Жоқшыны жоқтау
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан
(Ақын Кәдірхан Қизатұлын еске алу)
Қосшы қаласының тұрғыны, ақын, этнограф, мәдениеттанушы, фольклор зерттеуші, «Қарымжы», «Қайран дәурен», «Мыңбұлақ», «Атам айтқан әңгімелер» атты поэзия, прозалық кітаптарының авторы Кәдірхан Қизатұлы наурыз айының 21-інде көлік апатынан қапияда мерт болып еді.
Кәдірхан Қизатұлы 1963 жылы ШҰАР Тарбағатай аймағы, Дөрбілжін ауданында дүниеге келіп, өзінің өнерімен ортасына тез танылып, айналасына абыройлы болды. Ел арасында кең тараған толғаулар мен ән сөздерінің де авторы атанды. Шыңжаңдағы қазақ қаламгерлерінің қайнаған ортасында жүріп, кеудесін қазынаға толтырған азамат.
Ерекше есте сақтау қабілетінің арқасында қағазға түспеген қаншама әзіл, әңгіме, естеліктерді, өлеңдерді жатқа айтады. Ол 20 жылға жуық уақыт Тарбағатайдың Дөрбілжін аудандық мәдениет мекемесінің директоры қызметін абыроймен атқарды. ҚХР Мемлекеттік ауыз әдебиеті қоғамының, ШҰАР Әдебиет және көркемөнер қоғамының, Іле облыстық айтыс зерттеу қоғамының, ҚР авторлар қоғамының мүшесі. Сонымен бірге дүниеден озардан аз ғана күн бұрын Қазақстан Жазушылар одағына мүшелікке қабылданған еді.
Өзінің талантымен, мол тәжірибесімен қаламыздың руханиятына да еселі үлесін қосып үлгерген елағасы, ардақты азаматты сағына еске аламыз. Осы орайда «Jana Bastau» газетінің редакциясы ақынның рухани інісі, журналист Бейсен Сұлтанұлының мақаласын оқырман назарына ұсынып отыр.

Қайран, Кәдірхан аға!
Сізді еске алып, сағынып, қолымазға қалам аламыз деп ойламаған едік қой. Ажал – қапы, өлім – хақ. Сонда да халықтың қазынасын арқалаған сандал атан шөккендей, елдің қиқуын көтерген хас тұлпар қапияда сүрінгендей, әлі күнге аламантасыр күйде жүрміз. Ел егіліп жоқтады, арғы бетің азынап қалды, бергі бетің белінен шойырылды. Қадірің мен қазынаңды бағамдап үлгермеген қаламдас бауырларыңыз мәтқапы қалды.
Енді бұлай сөйлегеніммен Сіз естімейсіз, сондықтан ендігі сөзді қалың орман – қалың жұртқа қарата сөйлеуге туралы келді.
Ол Қытайдағы қазақ айтысының ірі өкілі ғана емес, зерттеушісі, жоқтаушысы болды. Күйші, шежіреші, шешен еді. Күллі әңгімесі айналасындағы таланттардың ғажап болмысына сүйіну, солар туралы ершімді естеліктер айту еді.
Атап айтар болсақ, Қытайдағы Жамалхан Қарабатырқызы, Бердіхан Абайұлы, Жұмағали Құйқабайұлы, Құрманбек Зейтінғазыұлы және Задахан Мыңбаев сынды қазақтар арасында белгілі біртуар өнер иелерінің артында қалған мол мұрасын елге жеткізуді мақсат тұтқан тұлға еді. Өмір жолының өзекті үзіктеріне қарар болсақ, қазақ руханиятына еселі үлес қосақан есіл азамат екеніне көз жеткізеріміз даусыз.
Кәдірхан Қизатұлы еңбек жолын 1980 жылы мектепте мұғалім болудан бастап, 1995-2014 жылдары Дөрбілжін аудандық мәдениет үйінің директоры қызметін атқарып, 2014 жылы демалысқа шыққан.
1980 жылдан бастап қазірге дейін 300-ден аса өлең, толғаулар мен 10-нан аса поэма жазған екен. 1986-2006 жылдары «Танымал айтыскер», «Өлке дәрежелі айтыскер», «Тарбағатай аймағына еңбегі сіңген айтыскер» атақтарын алған. Сонымен бірге ол – дәулескер күйші. Репертуарында өз авторлығындағы және көптеген халық күйлері бар.

2016 жылы тарихи Отанына қоныс аударып келгеннен бері «Мың бұлақ» жыр жинағы мен «Қытай қазақ ақындар айтысы», «Атам айтқан әңгімелер» атты кітаптар құрастырып, оқырманға ұсынған.
Жалпы, Кәдірхан Қизатұлы о дүниелік болғанда ағайын-туысты айтпағанда, дос-жаран, әріптес, таныс-білістерден күңіренбеген адам жоқ деп айтуға болады. Бұл жалғаннан кәрі де, жаста кетіп жатыр. Өлім дегеннің жеңілі болған ба!?. Дегенмен көптің көңілінде жүрген, елге сыйымды, біреуді үлкен, біреуді кіші деп қарамайтын, ақкөңіл, ашық-жарқын, аяулы адамнан айырылғанда, қолына қалам ұстайтыны да, ұстамайтыны да қағаз бетіне өз жоқтауларын жазады екен. Оны осы жолы қадірлі Кәдағаң (жұрт солай атап кеткен, – авт.) қайтқанда білдік. Шынын айтқанда, жоқтауды оқыған, тыңдаған адамның көңілі одан сайын босамаса, сабырға келіп, көз жасын тыймайтыны анық. Бірақ, соған қарамастан, Кәдірхан Қизатұлы қайтыс болғанда алыс-жақыннан көптеген жоқтау әлеуметтік желіде желдей есіп, ақпарат кеңістігін алып кетті. Демек барлығына өз бауырындай, жақынындай қарап, жарқылдап жүрген, ашық-жарқын азаматты қара жерге қию қиынға түскен секілді.
Өз басым Кәдірхан ағаны бала күнімнен білетінмін деп айтуыма болады. Екеуміздің тұратын жеріміз соншама шалғай болса да ол кісіні бізге танытқан 1986 жылы 23 жасында жазған «Теңсіз бөліс» атты өлеңі болатын. Араға 30 жылдан аса уақыт салып барып, Кәдағаңмен тікелей таныстық, аға-бауырдай болып араласып кеттік. Шығармашылық байланыста болдық, сұхбат алдық, көптеген құнарлы, мәнді әңгімелерін тыңдап, рухани сусындадым. Ол кісінің дене пошымы қандай кесек болса, жандүниесі де солай кең-мол, дарқан мінезді кісі болатын. Бір нәрсеге артық күйіп-піскенін көрмедім.
Менің байқауымша, Кәдағаң – ұйымдастыру қабілеті де зор адам. Әдетте елпек, үлкенді-кішілі қандай шаруа болса да өте ширақ қимылдайтын. Жалпы, Кәдағаңның елге жағымды бұл секілді жақсы қасиеттерін тізіп айта берсек, біраз жерге баратынымыз белгілі.
Бүгінгі айтайық деп отырғанмыз – жақсы азаматынан қапияда көз жазып қалғанда ағайын, дос-жарандары ғана емес, керек десеңіз, өмірінде бір-екі рет қана көргендер де жоқтау хаттарын жолдапты. Біз бүгін соларға қысқаша шолу жасап өткенді жөн көріп отырмыз.
Ол Қытай қазақтарынан шыққан талантты айтыс ақыны Жамалхан Қарабатырқызы екеуі жерлес, қызметтес болған. Кәдірхан Қизатұлы Жамалхан ақынның ешкім аңғармаған жоқтау жырларын зерттеген. Кейін «Жамалхан Қарабатырқызының жоқтау жырлары» деген тақырыптағы зерттеу мақаласын жазған еді. Тура осы тақырыпқа орай бір жыл бұрын «Kazinform» ХАА агенттігі және «Әдебиет порталы» сынды басылымдарда Жамалхан Қарабатырқызының айтыста қарсылас атанған әріптестерін және жақындарын жоқтауын көлемді екі мақалаға сыйдырып жариялаған еді.
Сөзімізді бастамас бұрын үнемі өзі айтып, дәріптеп жүретін Қытай қазақтарына белгілі талантты ақын Задахан Мыңбаевтың Кәдірхан туралы жазған өлеңінен үзінді бере кетейік:
«...Онсыз да хан көтерген жамағаты,
Лақап атқа айналған азан аты.
Өнері бар өзіндік сегіз қырлы,
Ауыз толар алаштың азаматы.
Семіртетін рухани азығымен,
Көңілінің көкорай жазығы кең.
Айтыспастан баурайды әріптесін,
Аттық күлкі атандық әзілімен...» – деп баға береді Кәдірхан бауырына. Ал ақын, жазушы, ағартушы, қоғам қайраткері, Тарбағатайдың құрметті азаматы Қыдырхан Мұқатайұлы Кәдірхан туралы:
«Шындық еді қасиетің негізгі ең,
Толқығанды үйренгенсің теңізден.
Білетінің – сырың бір ғой, ал қырың –
Баяғыда-ақ асып кеткен сегізден...» – деп жазған.

Бұлар – Кәдағаңның көзі тірі кезінде елге белгілі тұлғалардың берген бағаларының бір-екеуі ғана. Енді талантты өнер иесі, айтыс ақыны қайтыс болғаннан кейінгі жазылған, айтылған жоқтау хаттарға кезек берейік.
Кәдірхан Қизатұлы дүниеден өтті деген суыт хабарды естіген Зият Көбегенұлы атты қарт ақсақал:
«...Жазғаным жалған емес – сөз расы,
Боғданың аза тұтты тау мен тасы.
Кәдірхандай ұлына аза тұтып,
Төгілді сексен бестің көзден жасы.
Жоқтауын қара шалдың бекер деме,
Сендей ұлды жоқтамай өтем неге?..» – деп күңіренеді.
Сонау Боғданың төңірегіндегі аза тұтып жатқан жұртқа қарап, Кәдағаңның алыс-жақындағы ағайын-туыс, дос-жаранға қаншалықты сыйлы екенін аңғаруға болады.
К. Қизатұлының жол-көлік оқиғасынан тосыннан мерт болғанын ести сала терең күйзеліспен, ерекше теңеулермен жыр жазған Әділет Ахметұлы есімді ақын болды. Оның жоқтауы көпшілік оқырманға өзгеше әсер еткенін байқадық. Ақын көңілдегі көрікті ойын айнытпай жеткізген деп айтуға болады.
«...Сегіз қырлы кісіні
Сетінетпей жазам ба?!
Марқасқа нарым жол тартты,
Маң-маң басып мазарға.
Майдангер жүйрік қош айтты,
Мың күндік мимырт базарға.
Жолбарыс жонды кісіге,
Жоқтау жыр жазсам болар ма?!
Опасыз ойран дүние,
Тоқтау бір саған болар ма?!
Егілген жанмен жыр жазсам,
Тоқтатып жұртым алар ма?!..» – деп, «Бұл Кәдірхан кім еді» деген өлеңін ұзағынан толғаған.
Сол секілді тереңнен толғап, артында қалған жақындарына көңіл айтып, сабыр тілеп, салмақты ойын білдіргеннің бірі фольклорист, ғалым Асқар Игенұлы болды.
«...Өтіпті қайран Кәкең бұл жалғаннан,
Келсе ажал, асатыдан кімдер қалған?
Ендігі қолдан келер – сабыр ғана,
Тағдырға көну енді бізге қалған.
Әуелі көңіл айтам ел-жұртына,
Сарыеміл саңлақ өлке артта қалған...
Үш ұлым – Мерей, Медет, Мейірлерім,
Тағдырға көну керек басқа салған.
Бұл күнде отбасың бар азаматсың,
Дегенмен өкінішті, дүние-жалған.
Бәрінен саған ауыр, Зықан, білем,
Бірбеткей қуаныш жоқ өңшең кілең.
Артында жұбаныштың қуаныш бар,
Жақсы күн жалғасады сансыз түмен...» – деп ары қарай өмір тек қайғы-мұңнан тұрмайтынын, Абайдың сөзімен айтқанда, «Қары қалың, қатты қыстың артынан көгі мол жақсы жаз келмеуші ме еді?» деген ойға жетелейді.

Өткенде ақын қайтыс болған кезде жазған ақпаратымда «Кәдірхан Қизатұлы қазақтың жоқтау жырларын да зерттеп, сол арқылы халықтың мұңын, жүректің зарын түсіне білген еді. Талай тұлғаны жоқтап еді. Енді Кәдірханды кім жоқтар екен?» деп жазған едім.
Айтып-айтпай не керек, өнер иесіне жазылған жоқтаулар саны өте көп болды. Бұрын бұндай көп жоқтау жазылғанын көрмеген екенмін. Мүмкін, өзі зерттеген, өзі еңбек сіңірген бұл жанрдың өзінің де осылай ағыл-тегіл жазылуы заңдылық шығар...
Солардың тағы бірі – ҚХР Шыңжаң Ұйғыр автономиялы өлкесі халық үкіметінің бұрынғы орынбасар төрағасы Тілепалды Әбдірешитұлы да Кәдірхан Қизатұлының қазасына:
«Кәдірхан ақындардың серкесі еді,
Халқының қалаулы ұлы, еркесі еді.
Ақ жүрек, атан кескін, өр төс еді,
Айырылды арысынан өлкесі енді.
Еңбегі әлемге әйгі, елге еселі,
Ертеңде ел: «Өтіпті-ау бір ер» деседі», – деп, «Арыс ақын» деген тақырып қойып, өлеңмен Кәдірхан туралы өз жоқтау хатын жазған екен.
Кәдірхан Қизатұлының айтыс өнеріндегі әріптес досы, айтыскер ақын Гүлден Мүлікқызы да өзінің қимастық сезімдегі жоқтауын өлеңмен жеткізген екен. Соның бірер шумағын ұсына кетейік.
«...Аз болса да мынау өмір сапарың,
Бағалаған туған елің, Отаның.
Бөлек ед қадірің мен қымбатың,
Биік еді абыройың, атағың.
Мен айтпасам, болар қарыз мойныма,
Ешкімді де қоя алмаспыз орныңа.
Қалай қиып тапсырамыз ағайын,
Ақыныңды қара жердің қойнына?!.» – деп жазған екен.
Жалпы, Кәдірхан Қизатұлына осы секілді қимас сезіммен жазылған жоқтау хаттардың қолға келіп түскен қатары өте көп болды. Олардың барлығын тізбелеп жазып отыруды газет беті көтермейтіні анық. Ал танымал айтыскер ақын, Кәдағаңның замандасы Қайрат Құлмұхамедұлының «Кәдеш-ау, сенде кеттің бе?» деген шағын естелігі де ерекше жазылған екен. Сонымен қатар белгілі күйші Аршын Кәсімбайұлының «Кәдірхан ағамыз жастардың шабытына шабыт қосып отыратын» деген тақырыптағы еске алу жазбасы жұрт жүрегін толқытты. Ал ақын, журналист Қуаныш Ілиясұлы Кәдірхан ағасы туралы «Өнердің күміс көзді керегесі» атты шағын эссесін ұсыныпты. Ол жазбалардың баршасы баспасөз бетінде жарияланды.
Кәдірхан Қизатұлы бір ғана айтыс ақыны немесе күйші емес, өз дәуірінің үнін жеткізген, халықтың рухани жүгін арқалаған тұлға еді. Оның бойындағы дарын, парасат, адамгершілік қасиеттер – кейінгі ұрпаққа үлгі боларлық асыл мұра. Ол тірісінде өнерді дәріптеп, өзгелердің еңбегін ұлықтап өтсе, енді өзі сондай ұлықтауға лайық тұлғаға айналды.
Артында қалған мұрасы, жазған жырлары мен зерттеулері – қазақ руханиятының алтын қорынан орын алады деп сенеміз. Ал өзі жайлы жазылған сансыз жоқтаулар мен естеліктер – оның ел жүрегінен қандай орын алғанының айқын дәлелі.
Өмірден өткенмен, Кәдірхан Қизатұлының есімі мен еңбегі халық жадында мәңгі сақталады. Оның жарқын бейнесі, кең пейілі мен шынайы болмысы оны таныған әр адамның жүрегінде өмір сүре береді. Бұл – нағыз өнер иесіне берілген ең үлкен баға. Жаны жәннатта, орны жұмақта болсын!
Бір кездері айналасындағы асылдардың бәрін жоқтаған жоқшыны енді қараорман халқы, қалың жұрты жоқтайды.
Бейсен СҰЛТАНҰЛЫ,
журналист
Пікірлер (0)