30 жыл бұрынғы бір сөз ажалға себеп болды
Сурет: Pixabay.com
Атыраудың 61 жастағы тұрғыны жұбайын атып өлтіргені үшін 15 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды janabastau.kz ақпарат агенттігі.
Қылмыстың түп-тамыры 1990 жылдардың ортасына барып тіреледі. Ол кезде ер адамның көршісі мас күйінде отырып, оның қыздарының бірі туған баласы емес деген әңгіме айтып қалған. Кейін көршісі бұл сөзін жоққа шығарғанымен, күдік ер адамның санасында қалып қойған.
Жылдар өте келе ол әйеліне сенімсіздік танытып, жиі ұрыс шығаратын болған. Ішімдікке әуестігі де күшейген. Биыл мамыр айының басында бірнеше күн қатарынан арақ ішкен ол, 6 мамыр күні түнде қызғаныштың жетегінде жұбайына оқ атты. Әйелі сол жерде көз жұмды.
Күдікті таңертең өзі полицияға хабарласып, жасаған ісін мойындады.
Сот оның әрекетін ҚР ҚК 99-бабының 2-бөлігінің 3-тармағы («Дәрменсіз күйдегі адамды өлтіру») бойынша саралап, судья Зарема Хамидуллина 15 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Пікірлер (0)