“Аптап ыстықта судан таршылық көруде”: Ақтау әкімі көлік жуу орталықтарының жұмысына шектеу енгізді

Жаңалықтар
view 211
news

Сурет: видеодан скрин

Ақтаулық жүргізушілер қалада су тапшы болғандықтан енді көліктерін түске дейінгі уақытта ғана жуа алады. Бұл туралы Janabastau.kz 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Аптап ыстықта ақтаулық тұрғындар ауыз судан таршылық көріп отыр. Осы мәселені шешу үшін қала әкімі көлік жуу орталықтарының жұмыстарына шектеу қойды. Сәйкесінше, кәсіпкерлер шаһар басшысының бұл шешіміне наразы. 

“Суды қарау керек, себебі көлік жуу орындары суды қаншалықты пайдаланады? Менің үш бокстық орталығым бар. Айына пайдаланатын суым күніне 10 сағат жұмыс істегенде 4-5 пәтердің ақшасы ғана кетеді, 50 мың теңге. Көп су қолданбаймыз. Соны түсінбейді”, – дейді кәсіпкер Насихат Мұңалбаев.

Ал Ақтау әкімі Ұлықбек Тінәлиев көлік жуу орталықтарының жұмыстарына шектеу қою арқылы суды үнемдеуге болатынына сенімді.

“Себебі бізде су кодексіне байланысты ауыз суды техникалық мәселеге пайдалануға болмайды. Бірақ ертеректе техникалық шарттар берілгендіктен олар жұмысын жасап жатыр. Оларға да бірқатар ұсыныстар берілді. Уақытын шектеуге таңертең 8-ден түскі сағат 1-ге дейін. Сондай графикке өтіп, кешкі мезгілде тұтыну көбейетін болғандықтан тұрғындарға бірінші кезекте сумен қамтамасыз ету мәселесі алға қойылып жатыр”, – дейді әкім.

Жергілікті тұрғындар тым болмаса қала басшысы шағынаудандарға ауызсу жеткізілуін қамтамасыз етеді деген үмітте.

“Үш жыл болды әр жазда су проблема. Сол үш жылда қайта-қайта жөнделіп жатыр. Егер шынайы жаны ашитын болса, осы халықты неге бір емес, үш водовозбен қамтамасыз етпейді? Біз де адамбыз ғой олар сияқты, дұрыс емес пе”, – дейді ашынған ақтаулық тұрғын Гауһар Башиева.

13 маусымнан бастап Ақтаудың 23 шағынауданына су кестемен берілетін болды. Жауаптылар түнгі 23:00-ден таңғы 6-ға дейін су қысымын төмендетеміз деп отыр. Жалпы Ақтаудағы ауыз су мәселесін шешу мақсатында тәулігіне алты мың текше метр су тұшытатын қондырғылар іске қосылмақ.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *