Әбиба Әбужақынова: "Көк туымызды желбіретуге уәде беремін"
Фотосурет qaz365.kz сайтынан алынды
Париж Олимпиадасында бесінші орын алған Әбиба Әбужақынова бүгін басқа дзюдошылармен бірге елге оралды. Оны Алматы әуежайында көпшілік ерекше ықыласпен күтіп алған. Дзюдошы бірнеше журналистің сұрағына жауап берді.
«Осылай күтіп алып жатқандарыңызға үлкен алғысымды білдіремін. Медальсіз қалдым. Бесінші орында. Бұйырса, Алла жазса, көк туымызды желбіретуге уәде беремі. Келесіде дайындалып, мықты болып ораламын», - деді ол.
Журналистер одан «сізге жеңіске жету үшін не жетпей қалды?» деп сұрады.
«Енді ғана жақсы күресіп келе жатқаныма екі-ақ жыл болды. Кішкене уақыт жетпеді. Қарсыластарым бұрыннан жүлдеген болып жүрген қыздар. 4 жыл маған бұйырса жетеді деп ойлаймын. 48 келіде қалам», - дейді ол.
Дзюдошыдан журналистер «бір сұхбатыңызда тұрмысқа шықпаймын депсіз, тұрмысқа шығу кедергі деп ойлайсыз ба?» деп сұрады.
«Негізі кедергі емес, ашуланып айтқанмын. Алдағы уақытта ойланып көрем», - дейді балуан.
Әбиба Әбужақынова қазан айында Абу-Дабиде өтетін сайысқа қатысады. Екі аптадай демалыс алып, қайтадан татамиге оралмақ.
«Тізем ауырып қалған. Қатты ауырмайды. Сіңіріміз созылған. Бір ай күреспеймін. Қазір сәл демалам, Атырауға барам. Маған бұл жарыс сынақ болды. Жеңілсем де қолдап жатыр. Баршаңызға көп рахмет», – деді ол.
Пікірлер (0)