Әйгілі BBC алып қашудың құрбаны болған қазақстандық әйел туралы жазды

Жаңалықтар
view 1760
news

Фотосурет: дереккөз

Әйгілі BBC халықаралық басылымы қыз алып қашу дәстүрінің құрбаны болған қазақстандық әйел туралы мақала жариялады, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі MadeniPortal.kz-ке сілтеме жасап.

Материалда Клара есімді әйелдің өмір жолы арқылы Орталық Азияда әлі де кездесетін мәжбүрлі неке мәселесі кеңінен қозғалған.

BBC мәліметінше, Клара 16 жасында ұрланып, бұрын-соңды көрмеген, өзінен 11 жас үлкен ер адамға тұрмысқа шығуға мәжбүр болған. Бұл оқиға шамамен 30 жыл бұрын, ол Қазақстанның оңтүстігіндегі анасының ауылына, туыстарына қонаққа барған кезде болған.

Клараның айтуынша, оны туыстары «қонаққа барамыз» деген сылтаумен алып кетіп, болашақ күйеуінің үйіне апарған. Сол үйдің табалдырығын аттағаннан кейін, дәстүр бойынша, ол қайтадан өз үйіне орала алмаған.

Мақалада Клара сол кезеңде қыз балалардың ата-ананың айтқанынан шығуға болмайтыны туралы тәрбие алғанын, ал «алып қашылған қыз кері қайтса, бүкіл әулетке ұят болады» деген түсініктің кең тарағанын айтады. Осы себепті оның ата-анасы, әсіресе анасы қарсы шыққанмен, отбасына сөз келмес үшін бұл некеге келісуге мәжбүр болған.

BBC Клараның жағдайы салыстырмалы түрде сәтті аяқталғанын атап өтті. Ол жаңа отбасымен тіл табысып, мейірбике мамандығын меңгерген, бүгінде 5 баланың анасы. Алайда басылым көптеген осындай мәжбүрлі некенің соңы тұрмыстық зорлық-зомбылық пен қайғылы тағдырға ұласатынын ескертеді.

Сондай-ақ мақалада 2025 жылдың қыркүйегінде Қазақстанда мәжбүрлі некеге, оның ішінде қыз алып қашуға тыйым салатын заң қабылданғаны айтылған. Жаңа заңға сәйкес, қалыңдық ұрлау қылмысы үшін ең төменгі жаза – 2 жылға, ал ең жоғары жаза – 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру.

Адам құқығы жөніндегі заңгер Халида Әжіғұлованың пікірінше, бұл заң – көптен күткен маңызды қадам. Ол заң тек қызды ұрлап әкеткен адамға ғана емес, сонымен қатар қалыңдыққа қысым көрсеткен туыстары мен басқа да қатысушыларға қолданылатынын атап өткен. Мұндай әрекеттер қылмыстық топ ретінде бағалануға тиіс.

BBC бұл заңды Қазақстандағы адам құқығын қорғау саласындағы елеулі өзгеріс деп атап, құқық қорғаушылардың бұл үшін 20 жылдан аса уақыт бойы күрескенін жазған.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *