Қазақстандықтар 59 күнде 1,1 миллионнан астам кітап оқыды: республикалық марафон тарихи межеден асты

Жаңалықтар
view 61
news

Фотосурет ашық дереккөз

Қазақстанда ұйымдастырылған «Кітап оқитын ұлт» республикалық марафоны миллион кітап межесінен асып, ауқымды нәтижеге қол жеткізді. Небәрі 59 күн ішінде қатысушылар 1 102 560 кітап оқып, әр шығарма бойынша өз пікірлерін қалдырған. Жоба оқушылар мен студенттерді, ұстаздарды, мемлекеттік қызметшілерді және түрлі сала мамандарын біріктіріп, кітап оқуды жалпыұлттық қозғалысқа айналдырып келеді деп, JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ұйымдастырушылар ұсынған мәліметке сәйкес, марафонға қатысушылар күн сайын орта есеппен 18 мыңнан астам кітап оқыған. Әр оқылған шығармаға жеке пікір жазылып, жалпы саны 1 102 560 пікір тіркелген.

Сонымен қатар қатысушылар әлеуметтік желілерде кітап туралы 64 177 бейнепікір жариялаған. Бұл бейнематериалдар арқылы оқырмандар өз әсерлерімен бөлісіп, әдеби шығармаларды кеңінен насихаттауға үлес қосып келеді.

Марафон басталғалы қатысушылардың жинаған жалпы ұпайы 260 миллионға жеткен.

Кітап оқу жалпыұлттық қозғалысқа айналып келеді

Жобаның басты ерекшелігі – оған әртүрлі жастағы және сан алуан мамандық иелерінің қатысуы. Олардың қатарында мектеп оқушылары, жоғары оқу орындарының студенттері, педагогтер, мемлекеттік қызметшілер, зиялы қауым өкілдері мен тұтас отбасылар бар.

Қатысушылар тек кітап оқумен шектелмей, шығармалардың мазмұнын талқылап, өз ойларын ортаға салады. Осылайша әдебиетке деген қызығушылық әлеуметтік желілер мен күнделікті қарым-қатынас арқылы кеңінен таралып жатыр.

Үздік 10 оқырман республикалық деңгейде анықталады

Марафон аясындағы 15 кітап оқу кезеңі 2027 жылғы 9 наурызға дейін жалғасады.

Оқу кезеңдері аяқталғаннан кейін қатысушылар арнайы тестілер мен зияткерлік квиздерге қатысады. Сынақтардың қорытындысы бойынша республикалық деңгейде «Жылдың 10 оқырманы» анықталады.

Бұл кезеңдер қатысушылардың кітап мазмұнын қаншалықты меңгергенін және оқыған шығармаларын түсіну деңгейін бағалауға бағытталған.

Абай облысында 37 мыңнан астам кітап оқылған

Республикалық марафон аясында Абай облысының тұрғындары да белсенділік танытып отыр.

Өңір қатысушылары 37 504 кітап оқып, 9,46 миллион ұпай жинаған. Ең белсенді қатысушылар қатарында оқушылар, педагогтер және мемлекеттік қызметшілер бар.

Аумақтық көрсеткіштер бойынша Семей қаласы, Үржар және Аягөз аудандары алдыңғы қатарда келеді.

Марафонның Абай облысы бойынша жобалық офисінің жетекшісі, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Мерей Қарт жобаның қоғамдағы кітап оқу мәдениетін дамытуға ықпал етіп жатқанын атап өтті.

«Абай атамыз білім мен кітапты адамды тәрбиелейтін ең үлкен күш деп білді. Бүгін ұлы ақынның сөзі жаңғырып тұрғанын көріп отырмыз: кітапты оқушы да, ұстаз да, мемлекеттік қызметші де қолға алды. Кітапханаларға келушілердің артуы — марафонның жай ғана көрсеткіші емес, адамдар санасындағы өзгерістің белгісі. Кітап оқитын ұлт — болашағын өзі жазатын ұлт», — деді Мерей Қарт.

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, марафонның негізгі мақсаты – қоғамда тұрақты кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, оқырмандардың интеллектуалдық әлеуетін арттыру және әдебиетке деген қызығушылықты күшейту.

Миллионнан астам кітаптың оқылуы жобаның алғашқы ірі нәтижелерінің бірі болды. Алдағы кезеңдерде қатысушылардың белсенділігі мен зияткерлік сынақтардың қорытындылары республикалық марафонның түпкі нәтижесін айқындайды.

 

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *