Айбек Қайыржанов: Жас ғалымдар халықаралық стандарттарға сай жұмыс істеуі керек

Жаңалықтар
view 23
news

Фотосурет: Шымкент қаласының әкімдігі

Бүгінде ғылыммен айналысамын деген адамға мемлекет тарапынан жасалып жатқан мүмкіндік мол. Әсіресе билік 35 жасқа дейінгі жас зерттеушілерге қолдау танытып отыр. Ол қандай қолдау, нендей мүмкіндік, т.б. сұрақтарды біз ғылым саласының сарапшысы, профессор Айбек Қайыржановқа қойып көрдік, деп жазады JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.

– Айбек Кеңесұлы, соңғы жылдары жас ғалымдарға мемлекеттік қолдау күшейіп келеді. Алдымен жалпы бағыт туралы айтып өтсеңіз...

– Иә, мемлекет ғылым жүйесін жаңғыртуда жастардың рөлін ерекше атап өтіп отыр. Соңғы жылдары ғылыми кадрларды бекітуге, жас зерттеушілерді тартуға бағытталған бірнеше жаңа бағдарлама іске қосылды. Мақсат – талантты жастарды шетелге шығып кетпей, ел ішінде ғылыммен айналысуға ынталандыру және олардың зерттеу инфрақұрылымына қолжетімділігін арттыру.

Сонда жас ғалымдарға нақты қандай қолдау тетіктері бағытталып отыр?

– Бірнеше негізгі бағыт бар. Жеке-жеке тоқталып өтсем, жас ғалымдарға арналған, оның ішінде 35 жасқа дейінгі зерттеушілерге 3 жылдық мерзімге берілетін гранттар бар. Грант көлемі бірнеше миллионнан бастап, тақырыптың ерекшелігіне қарай көбейеді. Ал «Жас зерттеуші» жобасы жастардың өз ғылыми тобын қалыптастыруына, зертханалық базаға қол жеткізуіне мүмкіндік береді. Докторантура мен магистратураға кеңейтілген стипендиялық бағдарламалар да іске қосылған. Ол талантты студенттердің ғылымға ерте араласуына жағдай жасайды. Соңғысы – ғылым мен өндіріс арасын жақындату құралдары. Бұл ретте жас ғалымдардың стартаптары мен прототиптерін кәсіпорындарға енгізу үшін инновациялық гранттар қарастырылған.

– Жас ғалымдардың ғылыми инфрақұрылымға қолжетімділігі мәселесі бұрыннан айтылып жүр. Қазір бұл бағытта не өзгерді?

– Соңғы жылдары ұлттық ғылыми зертханаларға кіру талаптары жеңілдетілді. Университеттік зертханалар мен ғылыми орталықтар жас зерттеушілерге жабдықтарды тегін немесе жеңілдетілген тәртіппен ұсына бастады. Бұған қоса, цифрландыру нәтижесінде көптеген ғылыми дерек базасына ашық қолжетімділік пайда болды. Бұл зерттеу жұмыстарын жылдамдатып, халықаралық стандарттарға сәйкес жүргізуге мүмкіндік береді.

Осындай мемлекеттік қолдаулар жастарды ғылымда ұстап қалуға жеткілікті ме? Әлде қосымша шаралар қажет пе?

– Қолдау бар, бірақ әлі де күшейтуді қажет ететін бағыттар жетерлік. Мысалы, ғалымдардың әлеуметтік жағдайын жақсарту, ғылымдағы жалақы деңгейін көтеру, шетелдік тағылымдамаларды көбейту қажет. Жас ғалымдардың халықаралық жобаларға қатысуын жүйелі түрде қолдаған дұрыс. Егер осы бағыттар кешенді түрде жалғаса берсе, біз жас зерттеушілерді ел ішінде ұстап қала аламыз және жаһандық ғылымға интеграцияны жылдамдатамыз.

– Жас ғалымдардың басты проблемалары қандай?

– Негізгі мәселелерді былай жіктеуге болады:

Қаржыландырудың тұрақсыздығы. Жобалар көбіне қысқа мерзімдік, ал ғылым ұзақ уақыттық жоспарлауды қажет етеді.

Ғылыми ортадағы бәсекелестіктің төмендігі. Жас ғалымдар үшін ашық ғылыми конкурс санын көбейту керек. Халықаралық коллаборацияға қатысу мүмкіндігінің шектеулілігі.

Ғылым мен өндіріс байланысының әлсіздігі. Бұл ретте жас зерттеушілердің идеялары нарыққа сирек шығады.

– Кейінгі ізбасарларыңызға қандай кеңес берер едіңіз?

– Біріншіден, халықаралық стандарттарға сай жұмыс істеу керек. Ағылшын тілінде мақалалар жариялау, шетелдік журналдармен және зерттеу топтарымен байланыс орнату маңызды дер едім. Екіншіден, мемлекеттік гранттарды барынша пайдалану, өтінім жазу мәдениетін игеру қажет. Үшіншіден, инновациялық ойлауды дамыту арқылы ғылымның тек теория емес, нақты шешімдер мен технологияларға бағытталғанын түсіну керек.

– Әңгімеңізге рақмет. 

Сұхбаттасқан Ғали ТӨЛЕК

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *