Әкімдер «Ақылды» қалалар мен ауылдарды дамытуға құлықсыз - Қ.Тоқаев
Сурет: Ашық дереккөз
«Елді мекендердегі тұрмыс сапасын жақсарту үшін озық технологияларды көбірек пайдалану қажет. Біздің қалаларымыз, тіпті ауылдарымыз да смарт стандартына сай болуы керек. Бұл – Үкімет пен әкімдер басымдық беруге тиіс бағыттардың бірі. Бірақ осы жұмыспен облыс басшыларының ешқайсысы білек сыбанып айналыспайды. Сондықтан нәтиже жоқ. Бұл туралы президент Алматыда ғалымдармен кездесу барысында айтты, деп хабарлайды janabastau.kz.
Оның айтуынша, Алматы облысында салынып жатқан Alatau City «ақылды қаланың» жарқын үлгісіне айналуы қажет. Бұл қала сингапурлық Surbana Jurong консалтингтік компаниясының қатысуымен салынып жатыр. Шаһар өмір сүруге, бизнес жүргізуге ыңғайлы әрі жетекші халықаралық іскерлік хабқа айналуы керек. Аталған жоба Қазақстанның экономикалық дамуына тың серпін береді.
«Отандық ғылымның тағы бір маңызды міндеті – табиғи және техногенді сипаттағы төтенше жағдайларды болжау әрі оның алдын алу. Кейінгі жылдары еліміз су тасқыны, сейсмикалық қауіп, энергетикалық ақау, құрғақшылық және эпидемия сияқты күрделі сын-қатерлермен бетпе-бет келді», – деді президент.
Жуырда болған алапат тасқын салдарынан ондаған мың отбасы зардап шекті. Көптеген адам дүние-мүлкінен айырылды. Экономикаға орасан зор зиян келді. Апат салдарын жоюға Төтенше жағдайлар министрлігінің барлық күш-құралдары жұмылдырылды және басқа да күштік құрылымдардың жеке құрамы қатысты. Су тасқыны кезінде 120 мыңға жуық адам, оның ішінде 45 мың бала құтқарылып, эвакуацияланды. Батылдық пен қызметтік міндеттеріне адалдықтың нағыз үлгісін көрсеткен төтенше жағдайлар және құтқару қызметінің барлық қызметкеріне алғыс айтқым келеді»
Пікірлер (0)