Ахмет салған жол – кешегінің дыбысы, бүгінгінің дабылы
Руханият
510
Иммануил Канттың «кемеңгер тұлға – ұлт үлгісі» деген дәйек сөзіне сүйенсек, қандай да бір тұлға тұтас ұлттың болмысын өзгертуге, санасын оятуға немесе сол халықтың көшін бастар шырақшысы бола алатынына көзіміз жетер еді. Оған мысал ретінде өркениет жаршысы Әль-Фараби, дана Абай, Алтынсарин, Шоқан Уәлихановтарды айтуға болады. Ал, бүгінгі тілге тиек еткелі отырған шағын жазбамыз «Ұлт ұстазы» Ахмет Байтұрсынұлы хақында болмақ.
Ахмет Байтұрсынұлы қазақтың ақыны, әдебиет зерттеуші ғалым, түркітанушы, публицист, педагог, ағартушы, аудармашы, қоғам қайраткері, т.б салада өз орны бар ерек тұлға. Байтұрсынов сол өзі өмір сүрген қазақ қоғамында қандай білім кеңістігі болса, соның барлық түрін жетік меңгерген жан-жақты, универсал адам еді.
Ахметтің алғашқы аударма кітабы «Қырық мысал» немесе екінші шығарған өлеңдер жинағы «Маса» болсын өмірінің бастапқы тұсында ақындыққа бейім болғанын байқаймыз. Ал, бұйығы заманның сан тарауы Ахметті ақындық жолдан бір жолата алыстатпаса да, шығармашылық қуатын аңдатпай сарқып жатқан еді. Жалпы, Ахаң лирикалық тақырыптарға тұрақты қызығушылық танытып, табиғат жыршысы ретінде, үйіп-төгіп жыр-өлең жазған адам емес, ақындық жолды қуғаны да шамалы, алдына ақындық мақсат қоймаған да тәрізді. Ізденсе, әрине, үлкен ақын шығар еді. Бірақ, өнерден тыс, көркем шығармашылық сыртында, Ахаң атқаратын, басқа да жұмыстары көп тұғын, оны қазақтың қор боп жатқан, көп ғасырдан бері қордаланып келе жатқан әлеуметтік-экономикалық, мәдени-ағартушылық проблемалары күтіп тұрды. Бәрі – күйіп тұрған мәселелер. Әрі ұлт мұраты, халық мүддесі үшін саясатпен айналысуына тура келді. Қазақ түсінсін деген ниетпен патша заңдарын аударды, жұрттың биліктен ықпайтын зор күші арқылы қазақ мәселесін көтерді.
Ахметтің Қазақ кеңістігіне қосқан ең үлкен олжасы қазақ әліпбиі мен қазақ тілді оқулықтар еді. Ахаңның бастауында өзгелер «Байтұрсынов жазуы» дейтін «Қазақ жазуы» дүниеге келгеннен кейін қара халыққа қара танытып, сауатын ашуды басты мақсат тұтты. Басқа халықтар ұзақ тарихи жолында асықпай жүріп өткен қашықтықты (аралықты) қазаққа тар уақыт ішінде, ең қысқа тұстан, төтесінен қиып үйрету үшін «төте жазуды» қолданды. Бұл оқу ағарту идеясының басталуына сол кезеңдегі әрбір зиялы азамат өз әлінше үлес қосып, қазақ топырағында білім-ғылымның өркендеуіне үлкен мұрындық болды.
Ахмет Байтұрсынұлы жайлы айтылған данышпандардың пікірі өте көп. Бірақ, белгілі әдебиет зерттеушісі Зейнолла Қабдолов: «Біз бүгін Ахаңның «Әдебиет танытқышын» Аристотель «Поэтикасымен» салыстырар едік. Мұның мәнісі- екеуі де: бірі грек әдебиетінің, екіншісі қазақ әдебиетінің алғашқы әліп- билері”. Асылы, үздік қасиеттер бір-бірінен неғұрлым ерекше болса, бір-біріне солғұрлым ұқсас болады» деп дәйектейді сөзін. Амал қанша, сол Ахмет Грек топырағында дүниеге келгенде әлемге әйгілі философтардың бірі болар ма еді? «Метафизика», «Құдайлар туралы ілім» Байтұрсыновтың қиялында бүрлеп, әлемдік руханият Ахметтің сана биігінде ой өрістетер ме еді? Жауабы жоқ осындай тосын сауалдарға тап боласыз, ары қарай қиялымызға ерік беріп.
Қара орман халықтың, қалың ұйқыда жатқан қарға тамырлы қаймана қазақтың қат-қабат қайғысын көріп, елдің мұң-мұқтажын, тұтас бір дәуірдің дүбірін, арманына асыға қол созған жас ұлттың жан дауысын сезініп, ұлы даланы иемденіп, ен жайлап жүрген ұлыстың тарихи драмасында бірге өмір сүру Ахмет үшін өте ауыр әрі зор қасіреті еді, «Ақыл алтау, ой жетеу» болды. Сол үшін қанын, жанын сарқып ел үшін жүмыс жасады, тер төкті. 1916 жылдағы қан жылаған қазақ баласына істеген көмегі, Алашорда үкіметінде жасаған қисапсыз еңбектері соның айқын дәлелі.
Бүгінде Қазақ мектебінің іргетасын қалаған Ахмет Байтұрсынұлы жайында айтылатын сөз, шертілетін сыр таусылмақ емес! Ахмет салған жол кешегінің дыбысы, бүгінгінің дабылы. Ұлық тұлғамызды ұлықтау _ ұлттық болмысымыздың сусынына қанып ішкен әр бір адамның азаматтық борышы деп білеміз!
Пікірлер (0)