1439 байланыс орталығы 39 мыңнан аса өтінішті қараған
Фотосурет: rmf.fm
Денсаулық сақтау министрлігі қазақстандықтардың қандай дәрілерді жиі сұрайтынын мәлім етті. 2025 жылдың 8 айында «СК-Фармация» ЖШС байланыс орталығының 1439 нөміріне 39 мыңнан аса қоңырау түскен. Бұл нөмірге барлық мобильді және стационарлық телефондардан қоңырау шалу тегін, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Азаматтар көбіне мына ауруларды емдеуге арналған дәрілер бойынша жүгінген:
- қант диабеті;
- эпилепсия;
- артериялық гипертензия;
- ревматоидты артрит;
- онкологиялық аурулар;
- созылмалы обструктивті өкпе ауруы;
- аритмия және шашыранды склероз.
Барлық өтініштер CRM жүйесіне тіркеледі. Онда сөйлесулердің жазбасы мен өтінішті өңдеу кезеңдері сақталады. Бұл жұмыс барысын ашық бақылауға және тиімділікті арттыруға мүмкіндік береді.

Байланыс орталығының операторлары – жоғары медициналық немесе фармацевтикалық білімі бар мамандар. Олар мемлекеттік және орыс тілдерінде білікті кеңес бере алады. Қоңырауларды қабылдау уақыты: жұмыс күндері – 09:00-ден 18:30-ға дейін, сенбі күні – 09:00-ден 13:00-ге дейін. Жексенбі – демалыс күні, – деді орталық басшысы Баян Рүстембекова.
1439 нөмірі бойынша дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдардың қолжетімділігі мен жеткізілуі туралы, сондай-ақ нақты медициналық ұйымдардағы дәрі қалдығы мен жөнелту кестесі туралы ақпарат алуға болады.
Сонымен қатар, 1439 – сенім телефоны. Азаматтар осы нөмірге дәрі-дәрмекпен қамту саласындағы сыбайлас жемқорлық фактілері жөнінде де хабарлай алады.
Денсаулық сақтау министрлігі «СК-Фармациямен» бірлесіп, тегін дәрілік қамтамасыз етуді жетілдіру бойынша жүйелі жұмысты жалғастырып келеді. Дәрілерді ақысыз алу амбулаториялық деңгейде – емханалар арқылы дәрігердің рецептімен, стационарлық деңгейде – ауруханаларда іске асады.
Пікірлер (0)