Жыл қорытындылары: экономиканың өсуі және инфляцияның баяулауы
2023 жыл да аяқталуға жақын, яғни осы кезеңнің қорытындысын шығарып, тарих беттерінде қатталып қалатын нақты нәтижелерге тоқталып өтуге болады.
Қазақстан жаһандық құбылмалы жағдайлардағы сыртқы сын-қатерлерге лайықты төтеп бере отырып, өзінің стратегиялық мақсаттарына жету жолын жалғастырып келеді.
Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сайлауалды бағдарламасында және Қазақстан халқына Жолдауларында белгіленген ауқымды реформаларды іске асыру жалғасын тапты. Жаңа заңнамалық нормалар күшіне енді, бірқатар ірі мемлекеттік бастамаларды, соның ішінде «Жайлы мектеп» және «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобаларын іске асыру басталды.
Сонымен қатар Үкіметте дағдарысқа қарсы шаралар қолға алынды, бұл сыртқы күйзелістердің әсерін төмендетуге және алдағы кезеңге экономикалық дамудың негізін қалауға мүмкіндік берді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет алдына ұлттық экономика көлемін 2 есеге арттырып, $450 млрд-қа дейін жеткізу міндетін қойды. Ол үшін жыл сайынғы тұрақты экономикалық өсімді кем дегенде 6% деңгейінде қамтамасыз ету үшін шаралар қабылданады. Атап айтқанда, стратегиялық мақсатқа қол жеткізуде өңдеу өнеркәсібіндегі жобаларды іске асыру маңызды рөл атқаратын болады.
Негізгі экономикалық көрсеткіштер
● Ел экономикасы сыртқы жағдайларға сәтті бейімделіп, биыл орнықты өсу траекториясына шықты. Қаңтар-қараша айларының қорытындысына сәйкес экономиканың өсуі 4,9%-ды құраса, өткен жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 2,7%-ды құраған. Жалпы республика бойынша жан басына шаққандағы ЖІӨ $11,5 мыңнан $13,3 мыңға дейін өсті.
● Жылдық мәндегі инфляция қарашада 2022 жылғы желтоқсандағы 20,3%-дан 10,3%-ға дейін төмендеді. Бұған жедел және орта мерзімді 90 қадамды қамтитын тиісті шаралар кешенін жүзеге асырудың нәтижесінде қол жеткізілді.
● 6 айдың қорытындысына сәйкес $13,3 млрд тікелей шетелдік инвестиция тартылды. Бұл – өте жоғары көрсеткіш. Сондай-ақ орта мерзімді кезеңде экономикалық өсуді қолдауға кепілдік береді. Жыл қорытындысы бойынша ТШИ шамамен $27 млрд деңгейіне жеткізу жоспарланған.
● Экономиканың барлық салаларында жалпы құны 967,7 млрд теңгені құрайтын 210 жаңа инвестициялық жоба іске қосылды. Ол 19,5 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді. Жалпы жыл қорытындысы бойынша 1,6 трлн теңгеге 291 жоба пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Пікірлер (0)