Әлем чемпионы атағына талас: Бибісара бірінші орында
Фото: FIDE
Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева үміткерлер турнирінде қатарынан екінші жеңісіне қол жеткізіп, көш басына шықты. Бұл нәтиже отандасымызға әлем чемпионы атағы үшін таласуға жол ашып отыр, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Турнирдің 13-турында Бибісара украиналық шахматшы Анна Музычукпен кездесті. Бұл ойынға дейін екі спортшы да турнир кестесінде 3–4-орындарды бөлісіп тұрған еді. Ақ тастармен ойнаған қазақстандық шахматшы сенімді ойын өрнегін көрсетіп, қарсыласынан басым түсті. Осылайша, ол турнирдегі төртінші жеңісін тіркеді.
Аталған жеңістен кейін Бибісара Асаубаева 7,5 ұпаймен үндістандық Вайшали Рамешбабумен бірге бірінші орынға көтерілді. Ал үшінші сатыда 7 ұпаймен қытайлық Чжу Цзиньэр тұр.
Шешуші соңғы тур 15 сәуірде өтеді. Бұл жолы Бибісара үндістандық Дивья Дешмукхпен шеберлік байқасады. Айта кету керек, турнирдің алтыншы турында қазақстандық шахматшы осы қарсыласына жол берген болатын.
Егер жарыс қорытындысында бірінші орындағы шахматшылардың ұпай саны тең түссе, 16 сәуірде тай-брейк ойнатылады. Ал үміткерлер турнирінің жеңімпазы қазіргі әлем чемпионы, қытайлық Цзюй Вэньцзюнмен әлем тәжі үшін матч өткізу құқығына ие болады.
Пікірлер (0)