«АҚ НАН» КӘСІПОРНЫНДА ЕҢБЕК АДАМЫНЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ МЕН ЖАҢА РЕФОРМАЛАР ТАЛҚЫЛАНДЫ
Фотосурет: дереккөз
Шымкент қаласындағы нан-тоқаш өнімдерін шығаратын ірі өндіріс ошағы «АҚ НАН» ЖШС ұжымында Конституциялық реформаларды қолдау жөніндегі Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығының төрағасы Бауыржан Алтеев мүшесі болып табылатын Коалициялық топтың жұмысшылармен кезекті жүздесуі ұйымдастырылып, кәсіпорын қызметкерлерімен еркін форматта пікір алмасты, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ.
Басқосудың ерекшелігі – теориялық ақпараттан гөрі, практикалық мәселелерге басымдық берілді.
Коалиция мүшелері Ата заңға енгізілетін өзгерістердің қарапайым еңбек ұжымдары үшін қандай нақты мүмкіндіктер беретінін түсіндіріп өтті және Жаңа Конституция жобасы аясында жұмысшылардың әлеуметтік кепілдіктерін нығайту, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету және азаматтардың өз құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдіру бағыттарына тоқталды.
«АҚ НАН» ұжымы тарапынан қойылған сауалдар негізінен заң үстемдігі, әлеуметтік әділеттілік және өндірістегі тұрақтылықты сақтау мәселелеріне қатысты болды.
Қатысушылар реформалардың ел экономикасы мен халықтың әл-ауқатына тигізер оң әсеріне сенім білдірді. Жиын соңында Коалиция мүшелері ұжым мүшелерін ел тарихындағы маңызды кезеңде азаматтық белсенділік танытуға шақырды.
Кездесу қатысушылары мұндай тікелей диалог алаңдарының саяси сауаттылықты арттырып, еңбек ұжымдары арасындағы ауызбіршілікті нығайтуға септігін тигізетінін жеткізді.


Пікірлер (0)