Ақмола облысы суару маусымын тұрақты өткізіп жатыр

Жаңалықтар
view 24
news

Фото: Ресми дереккөз

Өңірде су шаруашылығы жағдайы тұрақты. Су қоймаларындағы қор ағымдағы вегетациялық кезеңді өткізуге жеткілікті, су тапшылығы байқалмайды. Бұл туралы брифинг барысында Есіл бассейндік су инспекциясының басшы міндетін атқарушысы Айбек Сарсенов мәлімдеді, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.

31 шілдедегі жағдай бойынша өңірдегі үш су қоймасында 648 млн текше метрден астам су жиналған. Олардың орташа толымдылығы 96,3 пайызды құрайды. Судың ең көп көлемі Астана және Сілеті су қоймаларында шоғырланған.

«Көктемгі су тасқыны кезеңі аяқталғаннан кейін су қоймаларында қажетті су қоры қалыптасты. Бүгінде бұл қор экономиканың барлық салаларының қажеттілігін қамтамасыз етуге жеткілікті. Вегетация кезеңінде су тапшылығы байқалмайды», – деді Айбек Сарсенов.

Биыл өңірде суармалы жерлердің көлемін 33,7 мың гектарға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Суару маусымын қамтамасыз ету мақсатында Ақмола облысында арнайы су пайдалануға 101 рұқсат берілген. Инспекция белгіленген лимиттердің сақталуын бақылап, суды заңсыз алуға жол бермейді.

Суды ұтымды пайдалану да негізгі бағыттардың бірі болып қала береді. Инспекция бақылау жүргізетін кәсіпорындардың басым бөлігінде айналымды және қайта сумен жабдықтау жүйелері енгізілген.

Сонымен қатар инспекция су заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылауды жалғастыруда. Жыл басынан бері жеті айда 42 әкімшілік іс қозғалған. Оның алтауы бойынша шешімді сот органдары қабылдайды.

Су инфрақұрылымын дамытуға да ерекше көңіл бөлінуде. Ақмола облысында 2024–2028 жылдарға арналған Су саласын дамытудың кешенді жоспары аясында бірқатар жоба іске асырылып жатыр. Атап айтқанда, Астана, Қоянды, Подлесное және Иванов су қоймаларын реконструкциялау жұмыстары жалғасуда. Сонымен қатар бөгеттерді қайта жаңарту шаралары жүргізілуде.

«Қазір жоспарланған іс-шаралардың уақтылы орындалуын қамтамасыз ету, жобалау жұмыстарын және гидротехникалық құрылыстарды тексеруді аяқтау маңызды. Бұл су шаруашылығы инфрақұрылымының сенімділігін арттырып, оның тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз етеді», – деді спикер.

Жалпы, Есіл бассейндік су инспекциясының мәліметінше, өңірдегі су ресурстарының жағдайы тұрақты. Вегетация кезеңінде негізгі назар суды тиімді пайдалануды бақылауға және ауыл шаруашылығының қажеттіліктерін қамтамасыз етуге бағытталған.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *