Аида Балаева «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының жеңімпаздарын марапаттады
Фото: Ресми дерекөзден
Астанада Халықаралық жастар күні аталып өтті. Салтанатты іс-шара аясында «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының жеңімпаздары марапатталды, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Елордаға еліміздің әр өңірінен бизнес, ғылым, мәдениет, медиа, ақпараттық технологиялар және волонтерлік салалары бойынша үздік деп танылған 30 жобаның авторы келді. Олардың әрқайсысына өз идеясын жүзеге асыру үшін 3 миллион теңге көлеміндегі грант сертификаты табысталды.
Қазақстан Республикасы Президентінің Халықаралық жастар күніне арналған құттықтауын ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева оқып берді. Мемлекет басшысы құттықтауында бүгінде еліміздің барлық саласында түбегейлі реформалар жүргізіліп жатқанын атап өтті. Жалпыұлттық референдумда халқымыз бірауыздан қолдаған жаңа Конституция ауқымды өзгерістерге тың серпін беріп, Қазақстанның одан әрі дамуы мен өркендеуіне жол ашты.
«Жастарды қолдау саясаты мемлекетіміз үшін әрдайым негізгі басымдық болып қала береді. Қазіргі таңда республикамыздың әр аймағында көптеген мектептер, спорт нысандары, даму орталықтары салынып жатыр. Ауқымды жобалар қолға алынып, дарынды жастарға жан-жақты қолдау көрсетілуде. Бүгін табысталатын «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты – соның жарқын көрінісі. «Жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпарды» анықтайтын үздіктер сайысы озық ойлы, отаншыл, білімді әрі еңбекқор азаматтардың басын қосып отыр», – делінген құттықтауда.
Аида Балаева Мемлекет басшысының құттықтауы жас ұрпаққа көрсетілген айрықша ілтипаттың ғана емес, оларға артылған зор сенім мен ел болашағы үшін жүктелген жоғары жауапкершіліктің де көрінісі екенін атап өтті.
«Мемлекет басшысының жастарға деген қамқорлығы арнайы бағдарламалар мен қолдау шараларымен ғана шектелмейді. Ең бастысы – біз ертең өмір сүріп, еңбек етіп, елдік шешімдер қабылдайтын ұрпақ үшін бүгін қандай мемлекет қалыптастырып жатқанымызда. Президенттің стратегиялық бағыты уақытша күн тәртібін емес, Қазақстанның болашаққа арналған ұзақмерзімді даму негізін айқындайды. Бүгінде еліміздің жаңа даму кезеңінде жастарға үлкен сенім артылып отыр. Себебі білімге ұмтылатын, жаңа идеядан қорықпайтын, өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын жас ұрпақ – мемлекеттің ең маңызды капиталы. Мемлекет басшысы жастар мәселесін жеке бір саланың шеңберінде емес, бүкіл мемлекеттік саясаттың болашақ өлшемі ретінде қарастырады. Президент қолға алған саяси, экономикалық және қоғамдық жаңғырулардың түпкі мақсаты – келесі ұрпақтың қуатты, қауіпсіз және әділетті елде өмір сүруіне жағдай жасау», – деді Үкімет басшысының орынбасары.
Сонымен қатар Аида Балаева кейінгі бес жылда Қазақстанда 1,5 миллионға жуық жас жұмыспен қамтылғанын атап өтті. 192 мың жас кәсіпкерлік негіздерін меңгеріп, 23 мыңға жуық азамат өз кәсібін ашу үшін мемлекеттік грант алған.
«Наурыз», «Отау» және өңірлік ипотекалық бағдарламалар аясында 13 мыңға жуық жас баспаналы болуға мүмкіндік алды.
Айта кетейік, 2026 жылы «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантына 2200-ден астам өтінім түсті. Оның 1745-і конкурс талаптарына сай деп танылып, қарауға жіберілді. Атап айтқанда, «Бизнес» бағыты бойынша – 663, «Ақпараттық технологиялар» бойынша – 383, «Ғылым» бойынша – 218, «Мәдениет» бойынша – 174, «Медиа» бойынша – 158 және «Волонтерлік» бағыты бойынша 149 өтінім қабылданды.
«Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты талантты жастарды қолдау мақсатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2021 жылы тағайындалған.
Грант жүзеге асырылған кезеңнен бері оның иегері атанған жас қазақстандықтардың жалпы саны 153-ке жетті.
Пікірлер (0)