Әлеуметтік көмек пен еңбек құқығына цифрлық бақылау күшейеді

Жаңалықтар
view 70
news

Фото

Қазақстанда әлеуметтік көмекті тағайындау мен еңбек құқықтарының сақталуын бақылауда цифрлық жүйелердің рөлі күшеймек. Премьер-министр Олжас Бектенов еңбек және халықты әлеуметтік қорғау саласын цифрлық трансформациялау мәселелері бойынша кеңес өткізіп, бірқатар жаңа міндет қойды, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

 

Жиында мемлекеттік көмектің нақты мұқтаж азаматтарға жетуі, әлеуметтік төлемдердің ашықтығы және кәсіпорындардағы еңбек заңнамасының сақталуын цифрлық құралдар арқылы бақылау мәселелері қаралды.

 

Премьер-министр әлеуметтік-еңбек саласындағы реформаның негізгі мақсаты — қолдау шараларының нақты нәтижесін көру екенін атап өтті.

 

20 млн азамат туралы дерек бір жүйеге жинақталған

 

Қазір «Отбасының цифрлық картасында» 30-дан астам мемлекеттік ақпараттық жүйеден алынған 20 млн-нан астам азамат пен 6,2 млн үй шаруашылығы туралы мәлімет біріктірілген.

 

Жүйе отбасының әл-ауқатын бағалап, мемлекеттік қолдауға мұқтаж азаматтарды анықтауға мүмкіндік береді. Бұл деректерді жергілікті атқарушы органдар азаматтардың нақты тұрмыс жағдайын ескере отырып қосымша тексереді.

 

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2025 жылы 480 355 мұқтаж отбасының тұрмыс жағдайы жақсарған. 2026 жылдың басынан бері тағы 464 158 отбасы әл-ауқаты жоғары санатқа ауыстырылған.

 

200-ден астам адам жәрдемақыдан өзі бас тартқан

 

Әлеуметтік төлемдерді нақты мұқтаж адамдарға бағыттау мақсатында үй шаруашылықтарын тексеру жұмыстары да жүргізіліп жатыр.

 

Тұрмысы жоғары азаматтарға қатысты өзгерістер әлеуметтік төлемдердің 36 түрінің 14-іне ғана қолданылмақ. Қалған 22 төлем бойынша қазіргі тәртіп сақталады.

 

Ал әлеуметтік қолдауға шын мәнінде мұқтаж азаматтар үшін мемлекеттік көмек бұрынғы көлемде жалғасады.

 

SMS-хабарламалар жіберілгеннен кейін 200-ден астам азамат жәрдемақыға мұқтаж еместігін айтып, төлемнен өз еркімен бас тартқан.

 

Енді мұндай мүмкіндік eGov Mobile арқылы да берілуі мүмкін. Еңбек министрлігі әлеуметтік төлемнен онлайн түрде ерікті бас тартуға арналған жаңа сервисті таныстырды.

 

66 әлеуметтік көмек түрі қайта қаралды

 

Бірыңғай цифрлық платформа аясында жергілікті атқарушы органдар ұсынатын 66 әлеуметтік қолдау шарасына ревизия жүргізілген.

 

Соның ішінде 38 шара қайталанатын функцияларға байланысты оңтайландырылды. Қалған 28 шара 13 ірі бағытқа біріктірілді.

 

2026 жылдың маусымынан бері платформа арқылы 55 мыңнан астам өтініш түсіп, олардың жалпы сомасы 2,5 млрд теңгеден асты. 1,8 млрд теңгеден астам қаражатқа өтініш мақұлданған.

 

99 мыңнан астам кәсіпорын цифрлық бақылауда

 

Жиында еңбек құқықтарының сақталуына да ерекше назар аударылды.

 

Қазір Цифрлық еңбек тәуекелдері картасы арқылы штаты 10 адамнан асатын 99 мыңнан астам кәсіпорын тұрақты түрде бақыланады.

 

Жүйе кәсіпорындардың жағдайын 80-нен астам көрсеткіш бойынша талдайды.

 

Нәтижесінде 2 792 кәсіпорын жоғары тәуекел тобына, 3 137 кәсіпорын орташа тәуекел тобына енгізілген.

 

Олардың арасында міндетті төлемдерді кешіктіру, еңбекақы деңгейіндегі айырмашылықтар, ең төменгі жалақы талаптарын сақтамау және еңбек заңнамасына қатысты өзге де тәуекелдер бар.

 

Жасанды интеллект 183 мыңнан астам өтінішті талдаған

 

Атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау кезінде де жасанды интеллект элементтері қолданылып жатыр.

 

Компьютерлік көру технологиясы арқылы 183 мыңнан астам өтініш өңделген. Жүйенің дәлдігі 89 пайыздан асады.

 

Дегенмен жасанды интеллектінің қорытындысы түпкілікті шешім болып саналмайды. Оның бағасы тек ұсынымдық сипатта, ал атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау туралы соңғы шешім қолданыстағы тәртіп бойынша қабылданады.

 

Олжас Бектенов Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігімен бірлесіп, жаңа цифрлық шешімдерді бірыңғай жүйеге біріктіруді тапсырды.

 

Сонымен бірге азаматтардың дербес деректерін қорғау мен ақпараттық қауіпсіздік талаптарының сақталуына ерекше назар аудару міндеттелді.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *