтті. Тараптар бірқатар маңызды мәселелерді талқылады. Қауіпсіздік және бейбітшілік тақырыптары назарға алынды. Украинаның қорғаныс министрі Рустем Умеров кездесудің нәтижелі болғанын айтты.
Пікірлер (0)